Руханият

«Қара өлеңге тәнті қазақтың абыройы да асқақ…»

Мен Қарқаралыдан Қарағандыға көшіп келгенде Әбжаппар Әбдіәкімов Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы еді. Ел о кезде келелі кеңестерде орысша сөйлесе, бұл жігіт суырылып шығып, қазақша сөйлеп жүрді. Қазағынан орысының кеудесі асқақ қарағандылықтарға бұл бір тосын құбылыс болды. Осындағы қазақ интеллигенциясы дүр сілкініп, бір жасап қалды. Ол облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болып Алматыдан Нұрмахан Оразбековтің жаңа келген кезі. «Сендерде де қазақша білетін хатшы бар екен ғой?!» – деп, ырза болып жүр.

Провинцияда ақынға аудандық, облыстық газеттерден басқа барар жер, басар тау жоқ. Мұнда неше түрлі қызықтар болып жатады… Менің де ғұмыр жасым осында өткен. Осындағы бір қызыл көз, белсенді айналасын қырып-жойып жүруші еді. «Поэзияны бір кісідей біз де білеміз ғой?!» – деп, маған тисіп жүреді… Өзі ішпейді. «Ақын дегендер шетінен алқаш қой?!» деп қояды: «Абай ше?» – дейміз сасқанымыздан. «Оның кезінде арақ болмады, болса, – о да сен құсап, азық-түлік дүкені мен айықтырғыштан шықпас еді!» – дейді! Сөйлес мына сапбазбен!

Бір күні:

«Сіз өлеңді жақсы білесіз ғой? Мынаны бір бала жіберіпті, қарап бересіз бе?» – дегем. «Әкел!» – деді!

Машинкаға басылған өлеңнің алғашқы жолын оқыған бетте көзі шарасынан шығып кетті: «Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап…» дейді?! Тау, қалай, сонда, адам құсап қалғып, ұйықтай ма?! «Қараңғы түнде тау қалғып» ұйықтаса, мен мұрынымды кесіп берейін?! – деп, көсіле жөнелді, Әкет мынауыңды! Қалғанын оқып керегі жоқ! Өлең емес! Жынды ма?! Мынаның ақыл-есі дұрыс емес қой?!..»

Бұл Абайдың өлеңі деп біз де айта алмай қалдық. Ол да соны білмей кетті…

Провинциялық газеттерде жүріп те неше қилы қызық-шыжықтарды бастан кешуге болады. Баяғыда Есенбай Дүйсенбаев: «Серік, сен қайда жүрсің?» – дегенде, облыстық газетте жүргенімді айтып едім, Есағаның зәресі ұшып кетті: «Өй, не дейсің?! Олар ақынды ата жауындай көреді ғой?! Мен бес баламды арқалап, Ақтөбеден Алматыға қашып кеткем!» – деп еді.

Ақын деген – негізінен тұзы жеңіл, өзіне қайдағы мен жайдағы пәле, жала үйір, қорғансыз біреу ғой. Мағжанның: «Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына» – дейтіні содан. Бірақ, оны қоғамның небір кесапат, кесірі мен шайтанның алдап, арбауынан ылғи бір періште қорғап жүреді. Осындайда Есенинді Мәскеудің кілең маскүнем жайлаған шулы кабактарынан Бакуге алып қашып, «Парсы саздарын» жаздырған Петр Иванович Чагин еске түседі. Революционер-большевик, С. Кировтың жақын серігі. Алла абырой бергенде, маған да Қарағандыдан Нұрмахан Оразбек пен Әбжаппар Әбдәкімов деген азаматтар кез болып, осы күнге аман-есен жеткен екенмін. Нұрағам мені баласындай бауырына тартып, балапанындай баулыды. Әбекеңнің мамандығы тарихшы, сол кезде обләкімдікте ірі шенеунік, қазақ жырының білгірі, газетке материалым шыққан сайын қуанып, менің жарық көрген дүниелерімді бір папкаға жинап, қомқор болып жүреді. Соның көбісі менде жоқ… Шіркін, қолқа салып, сұрап алар ма еді? Өмірімде өлеңді сүйген атқа мінерді бірінші рет көруім еді бұл!
«Мен талай басшыны көрген адаммын, – деп отырушы еді Алаш арыстарының төрт көзін түгел көрген Жайық Бектұров, – билікке қазақтың қара өлеңіне тәнті, оның шежіресі мен дәстүр-салтын сылайтын басшы келсе – Алаштың асығының алшысынан түскені. Онда қазақ халқының күллі болмыс-бітімі айқұлақтанып көрініп тұр ғой!». Сонсоң, Ілияс Омаровтың үйсіз-күйсіз жүрген Қасымды шақырып алып сөйлескені, оған ырза болып Қасымның «Мен сізге ризамын сыртыңыздан» – деп өлең жазғанын әңгімелеп кетуші еді. Сол Жақаң «Ірі шенеуніктермен аралас-құралас жүріп, қазақтың қара өлеңіне тәнті басшының абыройы ақақ болатынын байқап жүрмін» – деген-ді, – Қытай мемлекеттік билікке баратын шенеуніктеріне Қытай тарихы мен руханиятынан шығарма жаздырады, сол үш-төрт беттік шығармадан оның кім екені көрініп тұрады! Бізде ше? Ана тілін, мемлекеттік тілді білмейтіндерді ірі қызметтерге тағайындап жатыр әлі… Бізден гөрі етегін ертерек жауып, есін жинап ұлт болған, ел иесі ормандай орыс жұрты мұндай адамдарын «Генератор идей», «Подвижник наций», «Прорабы духа», – деп әспеттеп, басына көтеріп жатады! Оларға бәрі де жарасады! Бізде олардың сыртынан өсек-аяң айтады…».

«Подвижник наций»-дың қазақша баламасын таба алмай отырмын. Образға орап айтқанда, төбесінен кірпігін қақпай бағып тұрған өзге үстем жұрттың шылауында кетпей, өз ұлтының өнері мен мәдениетіне ерекше еңбегі сіңген адам дегенге келiңкiрейдi. Олар атақты Третьяков галереясын ашқан көпесiнен бастап, сутегi бомбасын жасап, кейiн өз iсiне өзi өкiнген диссидент, академик Сахаровты, тiптi, орыстың халық хорын құрған хормейстрiне дейiн осылай атайды.

Сөйтсек, бұл жігіт қазағы қалың Шымкентте туған, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универститетінің тарих факултетінің түлегі, Ленинград мемлекеттік универститетінің аспирантурасын тәмамдаған соң еңбек жолын Теміртауда бастап, осында қалып қойған. Кейіннен Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары, «Қазақстан» телекомпаниясы Қарағанды облыстық филиалының директоры, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, республика Премьер-Министрінің кеңесшісі болып жауапты қызметтер атқарды. Ресейдің провинциялық қалаларына ұқсас, ұлттық бояуы күңгірттеу Қарағандыны қазақтандыруға қосқан үлесі елден ерек еді! Бірнеше ғылыми еңбектер мен кітаптардың авторы. Осындай қазақ интеллигенттерінің арқасында бір кезде ҚарЛаг атанған Сарыарқа бүгінде республиканың ірі экономикалық-рухани орталығына айналып отыр.

Совет өкіметі кезінде ел-жұртты билейтін кадрлар зоотехник-веттехниктерден іріктеліп, совхоз директоры, аупартком хатшысы, обком нұсқаушысына дейін көтеріліп жатты. Гуманис­тер төменде қалып, партиялық номенклатураға іліге алмай қалды. Әбжаппар Әбдіәкімовтердің тәуелсіздіктің алғашқы атар таңында билікке ілігуі ұлттың жоғын түгендеуге айтарлықтай бір түрпек болды. Мұндайды көрмеген қарағандылықтар, алдымыз Жайық Бектұров, арты біз болып, өзімізше ел иесі, жер иесі болып, мағмұрланып жүріп едік!

Мен атақты режиссер-диссидент Болат Атабаймен  (14 05.1952-29 067.2021 ж.ж.) осы Әбекеңнің үйінде танысып едім. Таяуда ­Ә. Әбдәкімов сол Алаш азапкерлерінің бірі һәм бірегейі қахында «Художник и Бунтар» атты кітап жазып шықты. Мені кітаптың атауы жалт қаратты. Қазақшаға тәржімалағым келмеді. Автор да солай ойлаған болу керек. Кейіпкердің жан-дүниесін, болмысы мен табиғатын осы орысшасы тап басып тұр екен. Оның кім болғанын айтып жату артық, көзі қарақты қазаққа әбден танымал адам бұл.

Суреткер туасы бунтар болуы керек-ті. Әділетсіздік пен қараулық жайлаған қоғамда оның бұлай болмасына шарасы да жоқ. Заманымыздың айтулы ақыны Юнна Мориц «Я люблю хулиганские стихий» – деп босқа жазған жоқ. Есенинге қараңыз: «Исповедь хулигана» деген өлеңдер циклін жазып шыққан! Оның күллі шығармашылығы – «хулиганский стихий»!

Болат Атабай да осылардың қатарындағы, қайшылығы көп адам еді. Қазақ театрына ешкімге ұқсамайтын өз қолтаңбасын қалдырған суреткер. Бунтарлық сезімінің шарадан асып кеткені сонша, театрды тастай салып, оппозицияға кетті! Мұндай қадамға оның тұсында қандай суреткер барды?! «Жер Күнді айналып тұр! Оны Брунодан бұрын мен де білгем! Бірақ, менің отбасым бар еді» депті ғой бір оқымысты. Болат Атабайдың отбасы жоқ па?! Бірақ, ол қазақтың мүддесі үшін соны да тәрк етті!

Мына кітапта Болат Атабайдың осы образы сәтімен ашылыпты. Тобырдан қажыдым…» – дейді Алаштың ХХI ғасырдағы азапкері Болат Атабай! Бәріміз де қажыдық! Өйткені, біздің ғұмыр жасымыз халықтың тоз-тоз болып, қара тобырға айналған тұсына тап келді. Елдің есіл-дерті – күнкөрісте. Бір тілім нан… одан қалса ақша, байлық, мансап… Осындай ел бола ма? Ұлттың Рухы, мемлекеттің мерейі қайда қалған?!

Камалтин Мұхамеджанов әкім боп келген кезде осы Әбдіжаппар Әбдіәкімов кеңесшісі еді, мені арнайы алып барып, әкіммен таныстырды. Кабинетінде отырмыз. Әкім мен ақын… « – Бұрынғы… обкомның бірінші хатшысының кабинеті осы ма?» – деймін мен жайыма отырмай, жан-жағыма қарап.

« – Осы! Сен, немене, оған бірінші рет бас сұғып отырсың ба?!» – дейді ол да таң қалып.

«Ия…».
« – Сонда бұл обком кіммен жұмыс істеген, ей?» – дейді ол.

« – Білмеймін…» – деп, мен де иығымды қиқаң еткізгем… Мынау сонда сол күні жазылған өлең еді:

Дүние жүзілік саясаттан ойып кеп,
Орын алған Политбюро,
Оғландарды шеттерінен сойып
кеп:
Есенинді естіген тек «Ішкіш…»
– деп,
Пастернакты – «Жөйіт» – деп!

Игор Жырын** қалдырды да ескіден,
Жылқыны да кем көрген-ді, ешкіден!
Ахматованы оқымаған ол, тіпті,
«Жүргіш әйел…» – деп қана құр естіген…

Олар кімнің тереңіне бойлаған?
Ішсе – асқа, кисе – киімге тоймаған!
Әлиханды сотта – атып, «контр» деп,
Абайды да ақымақ деп ойлаған!

Бізді деймін…
Бізді қойшы, – бір елді,
Ойлап қашан тығырыққа тірелді?
Брежневті суреткер – деп – жазушы
Лениндік сыйлық беріп жіберді…

Ал… айтайын… келтірмеңіз күлкімді,
Маған қалай қыйдыңыз сіз бұл күнді?
Сіз кетесіз… Сіз кеткен соң бұ жерге,
Мені қайта кіргізбеуі мүмкін-ді…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button