Жаңалықтар

Араб технологиясы – Астанада

      Міне, бір айдан соң бүкіл Әлем көз тіккен Көрменің ашылуын тамашалаймыз. Елордамыз – Астанада.

Ел олжа күткен «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне 100-ден астам мемлекет қатысады. Мүйізі қарағайдай ғалымдар өткір әрі өзекті мәселе – «Болашақтың энергиясы» тақырыбын қаузайды. Әр ұлттың өнері мен салт-дәстүрін де «ЭКСПО-да» тамашалайтын боламыз.

Қысқасы, Көрмеге жиналғандар «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» (С.Торайғыров) десіп, құнды қазыналарын жаһанға паш етеді. Ойларын ортаға салады. Тың тәжірибелерімен бөліседі.

Көрмеге дәулеті тасып, даңқы асқан Сауд Арабиясының Корольдігі де келеді. Жоғары технологиялық жобаларын ұсынады. Бұл туралы «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов пен Сауд Арабиясы Корольдігінің энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид әл Фалихпен кездесуде мәлім болды.

Кездесу барысында Ұлттық компания басшысы министрді «ЭКСПО – 2017» көрмесінің дайындығы мен құрылыс ахуалымен таныстырып өтті.

Барлық жұмыстар аяқталуға жақын. Қазіргі кезде қатысушы мемлекеттер павильондарын жабдықтаумен қарқынды айналысуда. Сіздің елдің павильоны келушілер саны және контенттік мазмұны жағынан тартымды болатынына сенімдімін, – деді А. Есімов.

Ал, Халид әл Фалихтің айтуынша, Сауд Арабиясының «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысуы екі елдің экономикалық қарым-қатынасының күшейюіне септігін тигізбек.

Біздің ел карбоннан жоғары технологиялық өнімдер шығарады. Көрмеге осы сала бойынша жаңа жобалар алып келеміз, – деді министр.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button