Қарағандылық оқушылар республикалық байқаудан жүлделі оралды
Қарағандылық оқушылар Астанада өткен “Ақберен” республикалық шығармашылық байқауында екінші және үшінші орындарға ие болды. Жарысқа 1800-ден астам оқушы қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқушылар шешендік өнерде, эссе жазуда, халық аспаптарын меңгеруде, поэзия байқауында білімін сынады, өз білімдерін көрсетті, суырыпсалма ақындар рөлінде өнер көрсетті.
“Ақберен” республикалық өнер байқауы биыл тоғызыншы рет өткізілді.
— “Ақберен” еліміздің ең шығармашыл, талантты балалардың басын қосатын маңызды шара. Қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Егер 2021 жылы байқауға 94 оқушы қатысса, биыл 130 оқушы республикалық кезеңге өтті, — деп атап өтті Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.
Жеңімпаздар арасында қарағандылық оқушылар да бар. “Шешендік өнер” номинациясы бойынша екінші орынды Қарағанды қаласы Абай атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Еркежан Қаныш иеленді.
— Екі ай бойы дайындалдық. Біздің номинациямыз ең қиын болды деп айтуға болады, өйткені біз Майқы биден бастап бүгінгі күнге дейін шешендік өнерді зерттедік. Тек шығармаларды үйреніп қана қоймай, жүзден астам танымал би-шешендердің өмірі мен шығармашылығы туралы білуге тырыстық. Біздің номинацияға 20-ға жуық бала қатысып, Еркежан Қаныш екінші орынға ие болды, — деді Абай атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанкелді Кенжебайұлы.
“Көркем сөз” санатында Қарағанды қаласының № 61 жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрғасыр Изат үшінші орын алды.
Еліміздің әр өңірінен барлығы 36 оқушы өнер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.