АймақБас тақырыпҚарқаралы

Қарқаралы туризмі: сенім бар, серпіліс керек

Мемлекет басшысының Жолдауында туризм мәселесі тағы көтерілді. Әлеуетті арттыру үшін арнайы Туризм министрлігін де жасақтады. Елдің туристік әлеуеті осы жылдар аралығында тайға таңба басқандай айқындалды. Сол орайда бірер жыл бұрын туристік ондық, елулік деген мекендер тұмсығынан тізіліп тізімделген. Әйткенмен одан беріде де туризмнің адымы ашылмағаны тағы мәлім.
Алматыдан, Астанадан келген туризм саласының майталмандары, турблогер мен осы тақырыпқа қалам тербеп жүрген журналистердің басы қосылып, Қарқаралыны бетке алды. Ал енді облыстың кәсіпкерлік басқармасы ұйымдастырған баспасөз турының мақсаты мынадай: Қарқаралы туризмінің әлеуетін арттыру үшін қандай қадамдар қажет? Нендей жетіспеушіліктер бар? Онымен қоса, қасымыздағы туроператорлар арқылы туристтер тарту. Қысқасы, аймақтағы туризмнің тамырына қан жүгірту.

Туризм мәдениеті төмен

Сонымен, екі жүз жылдық тарихы бар қаладағы алғашқы аялдаған жер – Құнанбай қажының мешіті. Туристік топ кезінде Құнанбайдың пәрменімен бірде-бір шегесіз салынған көне мешіттің тарихымен танысты. Бізді қарсы алған Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Әділжан Арғынов, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Серік Төлеубек меймандарды мешіттің оң жақ қапталынан соғылған Құнанбай қажы мен бала Абайдың ескерткішін көрсетті. Ескерткішті дәп осындай қылып соғудың да өз сыры бар. Бала Абайдың Қарқаралыға алғаш келген кезеңін сипаттайды.

Әрмен қарай өлкетану мұражайына жол бастады. Мұнда біраз кідіруге тура келді. Туристер түпнұсқа экспонаттарды тамашалады. Әсіресе, Қоянды жәрмеңкесінен қалған жәдігерлерге деген қызығушылық жоғары. Сол базарлы кезеңнен қалған сейфтердің сырына үңілді. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың қолданған заттары да музей төрінде. Қарқаралы қойнауынан табылған қару-жарақтар, жебе ұштары мен балбал тастарға таң-тамаша болысты.

Түс ауа Қызыл кенішке жол тарттық. Бұл жолы көлігімізді «ПАЗикке» айырбастадық. Әйтпесе, «сықырлап» тұрған «Sprinter» біз межелеген жерге жете алмас еді.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм комитетінің төрағасы Жазира Жанкина Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі жолға санитарлық аялдама салынғаны жөн дейді. «Яғни, туризм биодәретханадан басталады», – дейді ол.

– Қарқаралы табиғатынан бөлек, тарихымен бағаланады. Өлкенің өз басы, яғни, қаласына келер жылы 200 жыл толады. Біз барған қажының мешіті, өлкетану мұражайы бар, одан бөлек Абай тоқтаған үй, Григорий Потанин тұрған үй бар, тағы осы секілді көне үйлер көп. Қазір туристер орманға от жағып, ас ішіп, көлге түскеннен гөрі ел мен жердің мәдениетіне, тарихына қызығады. Біз сол сұранысты өтеуіміз керек. Мысалы, бүгінгі мұражай қызметкерлері жасаған экскурсия көңілімізден шыға қойған жоқ. Арамыздағы турист аудиогид сұрап еді, оның қуаты таусылып қалғанын айтты. Меніңше, мұндағы әр тұрғынға, әр қызметкерге туризм мәдениетін үйретуіміз керек, – дейді Жазира Жанкина.

Жазира ханымның тағы бір ұсынысы көңілге қонады: қаладағы көлік көп өтеді деген жерге билборд іліп, Қарқаралының керемет жерлерін, тарихи мекендерді неге жарқыратып, жарнамалап қоймасқа?

Елге керегі этнотуризм

Сонымен, Қызыл кеніш сарайына қарай бет түзедік. Кент ауылынан үш шақырымдай ғана ұзадық. Жан-жағымыздың бәрі жақпарлы тау. А-а-а, айтпақшы мына бір ғажап көрініске қайран қалыстық. Жолда доп-домалақ алып тастарды кезіктірдік. Жол бастаған Жанбота Тойшыбек: «Аңыз бойынша бұл – Алпамыс­тың жаттығу алаңы», – дейді.

Сарайды XVIІ-XVIІI ғасырдан, жоңғар шапқыншылығы кезеңінен қалған архитектуралық жәдігер деседі. Құрылыс материалына таудың қызыл тасы қашалып пайдаланыпты. Ғимарат екі қабат етіп салынған. Буддистердің ғибадат етер орны екен. Орманшылар мұнда жылда буддистер келіп, шатырларын тігіп, құлшылықтарын жасайтынын айтады. Қызыл кеніштің құпиясы әлі толық ашыла қоймаған. Ғалымдардың пайымдауы осындай. Сырттан келген туристерге де осы мекен сыр бүгіп қалды. Қайтар жолда баяу ағып жатқан «Домалақтас» бұлағынан су іштік те, Кент ауылына қарай ат басын бұрдық.

Он түтін ғана қалған аядай ауылдың ертеңіне алаңдаулы жастар бар мұнда. «Туризмді дамытамыз» деген жас отбасы қарсы алды бізді. Жас отбасы Азамат Байбатыр мен Динара Жақан былтыр аудан әкімінің 1 миллион теңге грантын алып, оған шағын қонақүй ашып, тіршілік етіп отыр. Алыстан келген меймандарға арнайы «Qymyz party» секілді жобалары бар. Арнайы ұлттық киіммен қарсы алады, қонақтарға бие сау­ғызады. Қымызды қалай баптау керектігін, құртты қалай дайындайтынын көрсетеді. Ат мінемін деген туристерге де тұлпары ерттеулі. Туристік топ осының бәрін тамашалады. Жас отбасының жанарларынан туризм саласына деген жанашырлықты көріп, ризашылықтарын жеткізді.

Алматыдан келген туроператор, гидтерді оқыту бойынша халықаралық тренер Арина Жаманқараева жобаны әлі де әрмен қарай жетілдірсе, нағыз этноауыл жасаса, жарнамасын үдетсе деген пікірін қоса кетті.

– Сіздердің ауылдан кетпей, осындай шаруаны қолға алғандарыңыз айтып жүретіндей-ақ іс екен. Барлық мүмкіндік бар. Енді, осы аумаққа киіз үй тіксеңіздер, қалалықтарға ауылдың қоңырқай тіршілігін көрсетсеңіздер, керемет болар еді. Қазір ауылды аңсап жүрген қаладағы ел көп. Ауылы жоқ ел сіздерге ағылады. Instagram желісінен парақша ашып, жарнаманы күшейтулеріңіз керек. Таргетпен жұмысты ширату керек. Келген туристі ғана күтіп, шығарып салумен шектелмеу қажет. Қарқаралыға келген туристердің 70-80 пайызы сіздерге сөзсіз, келеді. Дәп Кент тауының баурайы, тарихи орындардың бәрі сіздер жақта. Бастысы, сіздерде ниет бар, – деп бағыт-бағдар нұсқады Арина Жаманқараева.

Қарқаралы туристтерді тарта алады

Келесі күнгі бағытымыз – Шайтанкөл. Алматыдан келген туроператор Арина Жаманқараеваның айтуынша, Қарқаралының да туризммен шекесі шылқып кетуге толық мүмкіндігі бар. Соның қарапайым жолын сұрадық.

– Қарқаралыға Алматының Саты ауылының мәдениетін әкелу керек. «Қонақжай үй» деген. Мысалы, туристі өзіңіз күтіп алып, тамақтандырасыз, үйіңізден жататын бөлме бересіз. Сәйкесінше, ақыңызды аласыз. Қосымша қызмет ұсынамын десеңіз, тағы мархабат. Қазір Саты ауылының кішкентай балалары да туризммен айналысады. Баланың өзі айына 1 миллиондай табады. Атын жалға берсе де. Мысалы, Шайтанкөлге шығу үшін ат жалға берсе болады. Аяғы ауыратын кісілер, үлкендер бұл қызмет түріне жүгінеді. Осылай ат туризмінің өзін қолға алуға болады. Мысалы, жол бойы келе жатып, саңырауқұлақ теріп жүрген жұртты көрдік. Осының өзін арнайы ұйымдастырып, кәсіп етуге болады. Одан бөлек, «УАЗик» алып, сонымен де туристерді тау-тасқа тасуға болады. Мұнан ақша табасыз, және турист тартуға да жол ашасыз. Осындай қарапайым жол арқылы туризмді түлетуге болады. Қарқаралыда туризм қайнайды деп сенім білдіргім келеді. Мұндағы халық өте қонақжай екен. Еті, қымызы сондай дәмді. Мұның өзі турист тартуға сеп. Тек, мәдениетті қалыптастыру керек. Осыдан он шақты жыл бұрын Саты ауылында да туризм әлеуеті әлсіз, мүлдем «нөл» еді. Сондықтан, мен келешегіне сенемін, – деген пікірі бізге үміт ­сыйлағандай.

«Жосалыға» жол керек

Қоянды жәрмеңкесіне арналған көрмеге де, арнайы ұйымдастырылған «Алтын аймақ» атты өнер кешіне де көзайым болдық. Ауыл-ауылды аралап, дәм таттық.

Аудан әкімі Ерлан Құсайынды осы маңайдан жолықтырған туризм саласының сарапшылары өздерінің алып-қосарларын жеткізді. Әкім мырза алдағы уақытта бұл ұсыныстармен жұмыс жасайтынын және айтты.

Біздің келесі бетке алған нүктеміз – емдік суымен есімі әйгілі «Жосалы» шипажайы. Мұндағы ем-дом жасайтын процедуралық ғимаратпен таныстық. Суының дәмін таттық. Шипажайға келетіндердің саны жыл сайын артып келе жатқанын айтады басшылығы. «Жиырма бес шақырым жолымыз жөнге келсе» деген өтінішін де жеткізді.

– Қарқаралыда гид мүлдем жоқ десек те болады. Жастар мұндайға жанталасып тұру керек. Қазір түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Үкімет қаражат береді, соны алыңыз да қарекет қылыңыз. Өңіріңіздің туризміне үлес қосыңыз, – дейді алматылық турблогер Ұлан Әлімбек.

Ұланның Youtube желісінде 40 мың оқырман бар. Былайша айтқанда, белгілі жиһанкез. Шет елдерге де шыққан, Қазақстанның көрікті жерлерінің бәрін жүріп өткен. Мінезі біртоға мырза мынаны айтады: Қарқаралының туризмін дамыту үшін туристердің легі көп болуы керек. «Семейден Қарқаралыға өтетін жолды жаңғыртса, күрежолмен жүрген жұрт мұндай керемет жерден аттап өтпейді». Ойға қонатындай-ақ пікір.

Айтпақшы, Алматыдан, Астанадан келген туроператорлар уәде беріп кетті: Қарқаралыға туристер тартамыз, арнайы турбағдарлама әзірлейміз деп. Туризм комитетінің басшысы Жазира Жанкина туризммен айналысамыз деген жандарға қолдау білдіреміз, оқытамыз деп отыр. Оның үстіне туризмнің жеке министрлік болып жасақталуы да біраз жағдай жасамақ деген үмітте.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ-ҚАРҚАРАЛЫ-­ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button