Руханият

Қарашаңырақтағы қос қуаныш

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры «Халықаралық театр күнін» атап өтті. Іс-шараға өңірдегі барлық театр өкілдері қатысты. Сонымен қатар, салтанатты шара барысында Қазақстанның Құрметті журналисі Сағат Батырханованың мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Арқаның абыз театры» атты авторлық кітабының тұсауы кесілді. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қарашаңыраққа арнайы ат басын тіреп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтты. Ал, облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов салтанатты жиынға арнайы қатысып, сала мамандарын құттықтады.

Театр күні – жаңа бастамалар мен шығармашылық ізденістерге жол ашатын орны бөлек мереке. Мерекеге орай Әлібек Үсенұлы театр ұжымымен кездесіп, пікір алмасты. Әрі өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың бастамасымен биыл мәдениет және өнер саласы қызметкерлері үшін сыйақы көлемі екі есе артатынын баса айтты. Ал, Еркебұлан Қайроллаұлы өз сөзінде өңірдегі театрлардың аяқ алысына тоқталып, сала мамандарының еңбегін атап өтті.

– Өңірімізде көп жылдардан бері төрт театр қалың көрерменге қалтқысыз қызмет істеп келеді. Әрқайсысының репертуарлары да сан қырлы. Атап айтсақ, Сәкен театры мен К.Станиславский атындағы орыс драма театрының тарихы тым тереңде. Ал, республика бойынша комедия жанрында жұмыс істеп келе жатқан өңірдегі академиялық-музыкалық комедия театры да ерекше өнер ұжымы. Олардың да жарты ғасырлық тарихы бар. Теміртаудағы балалар мен жасөспірімдер театрының да еңбегі орасан зор. Себебі, балалар үшін жасап жатқан еңбегі бір төбе. Жас көрер­мендерімізді сахна арқылы тәрбиелеуде. Киелі сахна арқылы халықтың жан дүниесін тазартып, рух беретін, көңіл-көкжиегін кеңейтетін біздің театр қайраткерлеріміздің еңбегін де атап өтпес­ке болмас. Сіздердің көркем өнерлеріңіз бен ойлы да өрелі қойылымдарыңызды халық асыға күтеді, – деді ол.

Сонымен, өнер мерекесімен тұспа-тұс өмірге келген «Арқаның абыз театры» кітабының тұсауын Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков кесті. Бұл кітаптың шығуына театр басшысы Құрман Қалымов ұйытқы болыпты. Аталған кітап былтыр қатталып, жыл соңында баспадан шыққан.

– Театр тарихы қалу керек. Әрі тарих келешек ұрпаққа жету қажет. Жалпы, театр 1932 жылы ашылған екен. Нәубет жылдарындағы қазақ басына қиындық туғанда, ешнәрсеге қарамай театрдың жұмыс жасауына себепкер болған ардагерлеріміздің ерен еңбегі кітап бетіне түсу керек. Сондықтан, кітапты шығару туралы ұсынысты өзім айтқан едім. «Неге театр тарихы қайта жарық көрмеске?» деген ой келді. Әрі театр тарихын насихаттау – театр басшыларының міндеті деп білемін. Театрдың жастарға беретін тәрбиесі де ерек. Сондықтан, былтыр облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың нұсқауымен бүлдіршіндерге арнап «Қуыршақ» тобын да аштық. Ертең уақыт өте келе осы бүлдіршіндер үлкен театрдың нақ көрермендері болады. Осы мақсатта аталған топ құрылды. Ал, кішкентайынан театрға қанығып өскен баланың болашағы айқын, – деді Құрман Қалымов.

Белгілі журналист әрі кітап авторы Сағат Батырханова аталған кітаптың тұсауы осы бір мереке қарсаңында кесілгені кездейсоқтық еместігін атап өтті.

– Театрдың 90 жылдығында Құрман Өмірбекұлы бізге арнайы тапсыр­ма берген болатын. Сол уақыттан бастап, бір жыл архивтен шықпай жұмыс істедім. Кітапханалардан қажетті деректерді жинадым. Деректерді іздеу барысында облыстық архивтің және Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ғылыми қызметкерлерінің көмегі көп тиді. Біздің театр 1932 жылы «Жұмысшы жастар үйірмесі» деп ашылған екен. Бұған дейін театр тарихын таспалаған кітап-альбомы жарық көрген болатын. Енді 90 жылдық тарихты қамтыған монографиялық еңбек болып қайта басылды. Ашылған уақыттан бастап, 90 жылды үш кезеңге бөліп қарастырдық. Әсіресе, біздің театр соғыс жылдарында қатты жұмыс істеген. Ол кезде театрға Сәкеннің аты берілмеген. Сәкеннің есімі 1964 жылы беріліпті. Алғаш рет театр болып құрылғанда табиғатынан дарынды жандар қызмет істепті. Ешқандай әртістік мектепте немесе жоғары әртістік дипломы жоқ дала дарындары қызмет істепті. Солардың бәрі осы кітапта қамтылған, – деді кітап авторы.

Сонымен қатар, мерекелік шара барысында театрдың дамуы мен жандану жолында жемісті еңбек етіп жүрген жандарға арнайы жүлде табысталды. Атап айтсақ, Ғайни Ислямғалиеваға – «Үздік режиссерлік құрам қызметкері», Бақытжан Ерғалиевқа – «Үздік актер», Мақпал Маусымбекке – «Жас дарын» марапатын табыстады. Беглан Омаровқа «Үздік қуыршақ актері» марапаты ұсынылса, Мөлдір Абдуллаеваны «Үздік қуыршақ актрисасы» деп таныды. Гүлмира Омашева – «Үздік әкімшілік құрамның қызметкері», Ділназ Көшербаева – «Үздік техникалық құрамның қызметкері», Ұлпан Жолтай «Үздік шығармашылық құрамның қызметкері» атанды.

Лаура АМАНТАЙ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің IV курс студенті
Суреттер әлеуметтік желіден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button