Жаңалықтар

Арқа медицинасының атасы

Петр Поспеловтың аймақ медицинасының дамуына қосқан үлесі сүбелі, сіңірген еңбегі зор. Кубаньдық дәрігердің саналы ғұмыры Сарыарқа жерінде өтті. 35 жылы Қарағанды медицина университетінің тарихымен біте қайнасып жатыр, 24 жыл университеттің ректоры болды.

Суретте Петр Моисеевич Поспелов

1933 жылы сәуірде КСРО Денсаулық сақтау Халық комиссариатының жолдамасымен Петр Поспелов Қарағандыға келіп, 2-шахтаның госпиталіне терапевтік бөлімшенің меңгерушісі болады. Бірнеше айдан кейін ол осы аурухананы басқарды. Алты жылдан кейін Петр Моисеевич Қарағанды ​​облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, бір жылдан кейін, 1940 жылдың сәуір айында Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып бекітілді. Ол басшы болған он жылда Қарағанды да облыс орталығы ретінде дами түсті, жаңа шахталар мен зауыттар ашыла бастады. Оқу, ғылыми-зерттеу институттарына деген қажеттілік артты.

Ол кезде елде еңбек етіп жүрген медицина мамандарының басым көпшілігі Украина, Ресейден бітіріп келгендер болатын. Олар біраз уақыт өткеннен кейін елдеріне қайтып кететін. Маман тапшылығы өсе берді. Оның шешімі – мамандарды өзімізде даярлау мүмкіндігін қарастыру еді. Қарағандыда медициналық жоғары оқу орнын ашу бастамасы 1940 жылы көтеріле бастады. Ол кезде мұндай жоғары оқу орны тек Алматыда ғана болатын. Алайда, басталған соғыс өрті бұл мәселені кейінге ысырып жіберді. Соғыс жылдары Қарағандыда жаралы жауынгерлер үшін екі эвакуациялық госпиталь жұмыс істеді, оны да Петр Моисеевич жүргізді. Осы еңбегі бағаланып 1943 жылы республиканың еңбегі сіңген дәрігері, 1944 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, одан кейінгі жылы «Қызыл жұлдыз» медальімен марапатталды.

Соғыс аяқталғаннан кейін Петр Моисеевич медициналық институтын ашу мәселесін қайта көтерді. КСРО Министрлер кеңесі Қарағандыға медицина институттарының бірін көшіруге шешім қабылдап, 1950 жылы алты жылдық білім беретін Қарағанды медицина институты ашылады. Сол жылы Петр Поспелов сол институттың ректоры болып тағайындалды. Емдеу ісі факультетінің бірінші курсында 127, екіншісінде – 101 студент білім алды.

Алғашқы түлектердің қатарында 1971-1982 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі болған Т.Шармановты, түрлі деңгейдегі денсаулық бөлімдерінің басшылары, бас дәрігерлері болған Н.Коншин, О.Курганова, О.Лубинец, Л.Свищев, М.Бопебаев, К.Джантасов, Р.Жакупов, К.Калжигитов, Л.Ткаченко, А.Туртбаев, П.Чередников, В.Щацкий және басқаларын айтуға болады. Олардың қатарында екі академик, он шақты ғылым докторлары мен кандидаттары бар еді. Екі жылдан кейін институттың өз аспирантурасы мен клиникалық ординатурасы іске қосылды.

Петр Моисеевич басшылық жасаған уақытта институт қар­қынды дамыды. Ашылған ал­ғашқы жылы дәріс берген 23 оқытушының алтауында ғана ғы­лыми атақ болса, 1973 жылы оқытушылық-профессорлық құрамында 550 адам еңбек етті. Оның 25-і – ғылым докторы, 203-і – кандидат. Факультет қатары да көбейді. Мәселен, 1959 жылы Қазақстандағы екінші санитарлық-гигиеналық факультет ашылды. Осы жылдан бастап кешкі оқыту бөлімдері де іске қосылды. Бірнеше жылдан кейін педиатрия факультеті де ашылып, педиатрлардың тапшылығын жоюға сеп болды. Ал, 1970 жылы инс­титутта орталық ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды.

Петр Моисеевич көрегенділігі ерекшелеп тұратын. Ол болашақ үшін жұмыс істеді, бар білімі мен тәжірибесін аямады. Оның қолға алған барлық бастамалары оқу орнын одан әрі дамытып, жетілдіріп, білім беру ісін жүйелендіруге бағытталатын. Мәселен, «Медик» демалыс орны да – оның еңбегінің жемісі. Петр Поспеловтың бастамасымен Қарқаралы демалыс аймағында студенттерге арналған санаторий-профилакторий ашылды.

Денсаулық сақтауды ұйымдастыру және әлеуметтік гигиена кафедрасының ұжымы ( 1974). Солдан оңға қарай отырғандар ассистент С.Терентьева, ассистент Е.Чуйкина, кафедра меңгерушісі доцент Петр Поспелов, аға оқытушы Ю.Ямсков, ассистент С.Тусупбекова. Түрегеп тұрғандар В.Петров, ассистент Н.Сайфуллина, доцент А.Филатов, ассистент Ж.Оспанов, ассистентЛ.Барановская, лаборант В.Филина

Тағы бір ерекше атап айтарлық қасиеті оның қазақ жастарына деген қамқорлығы еді. Ол өзі де қазақша әжептеуір сөйлейтін. Сондықтан, қазақ жастарының жоғары медициналық білім алуына мүмкіндік жасады. Институт ашылған жылы барлық дәрігерлердің арасында сегіз ғана қазақ болса, 1973 жылы оқу бітірген 7 мыңнан астам түлектің үштен бірі қазақ жастары еді. Мұны біз ғана емес, тәлім алған, алдын көрген, әріптес болғандардың барлығы жақсы біледі.

Осы ретте Қарағанды көмір бассейніндегі өндірістік жарақат пен кәсіптік ауруларға қатысты мәселелер де медицина маманының назарында болғанын ерекше айту керек. Осы бағытта кандидаттық еңбегін жазып, доктор атағына ие болды. Бұл өндірістік өңір үшін өте маңызды экономикалық әрі әлеуметтік тақырып екені рас. Оның үстіне бұл оқу орнындағы ғылыми жұмыстарды дамыту ісіне бастау салды. Одан кейін медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторларының легі қалыптаса бастады.

Денсаулық сақтау, жергілікті денсаулық сақтау ісін жетілдіру, Орталық Қазақстанның курорттық орындарын зерттеп, оларды халық игілігіне пайдалану Петр Моисеевичтің айналысқан және шешімін тапқан мәселелері. Жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, адами болмысы, кәсібіне адалдығы мен шеберлігі үшін қайда болсын құрмет пен абырой биігінде болды. Қарағанды облыстық, қалалық және аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты ретінде сайланып қоғам қайраткері де болды. 1973 жылы Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атанды. Оның құрметіне облыс орталығында көше де бар. Дегенмен, біз, бүгінгі Қарағанды медицина университетінің әр жылғы түлектері Петр Поспелов есімін осы оқу орнына беру туралы көп жылдан бері бастама көтеріп келеміз. Осы ұсынысымыз қабыл болып, бірегей тұлғаның есімі негізін өзі қалаған білім ордасына береді деген сеніміміз зор.

Тельман СЕЙСЕМБЕКОВ,
академик, медицина ғылымдарының докторы, ҚМУ Құретті профессоры,

Серік ТОҚПАНОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты хирург.

Суреттер автордан,

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button