Қарағандыда көмір тапшылығы болмайды
Қарағанды облысында 38 халыққа арналған көмір сату нүктелері бар. Қатты отынның қажетті қоры жинақталған – 20 мың тоннадан астам. Көмір түсіретін техникаға байланысты да еш қиындықтар жоқ, – деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің ресми сайты.
Халықты көмірмен қамтамасыз ету жағдайын Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов әрдайым бақылауында ұстап отыр. Басты міндет – өткен жылғыдай сұраныс дүрлікпесінің қайталанбауы. Ол үшін ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары жаз айларында басталып кеткен.
2018-ші жылдың 8 айында облыста коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналып 14 млн тонна көмір өндірілген – өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 10%-ға көбірек. Қолда бар есептемелер бойынша, орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ тұрғындар үшін бір қысқа жалпы есептегенде 745 мың тонна көмір қажет екен.
Алдағы жылыту маусымы қарсаңында Ерлан Қошанов қол астындағы қызметкерлерге ақпараттық жұмысты үдетуді тапсырды. Ол Қарағанды қаласының әкімі мен оның командасын үйді-үйге барып, жағдайды қадағалап қайтуға жіберді.
Сонымен қатар аймақ басшысы жерлестерімізге қысқа дайындықты созып алмай, дер кезінде жүргізуге шақырды.
– Менің халыққа айтарым: қазірден бастап көмірді сатып ала бастау қажет. Әйтпесе, бірер күннен соң, айдың соңында өткен жылғыдай дүрлікпе басталып кетеді, – деді Ерлан Қошанов аппараттық жиналыс барысында. – Көмір – өте маңызды мәселе. Қала және аудан әкімдері, бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырыңыздар. Ескертемін, әлеуметтік-мәдени нысандардың нақты қорын ескертусіз тексеру жүргізілетін болады: дәл осы сәтте көмір қоры қандай екені қадағаланады.