АймақҚарқаралы

Қарқаралы мәдениетінің мәйегі

Мәдениет пен өнердің, рухани мұраның ордасына айналған Атығай Шанин атындағы Қарқаралы халық театрының тарихы тереңде. Өнерпаздарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, бір отбасындай жақындастырып отырған шаңырақтың шығармашылық қоржыны толағай табысқа толы.

«Адасқандар» қойылымынан көрініс

– Театрда ойнау – ұжыммен бір толқында болу. Ең бастысы – сезімдеріңді өзің ғана сезініп қоймай, көрермендеріңді де тұшындыра білуің шарт. Қарқаралыдағы театр тарихы 1920 жылдардан басталады. Осы жылы Қарқаралы халық үйі жанынан көркемөнерпаздар ұжымы отау көтерген болатын. Алғаш рет халық әртістері М.Әуезовтің пьесаларын дайындады. Сол кезде өнер көрсеткен Құсайын Оңғарбаев, Мәкіш Тарабаев, Рахила Ермекова, Әбеу Баймақанов, бертіндегі Баймұқаш Қалабаев, Шабал Битебаев, Нұрғали Найманбаев, Қажет Қиянатова, Бағдат Райымбеков, Марияш Исатаева, Қуан Жиенбаевтардың есімі өнер тарихының өңір шежіресіне алтын әріппен жазылды, – дейді театр режиссері Арай Құснетдинова.

«Қанжар мен домбыра», «Шұғаның белгісі», «Той болғанда», «Дөкей келе жатыр», «Ажар мен ажал», «Жапандағы жалғыз үй», «Боздағын күткен бейбақтар», «Қос анар», «Айман-Шолпан», «Жаралы гүлдер» спектакльдерін сахналап, көрер­мендерін көзайым етіп келеді.

Театр – қоғамды адамгершілік пен рухани құндылыққа бастайтын жол. Бір сәтке күнделікті күйбең тірліктен құтылып, рухани байлыққа кенелген аудан тұрғындары қойылымдардың жиі өтіп тұрғанын қалайды. «Досымның үйленуі», «Махаббат қызық мол жылдар», «Мұхитдиннің тағдыры», «Қанатталды» қойылымдары көрермен қауымның көңілінен шықты. Әсіресе, жастардың заманауи көзқарасы қойылымның шынайы шығуына ықпал етеді.

«Тақиялы періште» комедиясынан көрініс

Атығай Шанин атындағы театр нағыз халықтық өнер ордасы. Әртістері халықтың арасынан шыққан таланттар. Қойылымда рөл сомдайтындардың басым бөлігі мәдени қызметкерлер. Өмірдің боямасыз келбетін көрсетіп жүрген театр ұжымының еңбегі жемісті де жеңісті жалғасып келеді. Мәселен, С.Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына орай 18 ұжым қатысқан облыстық байқауда бас жүлдені иеленді. Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған халықтық көркемөнерпаздар театр ұжымдарының байқау-конкурсына қатысып, ұлттық сахна өнерінің дамуына және ауыл мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқаны үшін «Адасқандар» драмасы бас жүлдені қанжығасына байлады.

Биыл КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Театр – тәрбие бесігі» атты халық театрлар арасындағы «Театр айлығында» Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» комедиясын сахналағаны үшін театр ұжымына аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, «Үздік әйел бейнесі» номинациясына – Кәмшат Досжанова, «Кейіпкерді бейнелеудегі үздік актер» – Дарина Боранбаева, «Ең үздік сатиралық рөл» – Ботахан Мателов, «Көз нұры» – Аида Әбілқасымова лайық деп танылды. Әр қойылымның көркемделуіне жауапты театр суретшісі Сәкен Дәулетбаевтың, таспагер Тишбек Хамитовтың еңбегі зор.

Сағыныш ӘБІЛ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button