АймақҚарқаралы

Қарқаралыдағы қысқы жарыс

Қыс мезгілінде аязға қарамастан жаяу серуендеуге, шаңғы теуіп, балық аулауға баратындар көп. Тек ұйымдастыра білсе болғаны. Қысқы туризмнің аймақтағы мекені – Қарқаралы. Жақында республикалық шаңғышылар марафоны өтіп, балықшылар жарысы ұйымдастырылды.

Екінші мәрте ұйымдастырылған марафонға Қарағанды, Теміртау, Семей, Көкшетау, Астана қалалары мен Ресей елінен шаңғышылар қатысты. Жалпы саны 40-тан астам спортшы бақ сынасып, алты топ бойынша бәсекеге түсті. Жүгіру қашықтығы – 30 шақырым.

– Табиғатымызды тамашалап қана қоймай, бар мүмкіндігімізді пайдалануды жөн көрдік. Қысқы туризмді дамытуға толықтай қабілетіміз жететінін осымен екінші рет көрсеттік. Салтанатты ашылуда дәстүр бойынша жас спортшылар бір шақырымға жүгіріп өтті. Бұл марафонға еліміздің түпкір-түпкірінен шаңғышылар келіп қатысты. Тек жасөспірімдер мен кәсіпқой шаңғышылардан бөлек ардагер шаңғышылар да атсалысты. Мәселен, Семей қаласынан келген 70-ке таяп қалған Дәмегүл Бөлекпаева да белгіленген қашықтықты жүріп өтті. Әсіресе, жасөспірімдердің шаңғы спортына деген қызығушылығы жоғары. Жастар жағы – 30 шақырымға, қыз балалар – 15 шақырымға, ардагерлер 10 шақырым қашықтықты бағындырды. Шараның өтуіне ұйытқы болған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Аблаевқа, «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы спорттың қысқы түрлері бойынша облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің» басшысы Гүлнар Әліқұловаға, «Олимпиада резервін даярлау орталығының» басшысы Жанат Байшолақовқа алғыс білдіремін, – деді, марафонды ұйымдастырушы, кәсіпкер Думан Бейсенаев.

Жылдың төрт мезгілінде де құлпырып, көздің жауын алатын Қарқаралы кез келген спорт түрін дамытуға қолайлы. Мәселен, жыл сайын ұйымдастырылатын балықшылар жарысы бұл жолы да әдеттегі үрдісінен жаңылмады. Балық аулауға құмар жандардың басы қосылып, көк мұз қатқан көлге қармақ салды. Желдің өтінде ұзақ отыру оңай емес екені аян. Бұрғысы мен орындығы, балық қабатын жемі сақадай сай балықшылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан жарыстан бас тартпады. Балық аулауға деген қызығушылық – төзімділікті, сабырды қажет ететін спорттың түрі. Барлық жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан марапатқа ие болды.

Сағыныш ӘБІЛ,

Қарқаралы ауданы.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button