Қарағандылық дәрігерлер 2 айлық сәбиді аман алып қалды
Қарағанды қаласының №2 көпсалалы ауруханасы (кардиологиялық орталық) мамандары жүрегінде туа біткен ақауы бар 2 айлық нәрестеге қысқа мерзімде ота жасап, кіштентай сәбидің өмірін сақтап қалды.
– Сәбиіммен ауруханаға 31 қаңтар күні түстік. Алдымен біз емханаға келдік, бізді ультра дыбыстық зерттеуге жіберді, онда олар «тетрада Фалло» деп аталатын ақауды анықтады. Бізді дереу ауруханаға жатқызды, бір айдан кейін отаның бірінші кезеңін жасады, – дейді анасы.
Кардиологиялық орталықтың хирургтары «жүйелі-өкпе анастомозы» отасының бірінші кезеңін жасады. Артерия тарылған жерде өкпе артериясына стент орнатылды, болашақта ол ақауды түзетуге және радикалды ота жасауға мүмкіндік береді.
– Ауруханаға екі айлық нәресте ауыр халде түсті. Біз отаның бірінші кезеңін жасадық. Бұл ота жүректі тоқтатпай, соғып тұрған жүрекке жасалады. Отаның бірінші кезеңі баланың қалыпты дамуына және жүректің түбегейлі түзетуге дайындалуына көмектеседі. Кейін 4-5 айдан соң 2 кезең – тетрада Фалло ақауын түбегейлі түзету үшін ота жасалады. Жасалған ота қымбат әрі күрделі, дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы емдерді көп тұтынуды қажет етеді, шығындарымызды өтеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі аясында жүзеге асырылады, – дейді №2 көпсалалы аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Жанат Болатбекұлы.
Тетрада Фалло бұл төрт анатомиялық аномалияны біріктіретін туа біткен жүрек ақауы – қарыншалық перде ақауы, оң жақ қарыншаның стенозы және гипертрофиясы. Жүрек ақауы қандағы оттегімен қанығу деңгейінің біртіндеп төмендеуіне әкеледі. Бұл көрсеткіш 94%-дан төмен болғанда, бүкіл дененің жұмысында бұзылулар пайда болады – иммунитет төмендейді, ми қызметі және дененің жалпы дамуы баяулайды, терісі көкшіл түсті болады. Жүрек талмасы кезінде бала көгеріп, тез тыныс ала бастайды, мазасызданады. Осындай ақауы бар науқастарға бірден радикалды ота жасау мүмкін емес, сондықтан өмір бойы коррекция жасалып отырады. Нәрестеге болашақта туа біткен жүрек ақауын кезең-кезеңімен түзетіп отыру қажет.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz