Руханият

Қараша үйдің киесі

ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы Темірғали Көкетай туралы әфсәнә

Ұлылық пен кішілік

Ғасыр ғұламасы… Темағаң туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Атақ-даңқы Алаш асып әлемге тараған осы бір тұлғамен кездескен сайын қарапайымдылық деген ұғымның қаншалықты қасиетті екенін сезіне түсесіз. Мен сондаймын деген тәкаппарлықтан мүлде ада жан. Ол кісімен әңгімелесу өте жеңіл. Шаршамайсыз. Қайта көп кездеспей кетсеңіз кәдімгідей аңсайсыз. Ұзақ жылдар ел алдында жүрдік, шаршы топта сөз бастадық. Біреулер отыратын дастарханы сәл төмендеу болса қабағы түйіліп, жүзінен ызбар шаша қарайтын. Сол жерге өзің отырғызғандай қараптан-қарап ыңғайсыз жағдайға түсетінбіз. Тілектің кезегі бойынша да тура осындай күйді бастан кештік. Ондай кісілер өзін өте жоғары санайтын. Төр менікі, алғашқы сөзді мен бастауым керек деген тәкаппарлық жүректерін жаулап алған…

Анадайдан батыр тұлғалы Темағаң көрінгенде жадырап қоя береміз. Жүгіріп алдынан шығамыз. – Кешігіп қалдым, – дейді жәй ғана. Өзіне тән риясыз күлкісі болады. – Кешіксеңіз өзіңізден көріңіз, – дейміз қалжыңдап. Босаға ма, төр ме Темағаңа бәрі бір. Осында отырасыз, – деп бос орынға отырғыза саламыз. Содан соң жәй ғана: Маған сөз бермей-ақ қойшы, – дейді. Сөз береміз ғой, бірақ қай уақытта беретінімізді өзіміз білеміз… Өйткені, ол кісі ешқашан жастарға ызбарланып қарамайды. Бізде Темағаңның қарапайымдылығын біліп алғанбыз. Арқаны кеңге салып жүре береміз. Дастарханның төменгі жағында Темағаң отырады. Төрдегі төрелер жоғары отырғандарына мәз… Кейде осы жұрт Темағаңды біле ме екен, – деп ойлайсың.

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (толық мүшесі).

Америка биографиялық институтының ғылыми-зерттеу Кеңесінің мүшесі.

Халықаралық биографиялық орталық (Кембридж, Англия) «ХХ ғасыр ғұламасы» деген атқа ие. «ХХ ғасырдың аса көрнекті қайраткерлері» деген кітапқа өмірбаяны жазылған, күміс медаль иегері.

Кембридждегі (Англия) Халықаралық биографиялық орталықтың (Қазақстан мен Орта Азияның өкілі ретінде) Вице-консулы.

Білім, Ғылым және Мәдениет бойынша Әлемдік симпозиумге (форум) шақырылған қазақ ғалымы. (Дублин Ирландия Республикасы).

Бұл ғалым ағамыздың өмірдерек жылнамасында жазылған мәртебе-дәрежесінің бір парасы ғана.

Сөйткен Темағаң жайбарақат күліп, келелі жиындарда бұйырған жерге отыра береді. Мен сондай едім демейді. Төрге ұмтылмайды. «Ұлық болсаң кішік бол», – деген халық даналығы Темағаң сынды қарапайым тұлғаларға айтылса керек сірә!

Физика мен лирика

Осындай атақ-абыройға Темағаң инемен құдық қазғандай маңдай тер, адал еңбектің арқасында жеткен. Әрине, әуелі Алланың берген дарыны екенін мойындау керек. Темағаң мектеп бітірген соң қой баққан. Бұл 1957-1959 жылдар шамасы. Бозторғайдың шырылымен оянып, ақтылы қой өргізген бозбала шопанның, білім жолына түскені кейіннен ғой. 1959-1964 жылдары Алматыдағы Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің) физика-математика факультетінде (физика бөлімі) студенті атанады. Мамандығы физик. Физика әлемінің иіріміне бармай-ақ қояйын. Оған менің біліктілігім жете қоймасы анық. Менің таңғалатыным Темағаңның физика ілімінің аса терең білгірі бола тұрып кейде – осы мамандықты бекер таңдадым, – деп өкінетіні. – Неге олай дейсіз Темаға?! Осы мамандықтың білгірі, ғұламасы емесіз бе?! – дейміз күйіп-пісіп. – Жоқ, мен тарихшы не әдебиетші болсам туған халқыма зәредей болса да пайдам тиер еді, – дейді ондайда Темағаң.

Мұндайда есімізге «пайда ойлама, ар ойла», – деген Абай хакімнің сөзі еске түседі. Осыншама атақ-дәрежеге дарын мен еңбектің арқасында жетіп отырса да Темағаңның жүрек түпкірінде туған еліме нендей пайдам тиді деген ойдың ұшқынын аңғару қиын емес. Әрине, ғылымитехнологиялық прогресс мейлінше кемелденген қазіргі уақытта қазақ халқына физика ғылымы да аса қажет салалардың бірі екендігі белгілі ғой. Темағаңның өкінішін өз басым басқа қырынан бағамдаймын. Ол Темағаңның рухани жан-дүниесінің өнерге, әдебиетке, тарихқа жақындығынан болса керек. Темағаң халық әндерін тыңдағанда тебіреніп кетеді. Поэзияны сүйеді. Туған халқының салт-дәстүрін құрметтейді. Қарағандының қай бұрышында өнер кеші болып жатса, сол жерден Темағаңды көресіз. Ақындар айтысын көру үшін Қазақстанның кез келген түпкіріне тартып отырады. Қазақ тілінің тағдыры үшін басын тауға да, тасқа да ұрып тынбай күресіп келе жатқанын қараша жұрт жақсы білсе керек. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалының жұмысын қолға алып, ұзақ жылдар басшылық жасауы, облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестіктің төрағасы болуының өзі Темағаңның азаматтық ұстанымының айқын көрінісі емес пе?! Қарағанды облыстық әкімдігінің «Тіл жанашыры» конкурсының «Тіл майталманы» номинациясының иегері болуы сол туған тілге деген құрметтің белгісі еді. Жиырма бес пен қырық бестің арасындағы азаматтардың атқаратын жұмысын Темағаң жетпіс бес жасында жалғыз өзі істеп жүрді. Шаршамады, шалдықпады, туған тіліміз үшін күресті. Сол ісін күні бүгінге дейін жалғастырып келеді.

Білім мен мінез

Ізетті адамның бойында ізгілік тұнып тұрады. Кейінгі кездерде ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден» деген қанатты сөзі жиі айтылып жүр. Әрине, бұл жерде Әлекең білімді жоққа шығарып тұрған жоқ, адамға адалдық, ізгілік, мейірімділік сияқты қасиеттердің де қажеттігін меңзеп тұр. Темағаң өз саласының білгірі, ғұламасы. Физика әлемінде қандай арпалыстар, жаңалықтар болып жатқаны сол саланың мамандарына белгілі шығар. Біздің толқын Темірғали Көкетайды елін-жерін, салт-дәстүрін, өнері мен мәдениетін, тарихын сүйетін нағыз ұлт жанашыры ретінде таниды, бағалайды. Темағаң тұлғасы Арқа жұртының алдында осылай қалыптасты, осылай асқақтады. Темағаңның қазақ руханияты үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, туған тіліміздің талайлы тағдырына қатысты рухани майданның ортасында жүргенін көзіміз көрді. Тіл үшін «күндіз күлмеді, түн ұйықтамады» десе де болады.

Әрине, осының бәрі ұлтты сүюден, құрметтеуден басталады. – Мен дүние жүзін көп аралаған адаммын. Талай елдің салт-дәстүрінен, тарихынан хабарым бар. Бірақ әлемде қазақтай ұлы халық жоқ, – дейді Темағаң. Һәм бұл пікіріне айтар уәжі мол…

«2006 жылы Англияның Оксфорд университетінде лекция оқыды. Бұл дүние жүзінің ұлы физиктері Ньютон, Резерфордтар маңдай терін төккен, әлемдегі саусақпен санарлық оқу орындарының бірі. Іргетасы 1242 жылы қаланған. Англияның премьер-министрлері Уинстон Черчилль, Маргарет Тэтчер осында оқыған. Т.Көкетаевтың дәрісін Франция, Германия, Англия, Жапония сынды іргелі елдердің аузына әлем қарап отырған жетпістен астам ғұламалары сүйсініп тыңдаған». Осы деректі кезінде Серік Ақсұңқарұлының жазбасынан оқыған едім. Кейін ғалым ағамыздың өзінен сұрағанмын. Темірдей деп жүрген Темағам дәл осы жерде босап сала бергені… Көзіне жас алды. Мен түсіндім… Аузына әлемді қаратқан ағылшын мен жапонның, неміс пен кәрістің тағы басқа ұлт-ұлыстардың кіл мықты ғалымдары қазақ физигі Көкетаевтың дәрісін ұйып тыңдаған. Жай тыңдамаған, таңдай қағып, тамсанған.

Арқаның ұлы байтағы… Сағымға оранған ақ бұйра сары белдер көз жетпейтін кеңістікке сіңіп бара жатқандай әсер қалдырады. Иманақтың бауырындағы Есен өзенінен түстікке қарай қозы көш жер жүргенде Қызылағаш топырағына тұяқ іліктіресіз. Бұл – Темағаңның балалық дәурені қалған құт мекені. Оксфорд университетінде әлемнің әйгілі алпыс ғұламасын таң қалдырып, дәріс оқып тұрған қара баланың кіндік қаны дәл осы Қызылағаш топырағында тамған… Қойшының қараша үйінде. Қазір Көкетаев феномені туралы көп айтылады. Бәлкім, бұл қараша үйдің киесінен дарыған қасиет болар…

Қойлыбай АСАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button