Қарағандыда 85 шақырымнан астам жол жөнделуде
Қарағандыда биыл жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жалпы ұзындығы 85 шақырымнан асатын автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланған.

Қазіргі уақытта Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын ұзындығы 6 шақырым болатын жаңа магистральдің құрылысы жалғасуда. Бүгінде оның 800 метрлік бөлігі дайын. Жыл соңына дейін тағы екі шақырымға асфальт төсеу көзделген.

Сонымен қатар, Тәттімбет пен Мұқанов көшелерінің қиылысындағы жолайырықты қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Жоба аясында жолақтар саны көбейтіліп, қосымша бұрылыстар салынды және нөсерлі кәріз жүйесі ретке келтірілді.
Қаладағы маңызды жолдардың бірі – Спасск тас жолын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Мұнда жаңа жол жабыны төселіп, велосипед жолы салынып, іргелес аумақ абаттандырылмақ.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстар да қарқынды. Қала орталығындағы М-2 және Майқұдық тас жолы бойындағы М-3 жылу магистральдарын қайта жаңарту жалғасуда. Тозу деңгейі 70 пайызға жеткен құбырлар жаңасына ауыстырылып, жер астымен жүргізілуде.

Жобалар энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртудың Ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Ол екі жылға есептелген. Биыл 1,5 шақырым жылу желісін қайта жаңарту жоспарланған. Бұл алдағы жылыту маусымында жылумен қамтудың сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



