Қарағандыда тоғызқұмалақтан ел чемпионаты басталды
Қарағандыдағы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған жандар арасында тоғызқұмалақтан ел чемпионаты басталды. Жыл сайын өткізілетін турнирге биыл әр өңірден 120-дан астам спортшы қатысуда. Бұл бәсекеде облыс атынан бес спортшымыз өнер көрсетуде.
Биыл бұл турнирге қатысушылардың қатары көбейген. Мәселен, Павлодар облысының өзінен 17 спортшы келіпті. Спортшылар үш санатта өнер көрсетпек. Әуелі жастар бақ сынасса, жалпы зағип жандар бір бөлек, нашар көретіндер өзара мықтыны анықтайды.
– Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың арасында тоғызқұмалақ спорты өте танымал. Тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар да өнер көрсетеді. Бұл додада үздік шыққан спортшыға шілде айында Чехияда өтетін әлем чемпионатына жолдама беріледі, – деді облыстық мамандандырылған мектеп басшысының мүгедектер спорты бойынша орынбасары Жанат Жұмабеков.
Қарағанды облысының намысын қорғайтындардың бірі – 17 жастағы Нұралы Елемес. Ол спорттың осы түрімен 10 жасынан шұғылданып келеді. Мұндай ірі турнирлерге қатысуы бірінші емес екен. Бұған дейін бірнеше мәрте облыстық біріншіліктің жеңімпазы атаныпты.
– Маған дойбы мен шахматтан көрі тоғызқұмалақ ұнайды. Күрделі спорт түрі болғанымен қызығырақ. Осы ойынның арқасында есеп шығаруға машықтанып келемін. Себебі, мұндағы әр жүрісіңді есептеп отыруың қажет. Осы чемпионатта да жеңіске жетуім үшін бар күшімді саламын, – деді қарағандылық спортшы.
Айта кетейік, чемпионат 8 сәуірге дейін жалғасады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz