Басты тақырыпСпорт

Арқа төрінде – Универсиада алауы

     Сәрсенбі күні Елордада ХХVІІІ Қысқы Универсиада ойындарының эстафетасы бастау алған еді. Бұл салтанатқа Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысып, ел құрамасының капитаны, биатлоншы Дәулет РАХЫМБАЕВҚА Қазақстан Туын табыс етті. Бейсенбі күні эстафета Арқа төрі – Қарағандыда жалғасын тапты.

Универсиаданың Арқадағы Алау эстафетасы Ел­басының саяси және еңбек жолы басталған Темір­тау қаласында, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатынан тұсау кесті.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбді­беков қатысты. Жиында аймақ басшысы қатысушыларға ақ жол тілеп, игі лебізін білдірді.

Универсиада алауын комбинат жұмысшысы, қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер Әлібек Алпысбаев және домна пешінің шебері, самбодан спорт шеберлігіне үміткер Ақан Еспотаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ №2 домна пешінен тұтатып алды.

Ал, алауды комбинаттан сорғы қондырғыларының машинисі, волейболдан спорт шебері Светлана Гайнутдинова ұстап шықты. Қала басшысы Ғалым Әшімов осы алауды Қарағандыға қарай алып жүрді.

Әшімовтің алауын Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров қарсы алды.

Қала әкімі алауды «Шахтер» стадионына әкелді.

Осында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековке табыс етті. Өңір басшысы алаумен эстафетаның алғашқы 200 метрін жүгіріп өтіп, кезекті ҚарМТУ студенті Сергей Ивановқа табыстады.

Алау эстафетасы Қарағанды қаласында жалғасты. «Шахтер» стадионынан басталған эстафета «Сүйінші» стеласы маңында аялдап, «Қарағанды – Арена» мұз сарайына бет алды. Алау ұстаушылар алаудың тиісті орынға жеткізілуіне жауапты болды.

Қарағандыда 60 алау ұстаушы алдын ала таңдап алынған. Эстафетаның облыс орталығындағы қашықтығы 9 ша­қырым. Теміртауда 3 шақырым қашықтықта алау ұстаушылар алып өткен еді.

Алау эстафетасы «Қарағанды – Арена» мұз сарайында аяқталды. Шара соңында жергілікті мәнерлеп сырғанаушылар мен хоккейшілер, Омбыдан келген ресейлік балет артистерінің қатысуымен мұз шоуы өтті.

Қарағандылықтар алауды арнайы құтыға салып, ұшақпен Алматыға шығарып салды. Оны Универсиада астанасына эстафетаның техникалық делегаты Рүстем Алмағамбетов пен боксшы Абылайхан Жүсіпов жеткізді.

Қарағандылық жалын Алматыға апарылған соң, 29 қаңтар күні өзге де өңірлерден жиналған ұшқындардың қосылуымен жаһандық жастар додасының алауы жағылады.

Айта кетер ақпарат, Универсиадада 11 қарағандылық спортшы бақ сынайды. Бұлардың қатарында 4 спортшы – конькимен жүгіру, 1 спортшы – биатлон жарыстарында және 3 спортшы – хоккей командасы құрамында ел намысын қорғайтын болады.

Жерлестеріміздің арасында ҚЭУ студенті Екатерина Айдованың есімін ерекше атап өтуге болады. Жанкүйерлер қауымы конькиші қыздан үлкен үміт күтеді. 2011 жылы Финляндиядағы дүниежүзілік жастар чемпионатында, 2015 жылы жылдамдықпен сырғанаудан өткен әлем чемпионатында алтын медальді олжалаған Екатерина Универсиадада да биіктен көрінеріне сенім мол.

Бұдан бөлек, конькишілер жарысында 2015 жылы Қытайда өткен жастар чемпионатында VI орыннан көрінген ҚЭУ студенті Артем Крикунов, 2014 жылы Белоруссиядағы жастар Кубогінің кезеңінде 1000 метрлік қашықтықта бірінші келген ҚарМУ студенті Станислав Палкин, 2013 жылғы Польшадағы және 2014 жылғы Белоруссиядағы жастар Кубогінің кезеңінде 500 метр қашықтықта ІІ орынды еншілеген ҚЭУ студенті Алена Стапстова күш сынасатын болады.

ҚарМУ студенті Людмила Ахатова биатлон бәсекесінде мықтылық байқасады. Людмила бұған дейін жастар арасындағы ел чемпионатында – І орын (спринт), 2015 жылғы VII Қысқы Спартакиадада – ІІ орын иеленген еді.

Хоккей командасына үш жерлесіміз енді. Мадияр Ибрайбеков («Барыс ХК, Астана қ.), Никита Михайлис («Торпедо» ХК, Өскемен қ.) және Иван Степаненко («Номад» ХК, Астана қ.) құрамада ойнайтын болды. Қарағанды хоккей мектебінің өкілі Мадияр Ибрайбеков Универсиада алауын тұтату рәсіміне қатысады.

Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанау сайысында Мелис Хакимов қосымша құрамға алынды. Осы уақытқа дейін Мелис ҚР Кубогінің І және ІІІ кезеңдерінде, тиісінше, ІІ-І орындарды, ІІ республикалық жастар ойындарында – ІІІ орынды, былтырғы Қазақстан Кубогінде – І орынды иеленген.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button