Шет

Қара шаңырақтың қос шынары

    Қасиетті Нілді топырағы, Өспен ауылындағы Сәкен мектебінде 40 жылға жуық ұстаздық еткен қос ұстаз биыл зейнетке шығып отыр. Оқушыларын білім нәрімен сусындатып қана қоймай, шәкірттерінің бойына ізгілік нұрын сепкен Роза Үдешова мен Бота Мақашева екеуі – қара шаңырақ Сәкен мектебінің қос шынары дерлік.

Әр балаға жеке тұлға ретінде қарайтын Бота Тәжімқызы – шәкірттерін адамгершілік рухта тәрбиелейтін шыншыл жан. Өз ісіне мығым Роза Аманбайқызының бала жан дүниесін баурап әкетіп сабақ түсіндірудегі ерекшелігі бір төбе. Бұл ұстаздарымыздың құрметті демалысы Өспен ауылының 170 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінің өзі жақсы ырымның жоралғысы. Президент Н.Назарбаев жақында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» дегенін ескерсек, біз тілге тиек етіп отырған екі ұстаз да аталған ауылда туып, өмір бойы осы топырақта қызмет еткен жандар екенін мақтанышпен айтуға болады.

Елге үлгі боларлық отбасының ұрпағы Роза Аманбайқызы осы Нілді топырағының тумасы Қанат Айтжанұлымен 30 жылға жуық ғұмыр кешіп, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлағат иесінің баяғы сымбаты мен тік қалпы. Шәкірттерімен үнемі қарым-қатынаста. Балаға бей-жай қарап, бетінен қақпайды. Қасиетті борышын қастерлеп жүрген бірегей мұғалім. Қабілетінің арқасында білікті ұстаз биігіне көтеріліп, асқарлы асудың ұшар басына алқынбай жеткен Роза мұғалімнің өткен өмір жолына, маңдай тері сіңген еңбек соқпағына іштей разы болмайтын шәкірті жоқ шығар, сірә. Мамандығы мен мектебін шексіз сүйгендігінен педагогикалық шеберлікті парықтай алып жүрген болар. Өз тілімен айтсақ, «мұғалім шеберлігі жайлы дайын ереже-қағида жоқ. Ол – үйрену мен ізденудің нәтижесі. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Нәтижесінде, бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қаларың сөзсіз». Осыншама қадір-қасиет арқалаған ұстаздың құрметке бөленуі – өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне деген асқан сезімтал жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында деп ойлаймыз.

Жаңашыл ұстанымымен ерекшеленетін Бота Тәжімқызы адамгершілік ары, қадір-қасиетімен, қоғамдық жұмыстарда белсенділігі һәм заманауи көзқарасымен озық. Педагогтік шеберлігі өз алдына бөлек. Өткізген сабақтары, тәрбие сағаттары, ата-аналармен өткізген түрлі шаралары өз әріптестері мен көпшіліктің тарапынан жоғары бағаға ие. Шынында да, ол кісінің ұлағатты ұстаздығы – адамгершілік жырына тұнып тұрған ғажайып бір әлем. Біз, жасы кіші әріптестері, сол бір ғажайып сырлы әлем тұнығынан барынша еркін, мейіріміз қана сусындап, мол рухани азық алғанымызды мақтаныш етеміз. Тумасынан еңбексүйгіш те белсенді Бота Тәжімқызы шығармашылық жұмыспен қатар, мектептегі шараларға, өнер сайыстарына көзқарасын білдіріп жүреді. Білгендігі ғой. Бота Тәжімқызының тағдыр қосқан қосағы, өсіп-өнген елдің ұлы Нұрмұхамед Кеңесұлымен 30 жылдай отасып, 2 ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отыр.

Аталған қос мұғалім де әр істе бастама көрсетіп, оқу-тәрбие жұмысының қайсында болсын қонымды, сүйсінерлік істерді үнемі атқарып жүрді. Осы уақытқа дейін Сәкен мектебінен қаншама ұлағатты ұстаздар, іскер басшылар өмір тәжірибесінен өтті. Сондықтан, зейнетке шығып отырған бұл екі жанның еңбегі ештеңемен өлшенбес қазына. Өз басым ұстаз мамандығын күн астындағы ұлы мамандық иесі ретінде құрмет тұтамын. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, ұлағатты қос ұстаз тәрбиелеген шәкірттердің жүректеріндегі ізгілік әрқашан олардың жанында сақталады деген сенімдемін.

Қазіргі мұғалімдер информатор, сабақ беруші емес, керісінше, ізденуші, зерттеуші, технолог, өнер-тапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл да бәсекеге қабілетті болу керек. Осыған орай, зейнетке шыққан қос ұстаз да «тәлімгер ұстаз» атанып, жас мұғалімдердің бойына тәжірибелерін сіңіріп жүр. Жас мұғалімдердің әрқайсы Сәкен мектебінің директоры Гүлбаршын Сәбитқызы бастаған, Бота Тәжімқызы мен Роза Аманбайқызы қоштаған тәжірибелі ұстаздардың барлығына ризашылығын білдіре отырып, олардан үлгі алып жүрген жас ұстаз-шәкірттерінің де жолдары болатындығына, олардың да биіктерінен көрінетіндігіне кәміл сенеді. Заман ауыртпалығына мойымастан, жас ұрпақ жүрегіне рухани құндылықтар дәнін сеуіп, білім нұрын шашқан осы нұрлы жандарға, Сәкен мектебінің мұғалімдеріне ұзақ ғұмыр және барлығымыздың көзқуанышымыз – балдырғандар аман болсын деген тілек тілегім келеді.

Қызылгүл ТӨЛЕУТАЙҚЫЗЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button