Бас тақырыпРуханият

Арқа өнерпаздары көкпар тартты

АРҚА ӨНЕРПАЗДАРЫ КӨКПАР ТАРТАДЫ ДЕГЕНДІ ЕСТІП, ДҮЙСЕНБІДЕ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА ІРГЕЛЕС ҚҰРЫЛЫС АУЫЛЫНА ТАРТЫП БЕРДІК. АЛТЫН КҮН АРҚАН БОЙЫ КӨТЕРІЛГЕНДЕ ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ АУЫЛ ІРГЕСІНДЕГІ ТАСЖОЛ БОЙЫНА ҚАҢТАРЫП ТҰР ЕДІК, ӘУДЕМ ЖЕРДЕ САЛТ АТТЫЛЫ КӨЗГЕ ШАЛЫНДЫ. ЖАСЫРЫП ҚАЙТЕЙІК, КӨКПАР ОСЫ АУЫЛДА ӨТЕРІН БІЛСЕК ТЕ, АТШАБАРДАН АДАСҚАНЫМЫЗ БАР. БІР БІЛСЕ, САЛТ АТТЫЛЫ БІЛЕР ДЕП КІДІРГЕНІМІЗ ДЕ СОЛ-ТҰҒЫН. ҚАТЕЛЕСПЕППІЗ. САЛТ АТТЫЛЫМЫЗ КӨКПАРҒА БОЛА СОНАУ ҚҰРМА АУЫЛЫНАН ҚҰРЫЛЫСҚА ТӨТЕСІНЕН ТҮСКЕН ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ СҰЛТАН ТІЛЕУБЕК ЕКЕН. АУЫЗДЫҚПЕН АЛЫСҚАН АСАУЫН ЫРЫҚТАП ТҰРЫП, АЗ-КЕМ АМАНДЫҚ БІЛІСКЕН СОҢ АУЫЛДЫ БЕТКЕ АЛДЫҚ…

Тірі тұлпар соңынан темір тұлпарды «титықтатып», ауылдың ойқыш-ойқыш жолымен атшабар емес, Нариман Хасенов есімді азаматтың шаңырағына тоқтадық. Байқауымызша, аулада әлденеше тұлпар ерттеліп, тартысқа тас-түйін әзір тұр екен. Сұрастыра келе, «Думанды дода» атты көкпар ойынын өткізуге өңір өнерпаздары ұйытқы болып, оған облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшылығы қолдау білдіргенін білдік. Ал, әлгі қаңтарылып тұрған тұлпарларды ауыл азаматтарынан сұрап алған да, көкпар соңы шаңырағына дастарқан жаямын деп бел байлаған да осы Нариман Хасенов екен. «Аузын ашса жүрегі көрінетін» атымтай жомарт азамат ұлттық ойынның осы түрін өзі де бір кісідей меңгеріп алыпты. Оны кейін білдік…

«Ұрыста тұрыс бар ма?». Жеребе тасталып, топқа түсер төрт команда анықталды.

Айтыскер ақын, команда капитаны Айтбай Жұмағұлов бастаған «Алаш» командасы, айтыскер ақын, команда капитаны Тілеген Әділов құрған «Сыпай» командасы, дәстүрлі әнші, команда капитаны Сержан Мұсайынның «Дода» командасы және сазгер, орындаушы, команда капитаны Саят Әбдіғалидың «Көкбөрі» командасы өнер көрсетті.

Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбай көкпаршыларға сәттілік тілеп, жеңімпаз командаға ауыспалы кубок тағайындады.

Төреші, көкпардан облыстық «Достық» командасының балуаны Ерғанат Молдабектің ысқырығымен алғашқы қос команда – «Алаш» пен «Сыпайдың» палуандары серкеге лап қойды. Алғашқы салым да көп күттірген жоқ. Ол «Сыпай» командасының палуаны Ерік Еркенұлының еншісінде кетті. Іле-шала аталған команда капитаны Тілеген Әділов есепті еселеп тағы бір салым салса, ойын соңына қарай Әсет Әбдіқастың ептілігі нәтижесінде есеп 3:0- ге жетті. 15 минутқа созылған алғашқы кезең осымен тәмам. Сәл үзілістен кейін екінші кезең де басталып, бұл жолы тағы Тілеген Әділовтің бағы жанды. Өкінішке қарай, «Алаш» командасы айласын асыра алмады. Қорытынды есеп – 4:0.

Бұдан соң алаңға «Дода» және «Көкбөрі» командалары шықты. Салған жерден Әли Абылбаев алғашқы салымның авторы атанып, есеп ашса, араға көп уақыт салмай Нариман Хасенов есепті 2:0-ге жеткізді. Алғашқы кезең осылай аяқталды. Келесі кезеңде де ойын барынша тартысты өткенімен, есеп ашыла қоймады. Тіпті, Сырым Хординның «екінші кезеңде салым салған балуанның қанжығасына 5000 теңге байлаймын» дегені де ойыншылар жігерін жани алмады.

Көрермен қызығушылығын оятқан кездесу – «Алаш» және «Көкбөрі» командалары арасындағы үшінші орынға талас дер едік. Жеңіліс дәмін татқан қай-қайсысы болсын, салым салуға асық. Сөйтіп, топқа түсе салысымен жемісті ойын өрнегін көрсеткен Бауыржан Жанатұлының салымы «Көкбөрілерді» жеңіске бір қадам жақындатып тастады. Бұған дейін әдіс болмаса да, намысқа тырысып жүрген өнерпаздар келе-келе әдіске де көшкен сыңайлы. Мәселен, Айтуған Ырысалдының жерде жатқан серкені ат құлағынан асыра көтеріп алып, қапталында үзеңгі қағыстыра шауып келе жақан командаласы Сәттібай Жүнісовке лақтырғаны – алқалаған жұрттың арқасын қоздырды. Есеп – 2:0. Үшінші орын иегері – «Көкбөрі» командасы.

Ақтық сын да аса тартысты өтті. Алғашқы кезеңнің өзінде «Сыпай» командасындағы Ерік Еркенұлы екі салым салып, 2:0-ге жеткен есепке «Дода» командасының ойыншысы Нариман Хасенов тек 1 салыммен ғана жауап қата алды. Екінші кезеңде «сыпайлықтар» үсті-үстіне қамшы басып, Тілеген Әділов 1 салым салса, Ерік Еркенұлы тағы 2 салым салып, қорытынды есеп 5:1-ге жетті. Нәтижесінде, 1-орын «Сыпай» командасына тиесілі болса, 2-орынға «Дода» командасы тұрақтады.

Сондай-ақ, ойын соңы «Аударыспаққа» ұласып, онда да өз жеңімпаздары анықталды. Сөйтіп, сәуір соңында қанат қаққан игі бастама алдағы уақытта дәстүрге айналып, келесі кездесу қасиетті Рамазан айынан кейінгі Айттың алғашқы күндерінің бірінде ұйымдастырылатын болып келісілді.

Елдің делебесін қоздырар бәсекені Қарағандының өз басында өткізсе ғой шіркін! Әттең, ипподром жоғы жанға батады…

Рауан ҚАБИДОЛДА

Басқа материалдар

Back to top button