Тұлға

Қарашаңырақтың жарық шырағы

Қалада қанша жыл тұрақтап қалса да қыр баласының аңсары ауылға ауады да тұрады. Әсіресе, көктем шыға қала шуылынан шаршаған, қыстың ызғарлы аязы мен гуілдеген боранынан, торғайдың тар ұясындай үйлерінен көшеге шыға алмай көгілдір экранға телміріп уақытын өткізген зейнеткерлер мамыражай мамыр айының аяғында немерелерін ертіп, ауылға қарай асыға жөнеледі. Қалаға келіп тұрғандарына он жылдың жүзі болған құдаларым Төлеген мен Ұлжан биыл тым ерте асықты. Оның себебі де жоқ емес…

Екеуі де көп жылдар бойы Төкеңнің кіндік қаны тамған Нұра өңірінде абыройлы еңбек етті. Төлеген құда алдымен Балықтыкөл ауылында, кейіннен Кертіндіде құрылыс саласында прораб, Ұлжан құдағи мектепте мұғалім болып шәкірттер тәрбиеледі. Биылғы жылдың көктемінде Кертінді ауылына асыға аттануы, осыдан он жыл бұрын өзі сөз сөйлеп, ақ батасын берген мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер алғашқы қоңырауда биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге аттанып барады. Ұстаздық жүрегіндегі балаларға деген махаббаты сол «тарыдай болып оқушы атанып, он жыл білім алып таудай болып» алтын ұясынан аттанып бара жатқан балапандарын көргісі келіп жолға шықты.

Жаңаарқа ауданының, Ералиев ауылында өмірге келді. 1966 жылы Ақмола облысының, Қорғалжын кентінде он бір жылдық мектепті бітіріп, Қарағанды мемлекеттік университетінің химия-биология факультетіне түсіп, 1971 жылы бітіріп шықты. Сол жылы туған ауылында мамандығы бойынша ұстаз болып қызметін бастады. «Жас келсе іске» дегендей, жас маман ауыл өміріне бірден араласып кетті. Сабақтан босай сала ауыл көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, бірнеше драмалық қойылымдарда ойнап көрермендердің көңілінен шығып жүрді. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ауыл өмірін шебер суреттеген. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» драмасындағы басты ролmді үлкен тебіреніспен ойнап, ауылдастарын қуанышқа бөледі.

Қызғалдақтай құлпырған қыз 1972 жылы Төлегенмен қол ұстасып, Нұра ауданына аттанды. Сол жылы М.Сүлейменов атындағы Кертінді ауылындағы мектепте мұғалім болып, зейнеткерлікке шыққанша абыройлы еңбек етті. Кертінді ауылында да мектеп оқушылары мен ауыл жастарының ұйтқысы болып, барлық мәдени іс-шаралардың бел ортасында болды. Мерекелік концерттерде скетчтер көрсетіп, драмалардан үзінділер ойнап, ел алғысына бөленді. Сынып жетекшісі болғанда оқушылары мектеп бойынша сабақ үлгерімі, тәртібі, спорттық ойындарда озық атанып, мектеп бойынша алдыңғы қатардағы үлгілі сынып болатын. Әсіресе, көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері аудандық, облыстық байқауларда үздік көрініп, жеңімпаз атанып жүрді. Жаз, күз айларында табиғат аясына алып шығып, адам өмірінің тылсым табиғатпен байланысты екендігін, өсімдіктердің ауаға, адам ағзасына пайдалы тіршілік нәрін бөліп шығаратындығы туралы әлсін-әлсін айтып отыратын. Шәкірттеріне химиябиология пәндерінің қыр-сырын түсіндіріп, өмірдегі ерекше орнын дәлелдеп, көздерін жеткізіп, сол пәнге деген қызығушылықтарын тудырып, ынтықтыра білді. Соның арқасында қанша қиын болса да ұстазының ізін қуып, осы мамандықты таңдаған шәкірттері аз емес. Бүгінгі таңда М.Тәжібаев, Г.Болатова, Ж.Жолдаханова – химия-биология саласының үздік ұстаздары. Ал, Қарағанды медицина академиясын үздік бітіріп, сол оқу орнында нәтижелі еңбек етіп жүрген С.Әубәкіров ұстазының ғана емес, мектеп мақтанышы. Осы салада абыройлы еңбек етіп жүрген К.Жұмаділдина, Р.Копина өз ісінің білгір, білікті мамандары.

Көп жылдық ұстаздық еңбегі дер кезінде жоғары бағаланып, марапаттарға ие болды. 1982 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, әр жылдары бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталды. Көптеген оқушылары аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған.

«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан басталады» дейді дана халқымыз. Ұлжан Мамбетова қырық жылдай мектепте ұстаз болып қызмет еткендегі ұстанымы: «ең бастысы адамгершілігі жоғары, елін, халқын сүйетін жан тәрбиелеу» болды. Және де сол мұратына жеткен абыройлы ұстаз.

Оның көрінісі ауылға жетісімен-ақ сол жерде тұратын шәкірттерінің бала-шағасын жетектеп келіп ұстазына сәлем беріп, ілтипат көрсетумен көрініп жатты. Әп-сәтте ауылдағы қарашаңырақ адамдарға толып кетті. Көпшілігі – әріптестері мен бір кездегі шәкірттері. Сағыныштарын баса алмай, құшақтары әлсін-әлсін айқасып, кезіндегі қызықты сәттермен құрдастардың әзіл-әңгімелері түн ортасы ауғанша толастаған емес. Ұлжан құдағиымның ауылдастары мен шәкірттерінің алдындағы биік адами қасиетін, ұлағатты абыройын көріп, өзім де мақтанып қалдым. Ертеңгілік мектепте кездесетін болып әрең тарқасты.

Өз қолдарымен салған осы шаңырақта Төлеген құда мен Ұлжан құдағи жетпіс жылдық ғұмырларында өмірге бес бала әкеліп тәрбиелеген, әрқайсының мамандық алуына жол көрсетіп, үлкен өмірде өз орындарын табуға зор әсер етті. Бұл күнде Қанаты облыстық қорғаныс департаментінде полковник, Нұры Октябрь аудандық сотында судья, Саяжаны, Айжан мен Шынары мемлекеттік қызметте үлкен беделмен қызмет етіп жүрсе – бұл Төлеген мен Ұлжанның ұрпағы алдындағы парызының өтелгені. Бұл күнде он немеренің шат күлкісіне бөленіп отырған бақытты отбасы.

Қонақтарды шығарып салып, ауылдың түнгі сап ауасын құшырлана жұтып, аспандағы жымыңдаған жұлдыздарды қызықтап жүріп, ауыл іргесіндегі сылдырлап аққан Нұраның жағасына жетіп қалыппын. Ұзақ жолдан, қуанышты сәттердің әсерінен ұйқыны ұмытып кеткен мен аяңмен үйге қайттым. Ауыл тыныш ұйқыда. Тек, қарашаңырақтың терезесінен шырақ сәулесі көрінеді. Қарашаңырақтың шырағы сөнбесін!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button