Жаңалықтар

Қаралы үйде қазан қайнамайды

Қазақ халқы үшін әрбір салт-дәстүрде терең тағылым бар. Жаназа мен құдайы аста да сондай мән бар. Алайда, соңғы жылдары ас беру – естелік пен ескертудің орнына, бәсеке мен ысыраптың алаңына айналып бара жатқаны ащы ақиқат. Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазірет бастамасымен имамдар форумы өткен болатын. Сол форумда «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» мәселесін көтеріп, бірқатар құжаттарға қол қойды. Соған сәйкес, өңірлерде де түсіндіру жұмыстары қолға алынып, имамдар мен дін істері басқармасының өкілдері халықпен жүздесуге шықты. Салттың шынайы мағынасын қайта жаңғыртпақ…

Сурет ihsan.kz

Облыстың Әнет баба мешітінің бас имамы Естай қажы Әбдіғали мен облыстық дін істері басқармасының басшысы Жанболат Сектай облыстық мешітте жамағатпен кездесті. Кездесу барысында осы жайтты талқылап, халыққа түсіндіру жұмыстары басталатындығын жеткізді. Өңірдегі мешіттердің имамы мен облыс­тық мешіттің ақсақалдар алқасы, сала мамандары қатысып, мәселені ортаға салды.

– Құдайы ас – халқымыздың ұлттық дәстүрі мен ислам дінінің негіздеріне сүйенген, марқұмның рухына Құран бағышталып, сауап үшін берілетін садақа. Бұл – дінімізде сауапты іс. Дегенмен, соңғы жылдары бұл рәсімнің шынайы мәні кейбір өңірлерде бұрмаланып, ысырапқа, тіпті, бәсекеге ұласып кеткенін көріп жүрміз. Бұл – ең алдымен қаралы үйге ауыр салмақ салып, шынайы ниетке сызат түсіретін жайт. Осыны ескере отырып, еліміз бойынша бұл рәсімді біріздендіру, мәзірін оңтайландыру және шариғатқа сай өтуін қамтамасыз ету мақсатында осы құжат қабылданған, – деді Естай қажы.

Жалпы, бұл жердегі басты талап – асты тек шынайы сауап үшін, әрі дұрыс ниетпен өткізу. Яғни, қара жамылып отырған отбасыға ауыртпалық түсірмеу керек. Ас мәзірінде тек нан өнімдері, шай, ыстық ас, яғни, ет немесе күріш, сары май, тары, талқан, қант, кәмпит қана болуы керек. Ал, астың ұзақтығы 1-1,5 сағаттан аспауы шарт. Асқа имам қатысып, рәсім шариғатқа сай жүргізілуі керектігі баса айтылды. Жамағат дастарқан басына отырған соң тәртіпке сай ақсақалдың батасымен басталып, содан кейін барып Құран оқылып, дұға бағышталады. Көңіл және насихат айтуды ретімен әрі ықшамды өткізу міндеттелді. Ас соңында Құран оқылып, дұға жасалуы керек. Басқарма басшысы өз сөзінде түсіндіру жұмыстары тек мешіт имамдарының мойнындағы іс еместігін жеткізді.

– Қазіргі уақытта ас беру үшін банктен несие алатындар да жоқ емес. Тіпті, қазіргі астар той кейпінде өтіп жатыр. Жайылған дастарқанға қарасаңыз, тойдан ешқандай айыр­машылығы жоқ. Осының бәрін түсіндіру тек мешіттің имамдарының ғана мойнындағы іс емес. Қай-қайсымыз болсын жүрген жерімізде айта жүрейік. Жастарға ақыл-кеңес берейік, – деді Жанболат Сектай.

Балқаш қалалық мешіттің бас имамы Нұрболат Қалдарбеков бүгінде бұл мәселе бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтады. Нәтижесінде, қала тұрғындары үлкен ресторандарда ас өткізіп, дәлел тартуға тоқтау қойған көрінеді.

– Астың бәсекеге айналуы – дін мен дәстүрге қайшы. Халық арасындағы «Ел не дейді?» деген көзқарас «Алла не дейді?» деген ұстанымды ығыстырып барады. Марқұмға мол дастарқан емес, оқылатын Құран, жасалатын дұға, үзілмейтін сауап қажет. Балқашта дәлел тартылған күні тойханаларда ас берілмейді. Бірақ, әр үйде өтіп жатады. Осының өзін қолға алып, ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін түсіндірудеміз, – деді Нұрболат Қалдарбеков.

Сонымен қатар, бас имам қазіргі уақытта жаназадан бұрын ас беру мәселесінің күн өткен сайын күрделеніп келе жатқандығын алға тартты.

– Кейбіреуі марқұмның жамбасы жерге тимей тұрып жаназа намазынан бір күн бұрын 300-400 адамды жиып, қонағасын өткізіп жатады. Ол жерде Құран бағышталмайды. Тек ас ішіліп, дәлел ғана тартылады. Енді сол қонақ­асын да тоқтату мәселесі көтерілуде. Қазақта «Қаралы үйде қазан көтерілмеген». Тіпті, қайғырып, аза тұтып отырған марқұмның үйіне көршілері ас әкеліп беретін. Осы мәселені біз бір ізге келтіріп, өңір бойынша насихат жұмыс­тарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді бас имам.

Айта кетейік, алдағы уақытта өңірдегі мешіт имамдары ресторан, дәмхана иелерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Мақсат – тыйым салу емес, ысырапқа жол бермеудің мәнін ұғындыру. Бұл бастама тек діни талаптың шеңберінен шығып, қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button