Қарағанды облысында қайта жаңғыртудан өткен екі теміржол вокзалы ашылды
Қарағанды облысында Дария және Мырза станцияларындағы теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жоба жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын енгізуге және тұрғындар мен өңір қонақтары үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мәлімдеді.

1940 жылы пайдалануға берілген Дария станциясының вокзалы толық жаңғыртудан өтті. Жалпы ауданы 757,4 шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат кешенді түрде жөнделіп, инженерлік инфрақұрылымы жаңартылды. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жаңа эвакуациялық шығу жолдары жасалды. Бұл станция арқылы Астана, Қарағанды, Жезқазған, Семей, Балқаш, Павлодар, Түркістан, Шымкент, Шу, Тараз, Маңғыстау және Бейнеу бағыттарына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.

1987 жылы салынған Мырза станциясы вокзалының жалпы ауданы 479,3 шаршы метрді құрайды. Реконструкция барысында инженерлік коммуникациялар толық жаңартылып, ғимараттың ішкі бөлмелері мен қасбеті жөнделді. Сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылды. Станция арқылы Қарағанды, Қостанай, Астана және Көкшетау бағыттарына қатынайтын 6 жолаушылар пойызы жүреді.

Құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде отандық өндірістің материалдары қолданылды. Жаңартылған вокзалдар қауіпсіздік, қолжетімділік және қызмет көрсету сапасы бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Жалпы, Қарағанды облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында 14 нысан – 10 вокзал мен 4 жолаушылар платформасы кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



