Қарағанды сарбаздары – алдыңғы лекте
Кеше Қарағандыда ҚР Қарулы Күштері Бас штабының басшысы, генерал-лейтенант Мұрат МАЙКЕЕВ жергілікті әскери басқару органдарының өкілдерімен жиын өткізді. Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ қатысқан республикалық жиында көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы шығарылып, сондай-ақ, алдағы күзгі шақырылым міндеттері белгіленді.
Әскери борышты атқару әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті. Сондықтан, бүгінгі шара облыс орталығы үшін ғана емес, жалпы қазақстандықтар үшін маңызды. Өткен әскерге шақыру науқаны бойынша Қарағанды облысы алға қойған жоспарды жүз пайыз орындады, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.
Жиынға республикалық маңыздағы қалалар мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары, облыстардағы денсаулық сақтау басқармалар басшыларының орынбасарлары, Қорғаныс істері бойынша департаменттер басшылары қатысты.
– Елбасы – ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы жіті назарының арқасында бізде қазіргі уақытта заманауи қару-жарақ және әскери техникамен қамтамасыз етілген, өзіндік жауынгерлік қабілеті ұтқыр әскерлер мен әскери құрылымдар бар. Бұл ретте қару-жарақ және техникамен жоғары деңгейде жабдықталуына қарамастан, негізгі жауынгерлік компонент адамның әлеуеті, яғни, жеке құрам болып қала береді. Шақырылу контингентінің сапасы артып келеді. Біз қазіргі кезде анағұрлым жақсы, сауатты сарбаздарды қабылдап жатырмыз. Аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру мақсатында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіне аумақтық қорғаныс жүйесін кіріктіру тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама шеңберінде аумақтық қорғаныс басқармасы құрылды. Оның негізгі міндеттері жалпы жетекшілік етуді жүзеге асыру болып табылады, – деді Мұрат Майкеев.
Көктемгі шақырылым қорытындысы бойынша Алматы, Қарағанды, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарының Қорғаныс істері жөніндегі департаменттері алдыңғы лектен көрінді. Сонымен бірге, шақырылу контингентін алдын ала зерделеу, сондай-ақ, мектептерде ұйымдастырылатын алғашқы әскери дайындық мәселелері қозғалды.
Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі департамент басқармасының басшысы Нұрбол Серікбеков нұсқау-әдістемелік сабақтар барысында «Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әскердің жағымды имиджін қалыптастырудағы БАҚ ролі» тақырыбында баяндама жасады.
Жергілікті әскери органдардың басшылық құрамының алдағы уақытта өтетін оқу-әдістемелік жиыны 22 қыркүйекке дейін Спасскідегі Құрлық әскерлерінің оқу орталығында жалғасады.
Салтанат Ильяшова
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.