Қарағандыда тағы бір бүлдіршін терезеден құлап, мерт болды
Қарағандыда кеше жантүршігерлік қайғылы оқиға болды. Ата-анасының қарауынсыз қалған екі жастағы қыз бала төртінші қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап, мерт болды.
Қайғылы жағдай қала орталығында, Н.Назарбаев даңғылы бойында орналасқан пәтерлердің бірінде болған.
– 18 маусымда Қарағандыда екі жасар қыз бала пәтердің төртінші қабатының терезесінен құлап кетті. Белгілі болғандай, анасы үйде шаруа қамымен жүріп, баланың терезеге қалай шығып кеткенін және құлап кеткенін байқамай қалған. Бала алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды, – делінген ТЖД таратқан хабарламада.
Балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлауына байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті балаларды қараусыз қалдырмауға, кішкентай балалары бар пәтерлердің терезелерін арнайы қорғаныс құралдарымен жабдықтауға, бала терезені өз бетімен аша алмайтындай етіп терезе тұтқаларын жабуға, ешқашан москит торларын қорғаныс ретінде пайдаланбауға, жиһаздың барлық түрін бала терезеге шыға алмайтындай етіп алысқа қоюуға кеңес береді.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.