Арқада айтыс өтті дүбірлеген
Кеншілер мәдениет сарайында AMANAT партиясының қолдауымен, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Қарағанды қаласының 90 жылдығы аясында «Ордалы Қарағандым, шежірелі Қарқаралым» атты Қарағанды мен Абай облыстарының ақындары мен дәстүрлі өнер өкілдері арасында республикалық командалық айтыстың алғашқы туры өтті. Арқалық команда жеңіске жетіп, екінші кезеңге жолдама алды. Бұл сын тек ақындар айтысымен ғана шектелмей, қос мекеннің әншілік, жыршылық һәм күйшілік өнері ортаға салынған ерекшелігімен есте қалды.
Шара шымылдығын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ашты.
– Қарағанды – кешегі Қаздауысты Қазыбек бидің, Мәдидің, Қасымның, Жақып Ақбаевтың елі. Бір сөзбен мәдениеттің ордасы деуге толық негіз бар. Сол көне даналықтың көзіндей болған айтысты осы дәуірге жетелеп келе жатқан бірегей жандар ел аузында. Сондай тұлғаның бірі, айтыстың атасы Жүрсін Ерман ағамыз – ортамызда. Айтыс туралы ағамыздан артық ешкім білмесе керек. Қазақтың бірегей өнерінің дамуына жол ашық. Біз де әрқашан айтысқа қолдау білдіруге дайынбыз, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Арқа жұртшылығы атынан Жүрсін Ерманның иығына шапан жауып, ел ықыласын жеткізді.
Сонымен, айтыстың бас кейіпкерлеріне келер болсақ, додаға түсер әр командада – төрт айтыскер ақын, жыршы, күйші және дәстүрлі әншілерден құралған сегіз адам. Біздің жерлестер бұл сында барын салды. Атап айтсақ, Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов, Мақсат Аханов, Дидар Қами, Нұрмұхаммед Байсүгір, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркен, Балқан Смағұлов, Мұхтар Әділов және Мағжан Мыңбай облыстың ортақ жетістігі мен дамуын, жер шұрайлылығы мен табиғат әсемдігін тілге тиек етіп, күйге салды.
Арқаның алдаспаны іспеттес болып жарқ етіп сахнаға алғаш шыққан Тілеген Әділов сонау Қазыбек би, Мәди, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков сынды ерлерді жырына қосып, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Тілеген Әділовпен айтысқалы шыққан Абай облысының жүйрігі Айбек Жеңісқазин де осал қарсылас болмады. Өз алдына жеке облыс болып бөлініп шығып, ұлы һәкім атын иеленген мекеннен табаны таймас тарландар туатындығын негізге ала отырып, қарсылас қапысында қалмайтынын білдірді. Нағыз сүре айтыстың нақышы дәл осы жыр додасында ашылғандай. Көрермен қауымның қол соғысы мен ыстық ықыласына масаттанған қос ақын ағалы-інілі ізетпен тізгін тежеместей ұзақ тартысты. Алайда, сайыс болған соң бірі басым боларына дау жоқ. Қазылар алқасы шешімімен айтысты бастаған Тілеген Әділовке бірыңғай 10 ұпай берілсе, Абайдың айбозы Айбек Жеңісқазинге бір қазы 9, қалғаны 10 ұпай берді. Осылайша Тілеген Әділовтің мерейі үстем болды.
Бұдан соң сахна төріне қос елдің қаймағы бұзылмаған жыршылық дәстүрін дәріптеген жыраулары Мұхтар Әділов пен Қайрат Қабышев шықты. Жыршылар ел басына күн туғанда «етігімен су кешкен» есіл ерлердің батырлығы мен даналықтары айтылар Бұқар, Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбет сынды исі қазаққа аты мәшһүр жыраулардың жырларын орындады. Орындап қана қоймай, әр жыршы Арқа өңірі мен Абай облысы айтылар жырлардан іріктеп тізіп, жанкүйерлер жанын тебіреніске бөледі. Ал, түре айтыстың түңілігін түріп, Арқа атырабының абыздарын кесек-кесек шумақпен дәріптеген Нұрмұхаммед Байсүгірдің сөз саптауы көпшілік көңілінен шыққандай. Нұрмұхаммедтің қарсыласы Қуандық Кенжебекұлы да шығыстың шайырлары мен аты мәшһүр атқамінерлеріне тоқталды. Ақындар түре айтыста түрленте салған бабалар есімін қарағандылық күйші Балқан Балғабекұлы қос ішектің күмбірімен, яғни, күмбірлеген күймен іліп әкетті. Ол кешегі Арқаның Аққызының, Құрманғазының күйлерімен зал қауымын жіпсіз байлады десе, артық емес. Айтыстың әзілге толы кезеңі бұл Дидар Қами мен Рүстем Қайыртайұлының қайым айтысы еді. Қос ақын бірінің шумағынан бірі шумақ құрап, астарлы ойды жұртқа әзілмен жеткізді. Ақындардың әр сөйлемі бір мәтел іспеттес. Ұйқасы ұтымды, ойы анық ақындарға жұртшылық жүрекжарды қошемет білдірді.
Өткір оймен кестеленген кеш сәнін Арқаның қайталанбас күміс көмей әншісі Сержан Мұсайын кіргізді. Әуелеген дауысын күмбірлеген домбыраға қосып, дүйім жұртты әнге ұйытты. Баяу шығып, бір мезетте сұңқардай саңқылдаған дауыс залға тыныштық орнатып, елді ерекше күйге бөледі.
Өңшең «сен тұр, мен атайын» ақындар тақырыпты салаландырып, бірінің келтірген мысалынан бірі ой өрбітіп, «Ордалы Қарағандым, шежірелі Қарқаралым» тақырыбын аша білді. Ал, Мақсат Аханов пен Әсем Ережеқызының қыз бен жігіт айтысы жұртқа ерекше жаққаны бірден байқалды. Мұны тіпті, көрермен қауым мен ұйымдастырушылар да тамсана айтысты.
– Айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Оны көрерменнің тік тұрып, үздіксіз қол соққанынан байқаған боларсыздар. Жеке басқа тимей, ережені сақтай отырып, қос команда құрамасындағы өнерпаздар бәтуалы, өнегелі, өрісті айтыс көрсете білді. Әсіресе, Мақсат Аханов пен Әсем Ережеқызының айтысы кешегі Біржан мен Сара айтысының сынығындай әсер қалдыра білді. Өтіп жатқан айтыстың мақсаты – айтыс ақындары мен ұлттық өнер өкілдерінің шығармашылық дамуына жағдай жасау, рухани-мәдени әлеуетін жақсарту, еліміздегі облыстардың арасында шығармашылық байланысты жетілдіру. Халықтың азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, отансүйгіштік сезімін, адамгершілік қасиеттерін, ұлттық санасын қалыптастыру мақсат болса, соны қатысушылар өз деңгейінде алып шығып, халыққа таныта білді. Бұл дегеніміз айтыс өз миссиясын жоғары деңгейде орындап келеді деген сөз, – деп түйді Жүрсін Ерман.
Расында, «шоқ шайнап, от бүріккен», тілді ақындардың сүбелі ойы мен ұтымды сөз саптасы көрермен қауымды тебірентпей қоймады. Тіпті, жиналған қауым қошеметі төл өнер өрісінің кеңдігі мен оны дәріптер ұл-қыздардың болашағы барынан хабардар еткендей. Бұл ойды жоба ұйымдастырушысы Аманжол Әлтай да айтты.
– Ауқымды мегажоба жұмысын жыл басында бастады. Еліміздің айтулы 20 өңірінен 20 команда қатысатын болды. Жалпы, айтыс төрт кезеңнен тұрады. Оның ішінде, сүре, түре, қайым және қыз бен жігіт айтысы деп бөлінеді. Жеңімпаздары наурыз айында Ақтау қаласында ақтық сынға түседі. Тағы баса айтар дүние – бұл айтыстың бес жанр бойынша өтіп жатқандығы. Меніңше, ерекшелігі де осында. Мысалы, тек айтысып қана қоймай, дәстүрлі ән айту, жыр, терме және күй өнерінің алыптары сайысқа түскенде ғана бүтін қазақы төл өнер жаңғыру, даму қазанында біте қайнасады. Сондай-ақ, бұл жобада қазылар алқасына да ерекше талаптар қойылатынын, яғни, әрбір жанр бойынша оны бағалай алатын жеке өкілдер болатынын атап өту керек. Мысалы, күйге төрелік айтар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев, дәстүрлі әншіліктің озығына оң баға берер Қазақстанның Халық әртісі, әнші Рамазан Стамғазиев сынды тұлғалар қазылыққа сайланды, – деді Аманжол Әлтай.
Сондай-ақ, айтыстың алғашқы күні өткен баспасөз конференциясында Қарағанды облысының Мәдени-ойын-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы құрастырған «Арқа» кітабы таныстырылды. Онда өңір ақындарының өмірбаяны, жетістіктері мен үздік айтыстары жарияланған.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»