АймақҚарағанды

Қарағандының өндірістік коды

Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орталық аймаққа жасаған жұмыс сапары – стратегиялық серпіннің бастауы болды. Президент өңірдегі өндірістік әлеуеттің нақты көрінісі ретінде QazTehna кәсіпорнына арнайы ат басын бұрып, заманауи автобустар мен арнаулы техника өндірісін өз көзімен көріп шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сарыарқаның жүрегіндегі өркенді өңірге үнемі айрықша назар аударатынын атап өтіп, аймақ болашағын айқындайтын сындарлы бағыттарды нақты белгіледі. Президент өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін ел дамуының қазығы ретінде бағалап, осы салада ауқымды серпіліс жасау қажет екенін баса айтты.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Темір мен технология

Бүгінде QazTehna зауыты Қазақстандағы һәм Орталық Азия кеңістігіндегі ірі көлік машина жасау орталықтарының біріне айналып үлгерді. Кәсіпорынның өндірістік портфелінде әлемдік нарықта сенімді брендке айналған Yutong маркалы қалалық, қалааралық, туристік және мамандандырылған автобустардың кең спектрі ұсынылған. QazTehna – тек техника емес, яғни, инновация, қауіпсіздік және заманауи стандарттармен үйлескен жоғары технологиялық өнім. QazTehna – индустриялық қуаттың нақты бейнесі. Зауыт іске қосылған 2021 жылдан бері небәрі бірнеше жыл ішінде 4000-нан астам автобус шығарылып, ішкі нарық пен экспорттық бағыттарда сенімді сұранысқа ие болды. Демек, жоғарыдағы сандар жай ғана статистика емес, отандық машина жасаудың жаңа парадигмасына айналған нақты көрсеткіш.

Кәсіпорын аясында мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, жоғары білікті инженерлер мен мамандардың жаңа буыны қалыптасты. Кадрлық саясатта да сапалық серпіліс пен әлеуметтік тұрақтылық аңғарылады. Осы жолымен QazTehna қалтқысыз қызметін тек өндіріс шеңберімен шектемей, инновациялық ойлау мен технология трансферін дамытатын стратегиялық хабқа айналу үстінде. Зауыт алдағы жылдары өндіріс көлемін еселеп арттырып, экспорттық жағрапиясын кеңейтуді, сондай-ақ, электромобильдер мен смарт-көлік шешімдеріне көшу арқылы республиканы болашақтың көлік технологиялары картасына енгізуді мақсат етіп отыр. QazTehna – темірден туған амбиция ғана емес, болашақты қалыптастыру жолындағы нақты әрекет. Қазақстан көлік өнеркәсібінің жаңа дәуірі осы тұстан бастау алды десек, қателеспейміз.

Егер осы қарқын сақталса, алдағы 3-5 жыл ішінде QazTehna кем дегенде 15-20 мың техника бірлігін өндіруі әбден мүмкін. Бұл – тек ішкі нарықты қамту ғана емес, экспорттық әлеуетті Орталық Азия, ЕАЭО, ТМД және тіпті, Шығыс Еуропаға дейін кеңейтуге берік негіз. Қазірдің өзінде экспортқа бет алған өндіріс, ертеңгі күні аймақтық хаб мәртебесіне ұмтылып отыр. Қарапайым тегершік құрастырудан толық циклді кластерге бой түзеген QazTehna өндірісті оқшаулау деңгейін арттырып, жергілікті компоненттік база мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы Қазақстанды көлік индустриясының стратегиялық торабына айналдыруда. Бұл дегеніміз – импортты алмастыру ғана емес, технологияны меңгеру, инновацияны үйрену емес, өзіміз жасау деген сөз. Ал, зауыттың мыңнан астам білікті маманы – жаңа инженерлік ұлттың қалыптасып келе жатқан буыны. Технология тілін ана тіліндей меңгерген, болашақ көлік архитектурасын ел ішінде қалыптастыратын кадрлық қуат. Электромобильдер мен смарт-көлік шешімдеріне көшу – енді асқаралы арман емес, өндірістік күн тәртібіндегі нақты міндет. Әлем баламалы энергияға бет бұрып жатқан тұста QazTehna – Қазақстанды болашақтың технологиялық картасына енгізуге ұмтылған ұлттық локомотив. Жылма жыл мыңдаған техника шығарылып жатқан бұл кәсіпорынның болашағы – индустриялық өрлеудің нақты моделі.

Қарағандыдан – Еуразияға!

Іскерлік кездесу – жай ғана ресми диалог емес, екі елдің өнеркәсіптік серіктестігінің ұзақ мерзімді бағытын айқындайтын тарихи кезең. QazTehna-дай жойқын жоба – экономиканы әртараптандыру мен жоғары технологиялық өндірісті дамыту саясатының нақты жемісі. Ендігі міндет – өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін енгізу арқылы өңірді ғана емес, тұтас елді өндірістік-инновациялық өрлеу жолына бастау. Қош, QazTehna тек автобус құрастыру зауыты емес, біртұтас Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбекке белсенді интеграцияланып келе жатқанын дәлелдейтін пәрменді платформа. Жеті жиһан Қазақстанды, оның жүрегіндегі қазыналы Қарағандыны енді жаңа индустриялық көшбасшы ретінде тануға дайын. Бірегей бастама екі ел үшін де өзара тиімді жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан тарабы жоғары технологияларды тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыруға бет алса, Yutong үшін – геостратегиялық жағынан тиімді орналасқан Қазақстан арқылы Орталық Азия, Каспий маңы елдері және Еуразиялық экономикалық одақ нарығына сенімді қадам жасау мүмкіндігі бұл. Бұл – бұл ма?! Yutong-тың осы жолдағы ұстанымы айқын. Қазақстан – өндірістік торап, ал, Саран – болашақтың технологиялық шеңбері. Трансұлттық серіктестік пен локализация үдерістері тереңдей түскен сайын, QazTehna зауыты да қарапайым құрастыру алаңынан толыққанды инновациялық кластерге айналу жолына қарышты қадам басты.

Қазіргі уақытта кәсіпорынның технологиялық әлеуетін арттыру және өндірістегі жергілікті қамту үлесін айтарлықтай ұлғайту мақсатында жаңа өндірістік қуаттар тетіктерінің құрылысы қызу жүргізілуде. Мәселен, 10 мың шаршы метрден астам аумақты қамтитын атаулы ауқымды жобаның аясында қаптама элементтерін дәнекерлеу, құрастыру, дайындау және штамптау бойынша заманауи өндірістік корпустар бой көтеруде. Яғни, зауыттың қарапайым құрастыру алаңынан толық циклді, технологиялық тұрғыдан дербес өнеркәсіптік кешенге айналуын меңзейді. Жаңа инфрақұрылымның іске қосылуы өндірістегі оқшаулау деңгейін едәуір арттырып, отандық компоненттік база мен жабдықтар үлесін кеңейтуге даңғыл жол ашады. Өз кезегінде QazTehna-ның Қазақстандағы автобус техникасы өндірісіндегі көшбасшылық позициясын бекітіп қана қоймай, кәсіпорынды өңірлік ауқымда бәсекеге қабілетті ойыншыға айналдырады. Қарқынды құрылыс легі ертеңгі өндірістік қуат, ұлттық технологиялық қауіпсіздік пен экспорттық әлеуеттің кепілі. Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді әріптестікті одан әрі кеңейтуге, бірлескен жобаларды сапалы жаңа деңгейге көтеруге және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ортақ ұмтылысын нақты растады. Индустриялық серіктестік аясында қабылданып жатқан шешімдер екі ел арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, Қазақстанды жоғары технологиялар мен өндірістік инновацияларды тарту бойынша өңірлік орталыққа айналдыру жолындағы маңызды қадам саналады.

«Бәрекелді!» делік, сонымен. QazTehna біздіңше жөнекей зауыт емес. Тат баспас темір мен ақыл-парасаттың, селкеусіз серіктестік пен сенімнің, ортаймас амбиция мен әрекеттің тоғысқан тұсы. Сарыарқаның төсінде туып, тұтас Орталық Азияға үн қатқан үнсіз революция! Сараннан басталған салқар сапар республикамыздың индустриялық жүрегінің дүрсілі. Дөңгелегі көрнекті көштің әшекейлі дауысы. Ал, енді, болашаққа жол ашық!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button