Жаңалықтар

Арқа баспасөзінің абызы еді

Қаламдас аға, қадірлес азамат Қасым Орынбетовтің қазасы туралы суыт хабар жан дүниемді жабырқатып, алыс күндердің сағынышқа айналған елесін жадымда жаңғыртып сала бергені…

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

1973 жылы Жезқазған облысы құрылып, ерте көктемде облыстық газет шығару қамына кіріскенбіз. «Жезқазған туы» газетін алғашқы ұйымдастырушылардың қатарында Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінің бас редакторлығынан облыстық газеттің жауапты хатшылығына тағайындалған Қасым Орынбетов бар еді. Міне, Қаскең екеуміз сол сәттен таныспыз.

Қазақы қалжыңға ұсталығы, сөзге шешендігі, тауып айтар тапқырлығы мені бірден баурап алған-ды… Екеуміз қатты қалжыңдасатын едік. Қатты қалжыңдасатынымыз соншалық, сырт көз бізді жүз шайысып қалар ма екен деп қауіптенеді екен. Бас редакторымыз марқұм Сабыр Сауытбаевтың өзі екеуміз қалжыңмен қағыса жөнелгенде, қатты абыржып: «Осы екеуің мүйіздесіп қала ма деп қорқамын» деп отырушы еді. Ал, біздің қалжыңымызда зіл жоқ. Қаскең үнемі жайдары мінезінен айнымай жүре береді.

Нарманбеттей ұлының ұрпағы ғой, сөзі түйдек, пікірі өткір болатын. Еш уақытта тайсақтап, орағытпай, айтарын тік айтып, кесіп тастайтынына біз бірінші күннен үйреніп алғанбыз. Соның өзінде, жартылай қалжыңмен қағытып, астарлы әзілмен түйреп те жатады.

Осындай дархан көңіл, парасаты биік, білімі терең қаламдасымыздан айырылған екенбіз. Ұлытау, Жезқазған өңірі ардақты ағаның қазасына ортақтасып, Орынбетовтер әулетіне, Мақпал қарындасымыз бастаған ұл-қыздарына қайғыра көңіл айтады.

Қош, Қаске! Бақұл бол, қадірлі қаламдас аға!

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ,
ЖЕЗҚАЗҒАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button