«Арғымақ міндім – өкінбен…»
Біздің күллі тарихи болмысымыз бен ұлттық келбетіміз – ертегілер мен аңыз-әпсаналарымызда. Ертегіден басталған Ұлттық кодымыз (пырақ бейнесі) Елтаңбамызға бір-ақ көшкенін жылқы туралы бір жазбамда жіліктеп айтқанмын. Қазақ ертегілерінің кез келгенін қараңыз. Бір байдың немесе жарлы-жақыбайдың баласы өсіп, ержеткен соң, өзіне лайықты бір тұлпар мінген соң барып қана мұратына жетеді. Тек тұлпарға мінген соң ғана еліне бақыт сыйлай алады. Қола дәуіріндегі даңқты ерлердің атымен қоса жерленетіні – мұның бір дәлелі. Мақал-мәтелдерімізде «Ер қанаты – ат» делініп келсе, кейіннен жыраулар поэзиясында ол барынша арналанып көрсетілді де, жылқы тақырыбының да нүктесін Абай данышпанның қойғаны қайран қалдырмай қоймайды.
Әңгіме – Абайдың өлеңі, «Аттың сынында». Мұндай саф туынды әлем поэзиясын екшеп келіп жібергенде тек Абайда, Абай арқылы Алаш поэзиясында ғана болуы мүмкін. Абайдан бұрын жыраулар поэзиясында болған. «Ту құйрығы бір тұтам, Тұлпар міндім – өкінбен» немесе «Арыстандай екі бұтын алшайтып, Арғымақ мінген өкінбес» дейді ХV ғасырда Тұран даласында өмір сүрген атақты Доспанбет жырау.
«Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген» қазақтың арғы бабалары жылқыны қолға үйреткеніне де VІ мың жыл өтіпті. Ботай мәдениетінен бері қайырғанда. Біздің жыл санауымызға дейін ІV мың, одан беріде ІІ мың жыл. Ұлы жердің бетінде өркениет көшінің сегіз қиыр шартарапқа керуен тартқанының VІ мың жылдығы. Ұлы жердің бетіндегі адам сенгісіз алғашқы жаңалық, көш пелілер жасаған тұңғыш төңкерістің VІ мың жылдығы – бұл. Түп иесі – біз, Сақ, Ғұн дәуірінен Түркіге жалғасып, Түркіден – Қыпшақ, Қыпшақтан Алаш ұранды Қазаққа айналған Ұлы Даладағы көшпелі жұрт. Атқа мінгенінің арқасында адамзат баласына үстемдік орнатқан Ғұн империясының Еуропаға жорығы еске түседі. Еділ патшаның Еуропаны жаулап, орасан зор үстемдікке ие болуы да – бес қаруы сай ғұн әскерінің ат құлағында ойнағанының арқасы деп біліңіз.
Ғұн империясының көсемі Мөде шанюйдан сол кездің өзінде қағаз, оқ-дәрі ойлап тапқан қытайлардың арғымақ аттар сұрағаны тегін емес. Жылқыны алғаш қолға үйреткен Ботай мәдениетінің храналогиясымен салыстырғанда, көршілес қытайлардың ғұндардан арғымақ сұраған кезі – берідегі тарих. Олар сол кездің өзінде жылқыны әлі қолға үйрете алмаған деген сөз. Енді осыдан кейін біздегі Ботай мәдениетінің құндылығын бағамдай беріңіз. Қазіргі адамзат баласы Айға ұшып, Марсқа бармай тұрып, тас ғасырында қозыкөш жерді игеру мұң болған. Жылқыны қолға үйретіп, мініс көлігіне айналдырған Ұлы Дала перзенттері уақыт пен кеңістікті игерді. Ақыл-ойы мен дүниетанымы өсті. Бұрын жылдап жүріп жете алмайтын ат тұяғы тимеген жерге жетті. Ұлттық ертегілерімізде айтылатындай, «айшылық жерді алты аттап, жылшылық жерді жеті аттап» жететін көлік коммуникациясы – тайбурылдар пайда болды. Сол арқылы орасан зор мүмкіндікке қол жеткізді. Әлемге үстемдік құрды.
Манағы Доспанбет жырауыңыз «Арғымақ міндім, өкінбен» дегенде, ат үстінде серілік дәурен сүріп, емін-еркін жүргенін айтып тұрған жоқ ой көзімен қарағанға. Сөздің бастапқы мағынасы, ол – бір жағы. Анығында, жырау күйкі тірлікке қамалмаған Азаттықты айтып тұр: «Алғаш атқа қонып, адамзатқа үлгі болдым. Кеңістікке жол аштым» деген ұлы емеурін тұр осы екі жолда. Өйткені, Доспанбет, осы қатарлы басқа да жыраулардың жорық жырларын, дүниелік пайымдарын тағы бір зерделеп көрсеңіз, әлгіндей пікірде: «Дүниенің егесі біз, адамзатқа үлгі көрсетіп, кеңістікке жол аштық» дегенді батыл айтады.
Сөзді ертегіден бастап, ұлы Абайға құлағанбыз. Әлем поэзиясында аттың сынын Абайша сипаттаған ақын бар ма, жоқ па деп әлі ойланам. «Шөп те шығатын жеріне шығады» дейтін ертедегі қариялар. Сол сияқты, мұндай саф туынды да жылқыны алғаш қолға үйретіп, өркениетке жол ашқан төл топырағында ғана туса керек. Басқа жұрт перзенті жазған күнде соның көшірмесі күйінде қала бермек. Сондықтан, Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тарихтағы ұлы бетбұрыс кезеңін қайта жаңғыртты. Енді бір екі жүз, үш жүз жылда тарих доңғалағы кері айналуы әбден мүмкін деген сөз…
Жәнібек ӘЛИМАН