Мемлекеттік органдардың өкіліне сұрақ қою, балалар спектаклін тамашалау, жастарға арналған конкурстарға қатысу – мұның бәрін бір күнде және бір жерде жасауға болады. Қарағанды орталық саябағында 21 маусымда сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған үлкен әлеуметтік жәрмеңке өтеді.
Қарағандылықтар облыстық және қалалық ведомстволардың мамандарына сұрақтар қоя алады. Жәрмеңкеге денсаулық сақтау, Мансап орталығы, жер қатынастары қызметкерлері, балалар мен отбасы құқықтары жөніндегі өкілдер, жеке сот орындаушылары және т. б. қатысады.
– Қарағандылықтар тұрғын үй, жер учаскелерін алу, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша кеңес ала алады. Қазірдің өзінде 15 жұмыс беруші қатысатындарын айтты. Сондай-ақ жәрмеңкеге полиция, ТЖД, прокуратура қызметкерлері қатысады. Олар тегін заңгерлік кеңес береді, соның ішінде қоғамдық қауіпсіздік саласындағы проблемалық сұрақтарға жауап береді, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.
Сонымен қатар, саябақ сахнасында К. С. Станиславский атындағы театрдың “Мен ит болғым келмейді” ертегісі көрсетіледі. Жергілікті қолөнершілер өз тауарларын ұсынады. “Таза Қазақстан” акциясы аясында жасылелдіктер жастарға арналған конкурстар мен викториналар өткізеді.
Қарағандыда әлеуметтік жәрмеңкелер жаз бойы өткізілмек. Келесі жәрмеңке Майқұдықта жоспарланған. Ұйымдастырушылар Оңтүстік-Шығыс, Сұрыптау, Пришахтинскіні де қамтымақ.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі