Қарағандылық еріктілер Түркістан облысына 2 тонна гуманитарлық көмек жіберді
Қарағандылық еріктілер Түркістан облысының тұрғындарына гуманитарлық көмектің алғашқы партиясын жіберді.
– Зардап шеккендерге көмектесу – біздің парызымыз. Saryarqa Jastary облыстық штабының еріктілері су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинадық. Үш күннің ішінде 2 тоннадан астам жүк жиналып, Түркістанға жөнелтілді, – дейді Saryarqa Jastary облыстық еріктілер штабының өкілі Әлішер Самарбаев.
Гуманитарлық көмек ретінде бірінші қажеттіліктегі өнімдер және гигиеналық құралдар жинақталған. Бұған «Лингва» шет тілдері колледжі және жеке кәсіпкерлер көмектескен.
Еріктілердің айтуынша, қазір су апатынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау жалғасуда. Көмек көрсеткісі келетіндер 8 (7212) 402133 және 87013393733 телефондарына хабарласа алады.
Айта кетейік, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Бірнеше ауылды Өзбекстандағы су қоймасындағы бөгет жарылғаннан кейін су басып қалды. 30 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.