Бас тақырып

Қарағанды медицинасының мүмкіндігі мол

Аймаққа іссапармен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Денсаулық сақтау және білім берудегі мейірбикелер мен инновациялық технологиялар» ғылыми-практикалық конференциясына қатысты. Шара барысында министр барша медицина қызметкерлерін келе жатқан мерекесімен құттықтады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының ғимаратында өткен конференция мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шарамен басталды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлек­паев пен Ақмарал Әлназарова құттықтау лебіздерін білдірді.

– Аймақтың мамандары жүрек пен қан тамырларына, омыртқаға, бас миы мен жұлынға күрделі ота жасап жүр. Буындарды протездеу, жаңа туған нәрестелерді күту, онкологиялық ауруларға көмек көрсету және заманауи медициналық қызметті шеберлікпен қолданып жатқанын айтқым келеді, – деген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір басшысы ретінде назар аударатын бірқатар жайттар бар екенін айтты.

– Бірінші кезекте облыс тұр­ғындары үшін медицина қызметі қолжетімді болуы маңызды. Ол үшін тек қала емес, ауылдық жерлердегі технологиялық мүмкіндіктерді, оңалту қызметі, КТ мен МРТ кабинеттерін жетілдіру қолға алынған. Ауыл медицинасын жаңғырту міндеті де ерекше бақылауда. Елдімекендерде медицина нысандарының құрылысы белсенді жүргізілуде. Тағы бір мәселе – сала мамандарын баспанамен қамту. Бұл мәселені барлық әдістермен шешіп жатырмыз. Соңғы екі жылда 130-ға жуық медициналық қызметкер баспаналы болды. Тұрғындардың жайлылығы үшін емдеу мекемелерінің жағдайын жақсартып жатырмыз. Былтыр 14 нысанда жөндеу жұмыстары жасалды. Бұдан да басқа мәселелер бар. Олардың барлығын шешуге күш саламыз, – деген аймақ басшысы барлық медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады.

Ведомство басшысы да мереке қарсаңында Қарағандыға келіп, осындай шараға қатысқанына ризашылығын білдірді.

– Денсаулық сақшысы болып жүрген еліміздегі 275 мыңнан астам медициналық қызметкерлерді құттықтауға рұқсат етіңіздер. Талай жылдан бері осы салада маңдай терін төгіп жүрген жандар жетеді. Сол кісілердің сіңірген еңбегін жақсы білеміз. Медицина қызметі – адамгершіліктің асылы. Оның мәртебесі қашаннан жоғары болуы керек.

Биылдан бастап заңға өзгеріс­тер енгізілгенін барлығыңыз естідіңіздер. Сол заңның аясында медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылуда. Алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы тағайындалды, – деді Ақмарал Шәріпбайқызы. Ол әр маманға денсаулық, күш-қайрат, отбасыларына амандық тіледі. Әрі ведомстволық төсбелгілерді табыстады. Аймақтың 72 маманы «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Оның бірі – облыстық клиникалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Галина Калиева. Медицина саласында 23 жыл өмірін арнаған маман министрдің қолынан «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін алды.

– Бұл – менің алғашқы марапатым. Әрине, өте қуаныштымын. Бұл жұмыста ынталандырып, жігер береді. Жалпы, бүгінгі таңда мемлекет те, жергілікті әкімдік те денсаулық сақтау саласына көп жағдай жасап жатыр. Медицина да қарқынды дамып жатыр. Мен бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Кейде қиналған сәттер болса да, медицинадан кету туралы ешқашан ойлаған емеспін. Барша әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтап, тек жақсылық тілеймін, – деді ол.

Салтанатты шарада ауылға барып еңбек етуге ниет білдірген бірқатар жас мамандарға да сертификаттар табысталды. Шет ауданы, Өспен ауылының жалпы практика дәрігері Тұрсын Оразбай мемлекеттің қолдауына ие болып, 8,5 млн теңге сертификатын алды.

 

– Ауылда сегіз айдан бері жұмыс істеп жатырмын. Басшы­лық та, әріптестерім де жақсы. Тұрғындармен байланыс орнатып, сеніміне ие болу үшін еңбек етіп жатырмыз. Жергілікті әкімдік үй-жай, барлық қажеттілікпен қамтамасыз етті. Жас отбасымыз, қаражатты балаларымның болашағы үшін жұмсаймын, – деді жас маман.

Соңғы деректерге сүйенсек, аймақта 17 059 медицина қызметкері бар. Оның 5736-сы дәрігерлер болса, 11 323-і – орта медициналық қызметкерлер.

Салтанатты шарадан кейін конференция жұмысы жалғасын тапты. Оның аясында мейіргерлік және акушерлік істі дамытудың ағымдағы мәселелері мен стратегиялық бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, ел аумағында енгізіліп жатқан мейіргерлік қызметтік жаңа моделі таныстырылды.

Қарағанды жоғары медициналық колледжінің директоры Саттар Әбдіғұловтың айтуынша, конференцияның маңызы зор. Оған Қазақстанның басқа аймақтарынан бөлек, Өзбекстан, Беларусь елдерінен де мамандар қатысуда.

– Дамыған мемлекеттерде мейіргерлер дәрігерлердің функциясын атқара береді. Дәрігер өз жұмысымен, мейіргерлер өз міндетімен айналысады. Бұл реформа орынды деп ойлаймыз және оны жүзеге асыруға дайынбыз, – дейді Саттар Маратұлы.

Ол жасалып жатқан қолдау жайлы айтып өтті. Айтуынша, колледж студенттеріне берілетін грант көбейеді.

– Жыл сайын 170-200 болса, биылғы жаңа оқу жылында грант саны 500-ге жетпек. Қазіргі уақытта колледжде 2 мыңға жуық студент оқып жатыр. Былтыр 800-ден астам студент қабылдадық. Алғашқы рет былтыр көзі көрмейтін жастар үшін инклюзивті орта қалыптастырып, оқуға алдық. Олар биыл массажист мамандығын игеріп шығады. Осы жазда 429 түлек бітіреді. Күрделі жөндеу жасалып, жатақхана орындары артып, білім алушылар мен оқытушылар үшін де жағдай жасалуда. Осы арқылы орта буын медицина мамандарына деген тапшылық азаяды деп ойлаймыз, – деді ол.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button