Басты тақырыпТеміртау

«Қара қар» – ластану салдары

    Теміртау қаласының әкімдігінде шаһардағы экологиялық жағдайға байланысты кеңейтілген жиналыс өтті. Жиынға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР Энергетика вице-министрі Ғани СӘДІБЕКОВ, мемлекеттік органдардың, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілдері, тәуелсіз экологтар, ынталы топ мүшелері қатысты.

Отырыста металлургтер қаласындағы «қара қарға» байланысты оқиғадан соң облыс әкімдігінде құрылған жұмыс тобының мүшелері атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді.

Бүгін біз осында жұртшылықпен бірге біздің топтың жасаған жұмыстарының нәтижесімен танысу және алдағы бағыттар жайлы білу үшін жиналып отырмыз, – деді Ерлан Қошанов. – Бұл жерде кінәліні табу ғана емес, қоршаған ортаға тиіп жатқан зиянды қалай жоюға болатынын анықтау маңызды.

Теміртау қаласының бірнеше нүктелерінен алған қар үлгісінің зертханалық нәтижелерін «Экоэксперт» ЖШС директоры Виктор Матонин хабарлады.

Қол жеткізген нәтижелерге сай біз «қара қар» деп атап отырған ластану тек жергілікті көздердің салдарынан екенін дәл айта аламыз. Дәлірек айтар болсақ, ешқандай трансаймақтық ауысып келулер жоқ, – деп атап өтті ол.

Сарапшының мәліметінше, қардың үлгілерінде көміртек пен күйенің және де темірдің үлкен көлемдегі қоспасы анықталған. Бұл отын-энергетикалық кешеннің және металлургиялық өнеркәсіп көздеріне сілтейді. Тұнбаларда титан, барий, ванадий, кадмийдің элементтері анықталған. Мұнай өнімдеріне тексеру барысында автокөліктердің үлесі бағаланған. 

Облыстық экология департаментінің мәліметіне сай 2017 жылы Теміртаудағы атмосфераға шығарылған зиянды заттардың көлемі шамамен 290 мың тоннаны құраған. Негізгі бөлігі: 221 мың тоннадан астамы немесе жалпы ластанудың 77%-ы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі. Өнеркәсіптік өндірістердің ішінде екінші орында «Bassel Group LLS» ЖШС орналасқан (6,8%), үшінші орында – «Карцемент» (3,9%). Автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтар 25 мың тоннадан сәл асады (8,7%), пештен шығатын зиянды түтін – 3430 тонна (1%).
Бүгінгі таңда Теміртауда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «ТЭМК» кәсіпорындарында жоспардан тыс табиғатты қорғау шараларының орындалуы тексеріліп жатыр. Энергетика вице-министрі хабарлағандай, анағұрлым сапалы сараптама алу үшін елордалық зертханалардың өкілдері жұмылдырылған.

Кездесу барысында қала экологиясын қалыпқа келтіру бойынша шаралар туралы айтылды. Алдағы уақытта түрлі көздерден қаржыландырылатын кешендік жоспар құрылатын болады.

«Қара қарға» байланысты жағдай Теміртау қаласындағы экологияны қалыпқа келтіруде нақты шаралар қолдануға маңызды себеп болып отыр. Әрине, жедел шаралар қолданылатын болады. Алайда, келешекте де экологияны жақсартуға септігін тигізетін жүйелі жұмыстар да қажет, – деп мәлімдеді Ерлан Қошанов.

Аймақ басшысы табиғатты қорғау бойынша кешендік шаралар жоспарын құруды, тұрғын үйлер аумағында атмосфералық ауаны бақылайтын бекеттердің санын ұлғайтуды тапсырды. Теміртау әкімдігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қаладағы қоршаған ортаның жағдайына қоғамдық мониторинг жасауды ұйымдастыру бойынша тапсырма алды.

Облыс әкімі «АрселорМиттал Теміртауды» экологиялық бақылау қызметтері мен ластау көздеріндегі есептеу құралдарының көрсеткіштеріне қолжетімділікті қамтамасыз етулерін сұрады.

Ақпараттың жоқтығы күдіктер тудырады, қоғам дүрлігеді, – деді Ерлан Қошанов.

Кездесу барысында, сонымен қатар, өнеркәсіптік өндірістердің ауа райына байланысты қалдықтарды шығаруды реттеу керектігі талқыланды. Тұрақсыз метеожағдай болжамы кезінде ластау көздері атмосфераға шығарылатын эмиссияны төмендету режиміне ауысулары қажет.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының басында Теміртаудағы «қара қарға» қатысты жағдай жұртшылық арасында алаңдаушылық тудырған болатын. Билік басындағылар шетте қалмады. Қала әкімі облыстық Экология департаментіне жағдайдың мән-жайын анықтауын сұрап хат жіберген. Облыс әкімдігінде экологиялық жағдайды зерттеу және қалыпқа келтіру кешендік шараларын құру үшін жұмыс тобы құрылды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button