АймақҚарқаралы

Қарқаралыда арнайы массаж кабинеті ашылды

Қарқаралылық Гюзель Орынбекова аудан әкімінің 1.5 млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантын иеленіп, сәбилер мен ерекше балаларға арналған массаж кабинетін ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Әрі елдің де алғысын алып жүр.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Гюзельдің медицина саласында білімі бар. Бұған дейін бірнеше жыл Қарқаралы емханасында медбике болып жұмыс істеген. Одан кейін, жергілікті оңалту орталығында массажист болған. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін үйде бос отырғысы келмеген ол сауықтыру массажы мен моторлы онтогенез техникасы бойынша онлайн білім алған. Қазір осы білімінің арқасында көпшіліктің сұранысын орындап отыр.

– Екі жыл бойы шақырған үйлерге барып массаж жасап жүрдім. Осы уақыт ішінде менің жеке клиенттік базам қалыптасты. Қарқаралыда массаждың барлық техникасын меңгерген және қызметтердің толық кешенін көрсететін сертификатталған шеберлер жоқ. Ата-аналарым маған арнайы оқудан өтуімді сұрап, балаларымен жұмыс істегенімді қалады. Кейіннен аудан әкімінің гранты жайлы хабардар болдым. Бизнес жоспар құрып, мемлекеттен қайтарымсыз гран иелендім, – дейді Гюзель Орынбекова

Қазіргі таңда Гюзель алған грантына арнайы гидромассаждық ванна, төсек-жабдықтарды және басқа да қажетті дүниелерін алып, массаж бөлмесін ашқан. Осы бөлмеде бұлшықет гипертониясы, дисплазиясы және басқа да қимыл-қозғалысында қиындықтары бар нәрестелерді қабылдап, ем-дом шараларын жасайды. Одан қала берді, түрлі аурулары бар ерекше балалар да ем қабылдайды. Бір сағатқа созылатын сеанста тек массаж емес, электрофорез, парафин терапиясын да қатар жасайды.

– Аудан әкімінің гранты маған өз мақсаттарымды іске асыруға көмектесті. Бұрын ерекше балалардың ата-аналары массаж үшін Қарағандыға баруға мәжбүр еді. Енді олар сыртқа шықпай-ақ, осы жақтан ем қабылдай алады. Келешекте жұмыс орынымды кеңейтіп, қызметтерді тұрғындарға қолжетімдірек еткім келеді. Сондықтан үнемі білімімді жетілдіріп, біліктілігімді арттырып отырамын, – дейді Гюзель Орынбекова.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button