Ресми

Қар бөгейтін қалқан орнатылады

Облыс күре жолдарында қардан қорғайтын заманауи модульдік қоршаулар орнатылмақ. Мұндай «қамалдар» едәуір күрделі жол аумақтарында қар екпінін бәсеңдетіп, автожолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға септеседі.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Бүгінде осы сынды модульдік конструкциялар Ақмола облысының автожолдарында сыналу үстінде. Құрылыс шыны талшықтан әрі полиэфир шайырынан жасалды. Коррозияға аса төзімді. Әдепкі темірбетон конструкцияларымен салыстырсақ, біріншіден орнатылуы оңай. Оның үстіне арнайы техникалық қызмет көрсетуді әсте қажет етпейді.

– Бұл соны тәжірибе – көршілес Ақмола облысында табысты жалғасып келе жатқан оңтайлы, жеңіл құрылым. Қоршауды орнату үшін топырақтың тұтқырлығы ғана қажет. Мәселен, күзге қарай біз Қарағандыдан Балқашқа қарай шығатын автожол бойында осындай қарға қарсы қалқандарды орнатуды көздеп тұрмыз, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов.

– Әлбетте, өңірдің өзіндік ерекшелігін де ескермеске болмайды. Кез келген жаңа жоба уақыт пен сарабдал көзқарасқа зәру. Аймағымызда қандай нәтиже беретінін бажайлайтын боламыз. Өйткені, Қарағандыда өзге аймақтарға қарағанда жауын-шашын молырақ, жиі жауады.

Бүгінде «ҚазАвтоЖолдың» облыстық қосыны өңірде 1444 шақырым көлік жолдарында қыз­мет етеді. Жолдарды қыс мезгілінде лайықты деңгейде күтіп ұстау үшін ұйымда 137 бірлік техника бар. Шнекоротор, аралас жол техникасы, автогрейдер, трактор, бульдозер және арнаулы тиегіштер жолдың бабын табуға кәдімгідей сеп. Тұтқиылдан бораған қардан жол бедерін аршу үшін қажет болған жағдайда тағы 10 бірлік жалға берілетін арнайы техника жұмылдырылады.– Қыста жол біткенді сапалы күтіп ұстау үшін биыл біздің еншілес компаниямыз тағы 29 қар тазалау техникасын сатып алды, – деп атап өтті Ерлан Жұмағұлов.

– Автожолдардың ең көп жүретін учаскелерінде біз 28 мың метрден астам тұрақты және 3 мың метрден астам уақытша қар ұстайтын қалқандар орнаттық. Сондай-ақ, қар ұстайтын траншеялар, біліктер мен қабырғалар қоса орнатылды. Ауа райының күрт нашарлап, жолдар жабылған шағында біз барынша қысқа мерзім ішінде қарды тазартуға, полиция қызметінің сүйемелдеуімен автокөліктердің қауіпсіз ағымын қамтамасыз етуге харекет жасаймыз. Жолдың жайы – елдің жайы. Сапарға шыққан жолаушы діттеген жеріне дер шағында аман-есен жетуі әрқашан маңызын жоғалтпайды. Көлік тізгіндеген жүргізушілер әредік сын-пікірін жасырмай айтып жатады. Құлақ түреміз, түсіністік танытамыз. Не дегенімізбен, арнайы машиналарды жолаушының дәп өзіндей қарапайым адамдар басқаратынын баяндағанымызда барып, ойланып қалып тұрады көп жандар. Мәселен, делік. Жол үстінде ақтүтек бораннан ештеңе көрінбесе, әріптестерімізге жұмыс істеу қиындығы тек еселене береді. Қармен де, жолмен де алысу сірә да оңай болмасы аян.

Кейінгі екі-үш күнде күн райының бұзылып, екпіні қатты жел мен боран көтерілгері бері жол атаулы көзге көргісіз болғандықтан аймақта барлық бағыт бойынша тас жолда шектеу қойылды.

– Мұндай шешім «Қазавтожол» ұлттық компаниясы мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлескен негізде қабылданады. Біз ауа райы болжамына күнбе-күн сүйенеміз. Азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін қам қыламыз, әрекет етеміз. Сондықтан, автокөлік жүргізушілерін жолға шектеу қойылғандығы турасындағы ақпарат ағынына мұқият болуға, қолайсыз күндерде елдімекеннен тыс жерге шықпауға шақырамыз, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Хантеміров.

Республикалық маңызы бар автожолдар бағыттарының жабылуы туралы қажетті ақпаратты «Қаз­АвтоЖол» компаниясының ресми сайтынан оқуға болады немесе компанияның call-орталығына 1403 нөміріне қоңырау шалу қажет.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button