Брифинг

Арқа спортының әлеуеті артуда

Қарағанды спортты дамытуда көш бастап тұр. Бүгінгі таңда өңірде спорттың 100-ге жуық түрі дамып келеді. Оның 44-і олимпиадалық спорт түрі. ҚР ұлттық құрамасына облысымыздың 1 471 спортшысы енді. Тәуелсіздік алғалы бері жерлестеріміз әлем чемпионаттарынан 476 марапат, Азия біріншілігінде 1046 марапат жеңіп алған. Осы сынды маңызды ақпаратпен Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан АБЫЛАЕВ «Қарағанды облысында Тәуелсіздік жылдары спортты дамыту» тақырыбында өткен онлайн отырыста бөлісті.

Қарағанды өңірінің 400 мыңнан астам тұрғыны спортпен шұғылданады. Олардың 145 мыңға жуығы балалар. Ал, жалпылай облыста 45 спорт мектебі және Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі жұмыс істейді. Сондай-ақ, Олимпиадалық резервті даярлау орталығы, олимпиадалық спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебі және таяуда ғана олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебі ашылды. Аталмыш мектептерде 33 мыңға жуық адам спортпен шұғылданады.

– Өңірдің барлық мемлекеттік спорт мектептеріндегі сабақтар тегін екенін тағы да атап өткім келеді. Ал спорт мектептері облыстың барлық қалалары мен аудандарында бар. Атап айтар болсақ, спорт ғимараттарының қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында, облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 6000-нан астам спорт секциялары жұмыс істейді. Әр жаз сайын жаттықтырушыларымыз секцияға балалар қабылдау жұмыстарымен айналысады. Ал, ондағы барлық сабақ тегін. Сонымен қатар, биыл мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілді, бұған 2021 жылы облыстық бюджеттен 1 млрд. 911 мың теңге бөлінді. Қазір соның 50 млн. теңгеден астам қаражаты игерілді, – деді басқарма басшысы.

Аймақта биыл спорттың 18 түрінен 467 ашық секция ашылды. Оның ішіне, шахмат, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, жүзу, баскетбол, спорттық би, дзюдо, футбол, грек-рим күресі, таэквондо, бокс, шаңғы жарысы, каратэ кіреді. Онда 6000-ға жуық бала жаттығады. Сонымен қатар, облыста бұқаралық және балалар спорт орталығын ашу туралы қаулыға қол қойылды. Жыл сайын Қарағанды өңірінде жүздеген спорттық іс-шаралар өткізіледі. Соның ішінде 28 мың адам қамтылған облыстық спартакиаданы мақтанышпен айтуға болады. Пандемия кезінде алғаш рет қалалар мен аудандар арасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Saryarka онлайн спартакиадасы ұйымдастырылды. Бұған 5000-ға жуық адам қатысты. Бұл қашықтық режиміндегі жасалған жарыстар арасындағы рекордттық көрсеткіш. Сондай-ақ, онлайн отырыста 2021 жылы Қарағанды облысында бұқаралық спортты дамытуға 4 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінгендігі туралы да сөз қозғалды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 58,6 пайызға артық көрсеткіш. Облыста 419 658 адамды қамтитын 6 812 спорт секциясы жұмыс істейді қазіргі таңда. Соңғы екі жылда 6 284 адамды қамтыған 252 секция ашылды. Спортпен шұғылдануға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын қалалар мен аудандарда 40-тан астам спорт алаңдары, хоккей корттары және стрит-воркаут алаңдары орнатылады. Облысымызда ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Дәл қазіргі таңда спортпен шұғылданушылар саны 42 мың­нан асады. Өңірде 11 спорт түрі қарқынды дамуда. Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерін, әсіресе ат спортын қарқынды дамыту биылғы жылы басқарма үшін басым міндеттердің біріне айналды. Мәселен, өңір аудандарының болашағы зор көкпаршылары үшін тұңғыш рет оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Таразда көкпардан Қазақстан чемпионаты өтті. Қарағанды облысының құрамасы бірінші лигада ІІ орын алып, жоғары лигада ойнау құқығына ие болды. Міне, рухты танытар нағыз жетістік. Біздің көкпаршыларымыз мұндай нәтижеге әлі қол жеткізбеген. Аймақтың спорттық көрсеткішінің әлеуетін осыдан көруге болады.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button