Бас тақырып

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!»

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!» демеді ме Сұлтанмахмұт? Бір ауыз сөзге сыйып тұр бәрі. «Қараңғы қазақ көгіне шығып», «Мұздаған елдің жүрегін жібітуді» армандап еді. Арманына жетті. Соңына рухқа толы, өшпес мұра қалдырды. Шоқан да жасындай жарқ етіп, өте шықты. Халқына қалдырған мұрасы күні бүгінге дейін азық. Ал, біз ше?! Еліне ес болып, жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған текті ұрпақтың жалғасы екенімізді ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?!

Қазыбек би бабамыз 13 жасында елді аузына қаратты. Ұлы Абай да сол жаста ел билеу ісіне араласқан. Жас та болса ел алдына шығып, бас болған деседі. Беріде 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шыққанның да дені – жастар. Өзгеде кеткен елдің кегін сол боздақтарымыз қайтарған жоқ па?! 20 жасында жарқ етіп, олимп шыңын бағындырған Бекзаттай азаматтарымыз да сирек туатын тектілердің бірі. Ал, сондай жалынды жастардың рухы қайда қазір? Сөйтіп, мінді өзімізден емес, өзгеден іздейміз ғой. Баланы кішкентайынан «әкім боласың», «қорғаушы боласың», «бастық боласың» деп тәрбиелейді екенбіз. Ал, бұл тәрбиеге кері әсерін тигізетін факторлардың бірі. Содан бастап, баланың ойы өзгереді. Балғын күнімде ауыл үлкендерінен «ұят болады», «обал болады» «сауап болады» дегенді жиі еститін едім. Сонда үлкендер жастарды үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген екен.. Төрткүл дүниеге Қазақ атын танытып жүрген Димаш Құдайбергенді білмейтіндер кемде-кем. Шахматшы Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, жас дарын Данелия Тулешова, Ержан Максим сынды талантты жастар өсіп келеді. Димаш бір сұхбатында «Менің бойыма ұлы өнер ата-әжемнен, әке-шешемнен дарыды. Кішкентайымнан ата мен әжемнің қолында өстім. Сол кісілердің тәрбиесін алдым. Солардың салған жолымен жүріп келемін» деген еді. Міне, үлкендердің берген тәрбиесінің маңыздылығы осыдан-ақ көрініп тұр. «Ақыр соңында, шешімді бәрібір үлкендер қабылдайды, жастар емес. Алайда, сол жастар ертеңгі күні ересекке айналып, оларға да шешім шығаратын күн туады да, олар әлгі шешімдерге назар аударады. Міне, сол кезде олар алдыңғы ересек ұрпақты дұрыс шешім қабылдағаны үшін мақтан тұтатындай болуы тиіс» деген екен «Сингапур экономикалық кереметінің әкесі» атанған ұлы саясаткер Ли Куан Ю. Тобықтай сөздің түйіні «Фатимадай қыз сүйгің келсе, Мұхаммедтей әке бол…» Ата-бабамыз асты мен үсті байлыққа толы ұшы қиыры жоқ ұлан-ғайыр жерді мирас етіп қалдырды. Құдайым көп көрмесін! Тәуелсіздіктің туын тігіп, өскелең ұрпаққа сеніп тапсырды. Ал, біз жастар бабадан қалған ұлы мұраны келешек ұрпаққа жалғастыруға міндеттіміз. Оған қауқарымыз жетеді. Себебі, бойымызда қанмен келген тектілік, өмір үйреткен ептілік бар. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін!» дегенін енді ұққандаймын…

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button