ҚАРАҒАНДЫДА ІЗІ ҚАЛҒАН
Қарағандылық кеншілер өздерінің кәсіби меркесі – Шахтерлер күнін алғаш рет 1948 жылдың 28 тамызы күні атап өткен екен. Мереке қарсаңында көмір өндіру көлемін ұлғайтқаны, шахталарды қалпына келтіргені және жаңадан салғаны, еңбек өнімділігін елеулі дәрежеде арттырғаны үшін Қарағандының он кеншісі – Т.Күзембаев, Ж.Әбдірахманов, М.Айтқұлов, М.Акулов, А.Воронков, Б.Нұрмағамбетов, Д.Обухов, В.Шибаев, С.Шоманов, Г.Хайруллин Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Ұзақ жыл бойы мүлтіксіз еңбек еткен 119 озат кеншіге «Құрметті шахтер» атағы берілді. Бұл туралы кейін Социалистік Еңбек Ері Ә.Сағынов өзінің «Өмір жолдары» атты кітабында: «Сол күні бүкіл еліміз шахтерлердің күнделікті ауыр еңбегі үшін, соғыс жылдарындағы жеңіске қосқа үлестері үшін алғыстарын білдіріп, оларға құрмет көрсетіп жатты. Қарағандылықтардың есінде 1948 жылдың 28 тамызы соғыстан соңғы жылдардың ең таңдаулы, ең бақытты күні ретінде қалды», – деп жазған еді осы мереке туралы.
Қарағанды жері біздің ұлы классиктеріміздің бірі өндірістің наны деп бейнелеген, халық арасында «қара алтын» деп бағаланған тас көмірімен ғана емес, сонымен бірге патриоттық бастамаларымен де белгілі болды, аңызға айналған ардагерлерімен де әйгіленді.
Сондай жандардың бірі 1947 жылы 10 қыркүйек күнін Шахтер күні ретінде ресми түрде атап өтуге үлес қосқан еді. Ол аты көпке мәлім мемлекеттік қайраткер, КСРО көмір өнеркәсібі министрі, үш мәрте Ленин, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз ордендерімен марапатталған, техника ғылымдарының докторы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Дмитрий Григорьевич Оника еді. Қарағанды облысының тарихында қалған, облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған құнды құжаттардың біріне назар аударған жөн болар.
Дмитрий Григорьевич Оника 1910 жылы Украинада Полтава облысының Кременчуг қаласында дүниеге келген. Бір жасқа толар-толмастан вагон жасау зауыты жұмысшысының босағасына біреулер әкеліп тастап, сол үйде тәрбиеленеді. Он жасынан кулак Черновтың малын бағады, одан соң панасыз қалады. Кейіннен ФЗУ-ға қабылданып, оны бітірген. 1928 жылдан бастап Киров вагон жасау зауытында слесарь, бу машинасы машинисінің көмекшісі болады. 1929-1930 жылдары Житомир педагогикалық институты жанындағы жоғары оқу орындарына даярлық курсының оқушысы. Ал, 1930 жылдан Мәскеу қаласындағы Сталин атындағы тау-кен институтының студенті.
Өзінің қоғамдық жұмысын комсомол қатарына қабылданған 1925 жылдан бастаған ол орнықтылығымен, жауапты орындаушылығымен, бастамашылдығымен ерекшеленді. 1938 жылдың ақпан айында «Болашақтың шахтасы» деген тақырыпта өзінің дипломдық жұмысын үздік бағаға қорғап шығып, сол жылдың 29 қазанында кен істері саласындағы өнертапқыштығы мен техниканы жетілдіргені үшін техника ғылымдарының кандидаты атағына ие болды. Еңбексүйгіштік, жауапкершілік, өмірге ұмтылыс сияқты маңызды қасиеттер бұрынғы КСРО көмір өнеркәсібі министрінің өмірінде аз болған жоқ. Мәскеу тау-кен институтын бітірген соң Д.Ониканы ВКП(б) Шахтинск қалалық комитетіне партиялық қызметке жіберіп, ол мұнда қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сол жылдың қазан айында Ауыр өнеркәсіп Халық комиссариаты Көмір шаруашылығы Бас басқармасы бастығының орынбасары, одан соң Көмір өнеркәсібі Халық комиссарының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Еліміз үшін аса ауыр болған Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941 жылдың қазанынан 1942 жылдың қаңтарына дейін бригинженер Д.Оника – Оңтүстік майдан 8-ші саперлер армиясының командирі болып, Донбасс пен Сталинград маңында қорғаныс құрылғыларын салуға белсене қатысты. Соғысты инженерлік-техникалық қызметтің генерал-полковнигі болып аяқтады. Үкіметтің шешіміне сәйкес 1945 жылы КСРО-ның Польшадағы экономикалық миссиясының мүшесі болды. Сол жылдары Польшаның үшінші дәрежелі «Полония Реститута», «Алтын жұлдызды Комендорский» ордендерімен, сол сияқты 1-ші дәрежелі «Польша мемлекетінің жаңашылы», «КСРО таңдаулы өнертапқышы» төсбелгілерімен марапатталды. Үкіметтің тапсырмасымен Австрияның, Германияның, Венгрияның, Манчжурияның, Чехословакияның көмір ресурстарын зерттеді. Дмитрий Григорьевич Мәскеуге Көмір өнеркәсібі Халық комиссарының орынбасары және Мәскеу көмір комбинатының қалпына келтіру жөніндегі бастығы қызметін атқаруға шақыртылады. 1946 жылдың қаңтарында КСРО батыс аймағының Көмір өнеркәсібі Халық комиссары болып тағайындалған. Сол кезде өзіне тән ықпалмен ортақ іске – бассейнді көтеріп, қирап жатқан халық шаруашылығын тезірек қалпына келтіріп, металлургия және қорғаныс зауыттары тиімді жұмыс істей бастауы үшін өз үлесін қосуға барын салды және қарамағындағыларды да соған жұмылдырды. Шахталар салынып, іске қосыла бастады, еңбек адамдары үшін жұмыс кестесін, оларға қауіпсіз еңбек режімін жасау қажет болды. Мұнда да алға қойған міндеттерді табысты шешу үшін Д.Оника ауқымды жауапкершілікті өзінің иығымен көтерді.
Дмитрий Григорьевич 1947 жылдан бастап КСРО-ның батыс, одан соң шығыс аймақтарының Көмір өнеркәсібі министрі болды. Көптеген жылдар бойы оның жұмыс уақыты таңғы алтыдан басталып, түннің ортасына дейін созылды. Ал, әр күнде оның қаншама істер атқарғанын есептеудің өзі оңай емес. Ондай істердің ірі және мемлекеттік, тіпті, мыңдаған адамдардың тағдырына қатысты болып келетіні айтпаса да белгілі. Оның лауазымы осындай жауапкершілікті талап етті. Бұл жылдар көмір өнеркәсібі үшін барлық бағыттар бойынша ең жасампаз жылдар болған еді. Оның ішінде шетелдермен өзара пайдалы өндірістік және ғылыми-техникалық байланыстарды жедел дамытудың алатын орны бөлек болатын. Осылардың барлығы ойластырылған шаруашылық саясаттың арқасында жүзеге асырылды. Салаларды басқарған тәжірибелі мамандар лауазымдық баспалдақтармен билік басына қарай өрлеп отырғандығы жасырын емес. Мұндай сипаттама Дмитрий Григорьевичке де тән болатын. Ол тау-кен және техника ғылымдары саласында аса білікті, өндірісті басқаруда тамаша тәжірибелі, айтары мол лауазым иесі еді.
Дмитрий Григорьевич Оника еңбек десе ерініп көрген емес. Ол көмір өнеркәсібі саласына қатысты көптеген монографиялардың, кітапшалардың, техникалық мақалалар мен көптеген өнертабыстың авторы. Ол көмір өндірудің технологиясы мен механикаландыру құралдарын жетілдіру мәселесімен үзбей айналысты. Ол жаңа техника мен технологияға, ғылымның жетістігіне бейтарап қараған емес, саланы дамытудың барлық кезеңдерінде оларды жеделдетуге бағытталған тура жолды таба білді. 1954 жылы техника ғылымдарының докторы атағын алды. Көмір кен орындарын игеру саласындағы тау-кен ғылымының сан қырлы мәселелері бойынша терең энциклопедиялық білімге ие болды. Техника мен технологияның осы бағыттарына лайықты үлес қоса білді. 1953 жылдан 1957 жылға дейін Мәскеу көмір комбинатының бастығы болып істеді, одан соң КСРО Көмір өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Дмитрий Григорьевич Оника 1957-1965 жылдар аралығында Қазақстанда тұрып, еңбек етті. Ол Қарағанды Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы болып істеді, кейін «Соколоврудақұрылысы» тресіне басқарушы болып ауысты.
Бір сөзбен айтқанда Дмитрий Григорьевич Оника тек Қарағанды облысының ғана емес, Қазақстанның да халық шаруашылығының дамуына өзіндік үлес қосқан азаматы.
Жаңагүл ТҰРСЫНОВА,
Қарағанды облысы мемлекеттік архивының басшысы,
педагогика ғылымдарының кандидаты.