Ғибрат

Қарағандылықтар – қаһарлы соғыс жылдарында

1941 жылы 22 маусымда, күндізгі сағат 12-лерде радиодан Кеңес халқына фашистердің кенеттен соғыс ашқаны туралы суық хабар тарады.  Барлық Кеңес халықтары сияқты Қарағандының еңбеккерлері Отанын, намысы мен бостандығын қолдан бермеуге, жауын құлату үшін барлығын жасады. №44,45 шахтаның бастығы, орден иегері Т.Күзембаев митингіге шығып: «Біздің қала бар жанымен коммунистік партияға, Кеңестік басқаруға берілген, қажырлы еңбек ете алады» – деді.

Соғыс өрті Қарағандыдан сан мыңдаған шақырым қашықта өтіп жатқанымен, оның тауқыметін Арқа жері де бірден сезді. Соғыстың алғашқы күнінен-ақ Отан қорғауға жарамдылар мен еріктілер қатарынан Орталық Қазақстанда әскери құрамалар жасақтала бастады. Бұлардың қатарында, Қызыл Тулы 72-гвардиялық Красноград атқыштар дивизиясы бар. Ол әуелде 29-атқыштар дивизиясы ретінде 1941 жылдың соңында 1942 жылдың басында Қарағанды және Ақмола облыстарынан әскерге шақырылғандардан құралды. Осы дивизия 64-ші Армия құрамында Сталинградтың Оңтүстік-Батыс және Оңтүстік жағында болған қорғаныс ұрыстарына, генерал-фельдмаршал Ф.Паулюстің 6-шы армиясын қоршап, талқандауға қатысты. Гвардиялық дивизияның одан арғы жауынгерлік жолы Румынияны, Венгрияны және Австрияны азат ету шайқастарына ұласып, олар соғысты Праганың оңтүстік маңында аяқтаған.

Қарағанды топырағынан майданға аттанған тағы бір әскери құрама 378-ші Перекоп атқыштар дивизиясы. Бұл дивизия 1941 жылы жасақталып, 61-ші Армия құрамында сан ұрысқа қатысады. Дивизия севастопольді, Бухаресті жаудан босату үшін болған шайқастарда ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ұлы Отан соғысының тарихында өзінің атын мәңгіге қалдырған Ленин орденді Қызыл Тулы 310-шы Новгород атқыштар дивизиясы да Орталық Қазақстанда жасақталды.

1942 жылдың ақпан айында орталық баспасөз беттерінде Кеңес Одағы телеграф агенттігінің «Эшелондар мерекелік сыйлықпен майданға кетіп барады» деген хабары жарияланды. Онда «…Қазақстанның барлық 14 облысы бір-бір эшелоннан сыйлық жөнелтті. Майданға қазірдің өзінде 100-ден астам вагон кетті…» деп жазды. Даңқты Қызыл Армияның 24 жылдығы құрметіне майдандағы жауынгерлерге арнап сыйлық жөнелту жөніндегі бастаманы кенді өңірдің барша тұрғыны қуана қабылдады.

Қарағанды қаласында майданға сәлемдеме жөнелтуге арналған салтанатты митингі 1942 жылы 19 ақпан күні өтті. Оған халық көп жиналды. Сарыарқаның төрі Қарағанды майданға аз уақыт ішінде 28 вагон азық-түлік, киім-кешек басқа да керек-жарақ жинаған еді.

Қарағандылықтар еліміздің қорғаныс қорын жасау жолындағы бүкілхалықтық қозғалысқа белсене қатысты. Олар 100 млн. сомнан астам соғыс заемы облигацияларын сатып алды, «Қарағанды шахтері», «Қарағанды темір жолшысы» танк колонналары, «Қарағанды әйелдері» атты санитарлық авиация звеносын құруға көп қаражат жинады. Қарағанды еңбекшілері фашистік басқыншылардан азат етілген Украина шаруашылықтарына зор көмек беріп, оларға 22 мың пұттан астам астық, 55 трактор, 40 трактор соқасын, 11 мың ірі қара, 40 мыңдай қой-ешкі, 2 млн. сомдай ақша жіберді. Қарағанды әйелдері Донбасс балалары үшін бақшалар мен яслилер салып жабдықтауға 3 млн. 307 мың сом ақша жинап, жөнелтті». Бұдан да басқа көмек-жәрдемдер көрсетті .

Соғыстың бірінші жылында «Қарағанды көмір» трестінде 3268 мамандандырылған жұмыскерлер даярланды, олардың 1354-і әйелдер болды.

1942 жылдың сәуірінде көмір өндірісінде көрсеткен үлгілі еңбегі үшін 800 жұмыскер ордендермен және медальдармен марапатталғаны туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы жарияланды. Марапатталғандардың арасында 58 қарағандылық болды. Үкімет шахтаға соғыстың бірінші күндерінде келген қарт шахтерлармен тау-кеншілердің тынымсыз еңбегін атап өтті. № 33-34 шахтаның бұрғылайтын машинасының жүргізушісі Л.Тотяев Ленин орденімен, Жакен Мұқанов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Жау басып алған мекендердегі кәсіпорындар елдің шығыс аумағына жаппай көшіріле бастаған сол жылдарда Қарағандыға да бірқатар кәсіпорындар, ғылыми-зерттеу институттары және басқа да мекемелер жеткізілген. Солардың ішінде ең негізгісі деп Пархоменко атындағы Луганск көмір машиналарын жасау заводын айтуымызға болады. Ол соғыстың алғашқы айларында-ақ Қарағандыға көшірілген. Соғыс кезеңінде Кеңес Одағының қолдағы барлық соғыс және өндірістік арсеналарды ұтымды шоғырландырып, жаңа жағдайға шапшаң қалыптастырғанын айту қажет.

Соғыс алапатына қарамастан өңірде бейбіт өмірдің нышанының бірі ақындар айтысы болып өтті. Ақындар айтысының жаппай етек алып жандана түскен кезі 1943 жыл болды. Қазақстан жазушылар одағының III пленумы шақырылып, оған көрнекті халық ақындарының бір тобы қатысты. Кенен Әзірбаев пленумда сөйлеген сөзінде халық ақындарының еңбекшілерді жеңіске жігерлендірудегі патриоттық істерін айтады. Аудандар мен облыстарда айтыс өткізу ұйғарылды. Жазушылар одағына, облыс басшыларына нақты тапсырма берілді. Әуелде «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Ortalyq Qazaqstan») газет ұжымынан шыққан осы бастаманың ел басына ауыр күн туған шақтағы елге тигізер оң ықпалын жете ұғынды. Айтысты ұйымдастырып, өткізуге қазақ әдебиетінің ірі өкілі, сөз зергері Ғабит Мүсірепов бөлінді. Осы ақындар айтысы туралы газеттің сол кездегі редакторы Ә.Қарағұлов өзінің «Баспасөз және уақыт тынысы» кітабында былай дейді: «… Қарағандыда Доскей Әлімбаев дейтін көпті көрген көне, белгілі халық ақыны бар-ды.

«Советтік Қарағанды» газетінің редакциясы 1943 жылдың 13 маусымында бассейнде ақын-жазушылар мен кеншілердің кездесуін өткізген. Жиынның ресми бөлігі аяқталған соң ортаға екі ақын шықты. Бұлар №18 және №20 шахталар атынан айтысқа шыққан ақындар Қайып Айнабеков пен Ілияс Манкин болатын. Осы екі ақынның айтысын Ғ.Мүсірепов қорытады. 14 тамызда Қарағанды мен Балқаш қалалары халық ақындарының айтысы өтіп, Қарағандының намысын Көшен Елеуов қорғаса, балқаштықтардың атынан Шашубай Қошқарбаев шығады. «Советтік Қарағанды» газеті редакциясы ұжымының шағын бөлмесінде туындаған осы идея үлкен халықтық дүбірлі сайысқа ұласты.

Тек 1942-44 жылдар аралығында Қарағандыға еліміздің Батысынан 50 мыңнан астам адам көшіріліп әкелінді. Олар шахталарда, өндіріс орындарында, сондай-ақ халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етті.

Отан кеншілердің батырлық еңбектерін бағалады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды тау-кеншілері бүкілодақтық жарыста төрт рет Мемлекеттік Қарулы Комитеттің Қызыл Туын иеленді, олардың екі жүзі КСРО орденімен және медальдарымен марапатталды. 

Темірғали АРШАБЕКОВ,

облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button