Арқаның ақбоз үйі

Арқа төсінде Кеншілер мәдениет сарайының 70 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концерт дүркіреп өтті. Шара шымылдығы атаулы мекеменің өткені мен бүгіні баяндалған бейнероликпен ашылды. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген мәдениет ардагерлерінің ақ лебізі ондағы қауымның көңіл-күйін көтеріп, мерейін асырды. Сахнада мәдениет сарайының көркемөнерпаздар ұжымы, кеш қонақтары Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Маржан Арапбаева және Республикалық «Жұлдыз-2018» эстрадалық ән орындаушылар байқауының бас жүлде иегері Әділхан Макин көрерменді әуезді әнге бөледі.

Кеншілер мәдениет сарайы – Қарағанды қаласының символы. Ғимарат құрылысы 1940 жылы жергілікті сәулетшілер Джозеф Бреннер мен Яков Яноштың жобасы бойынша басталған. 1952 жылы нысан толығымен пайдалануға берілді. Ал, 1983 жылы мәдениет сарайы сәулет ескерткіші мәртебесіне ие болған.

«Мен жарты ғасырға жуық сахнада жүрмін. Осы жылдар ішінде 20 рет Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында өнер көрсеткен екенмін. Қарағанды – сүйікті қалам. Мені әрқашан осындай мейіріммен, сүйіспеншілікпен қабылдайды. Республикамыздың ең үздік сахналарының бірін мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Роза Қуанышқызы.

«70 жыл ішінде Кеншілер мәдениет сарайы қала тұрғындары үшін сүйікті орынға айналды», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов салтанатты шарада сөйлеген сөзінде. Мерейтой аясында, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбегі үшін Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жаролла Ақышев, басшы орынбасары Саят Әбдіғали, Мәдени-сауық бөлімі қызметі басшысы Самал Истаева, «Жұлдыз» би ансамблінің жетекшісі Татьяна Савельева марапатталды. Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасын Халық шығармашылық бөлімінің басшысы Еркеназ Алтайбаева, сахналық жабдықтарды пайдалану бөлімінің басшысы Дәулет Дүйсембаев, вокалды-аспаптық ансамблінің жетекшісі Валерий Роголев, бас әкімші Айгүл Жақыпбекова, «Шабыт» эстрадалық ән орындаушылар студиясының жетекшісі Ерболат Маханбет иеленді. «Көзкөргендер» ардагерлер ансамбліне «Халықтық» атағын Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов табыс етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кешке олар жыл басынан бері дайындалған. «Кеншілер мәдениет сарайы Қарағандымыздың қасиетті өнер қазынасы. Атаулы кеште мәдени ошағымыздың қандай жұмыс атқарғанын көрсеткіміз келді. Қала тұрғындарына оның тарихы туралы айтып бергіміз келді. Еңбегімнің «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен бағаланғанына өте қуаныштымын. Мәдениет саласына тұтас ғұмырымды арнадым десем болады. Бұл – менің алғашқы жоғары марапатым. Менімен бірге тағы үш әріптесім марапатталды. Біздің ұжымда барлығы 116 адам жұмыс істейді, олардың 70 пайызы – жастар», – дейді Жаролла Пазылұлы. Қазір Кеншілер мәдениет сарайында 25 шығармашылық ұжым жұмыс істейді, олардың үшеуі – халықтық атағына ие. Арқаның жауһарындай ақбоз үйдің мерейіне жұртшылық тағы бір марқайып қайтты.

Ерқанат КЕҢЕСБЕК.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК.

Оrtalyq.kz