Қарағандылықтар қолтаңбасы

Қарағанды қаласының ерікті жастары Астана күні қарсаңында Елордамыздың құрылысына білімі, еңбегі мен тәжірибесін жұмсаған алғашқы қарағандылық құрылысшылармен кездесті. Кездесу барысында қонақтар НұрСұлтандағы әсем де көрікті ғимараттардың бой көтеру тарихы туралы сөз етті.

Ақорда, «Мәңгілік Ел» монументі және Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежай – алғашқы жылдары салынған ғимараттардың бірі. Осы ғимараттардың құрылыс жұмыстарына Тілеубек Едгин, Юрий Дунаев, Виктор Попов сынды қарағандылық құрылысшылар өз үлестерін қосқан.

Тілеубек Едгин – «Имсталькон» ЖШС-нің экс-директоры. 1998 жылдан бастап «Қазақстан» спорт сарайы нысанының құрылысына атсалысқан. «Бәйтерек» кешені және әуежайдың монтаждау жұмыстарымен тікелей өзі айналысқан.

Ел астанасының енді салынып жатқан шағы. Қиын-қыстау уақыт. Жұмыс қауырт. Жоспарды мерзімінде орындауың керек. Мойныңа жауапты істі алғаннан кейін тиянақты әрі сапалы жасау шарт. Сондықтан, бар күш-жігерімізді салып, күн-түн демей істедік. Соған лайық жалақымызды да уақытылы қолға алдық. Қазір Елордамыз адам танымастай өзгеріп кеткен. Аз ғана уақыт ішінде гүлденіп шыға келді. Көкпен таласқан ғимараттар көздің жауын алады, – дейді Тілеубек Елеусізұлы.

1996 жылы жаңа астананы абаттандыру жұмыстарына алғашқылардың бірі болып Қарағанды «Промстройпроект» институты бекітілген еді. Қаланың бас жоспарын әзірлеуді де осы аталмыш институтқа тапсырған. Сонымен қатар, Есіл өзенінің жағалауы, Бөгенбай батыр даңғылындағы және 9 шағын аудандағы тұрғын үйлер, сонымен қатар, Бас прокуратура ғимаратының бой көтеруіне Юрий Дунаевтың еңбегі сіңді.

Нұр-Сұлтандағы зәулім ғимараттар мен көпқабатты үйлер құрылыстың дамуына үлкен үлесін тигізді. Жас астанамыздың бой көтеруіне барша құрылысшылардың еңбегі сіңді деп толық айтуға негіз бар. Мейлі ол сәулетші, монтажер, идея авторы болсын. Мұның бәрі бір ғана адамның қолынан келмейтін іс. Қазір міне, шетелдіктер қызыға да, тамсана да қарайтын күйдеміз. Ал, осының бәрін білгісі келіп, қызығушылық танытқан жастардың бары – мені қуантады, – дейді Қарағанды «Промстройпроект» ЖШС бас инженері Юрий Дунаев.

Виктор Никитович те жас астананы тұрғызуға үлес қосты. Қазіргі таңда Виктор «Қарағанды геотехникалық инженерлік ізденістер институты» ЖШС Бас директоры. Сол жылдары Есіл өзені жағасындағы құрылыстарды әріптестерімен бірлесіп атқарған. Ақорда, «Интерконтиненталь» қонақ үйі, Бейбітшілік және келісім сарайы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Астананың салтанаты», «Бәйтерек» тұрғын үй кешені және тағы да басқа ірі ғимараттардың бой көтеруінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған.

Біз Елордамыздың дамуына үлес қосқан құрылысшылармен және құрылыс тарихымен таныстық. Жасыратыны жоқ, мұндай дүниелерді жастар біле бермейді. Қарап отырсаңыз, әр ғимараттың өзіндік тарихы, мазмұны бар. Енді сол ғимараттарды көргенімде тарихы бірден ойға оралатын болды. Мен де жанымдағыларға білгенімді айтып жүретін боламын, – деді студент Диас Амантай.

Ербол ЕРБОЛАТ.