Тағы бір қасиетті қалам қаңтарылды…
Арқа журналистикасы орны толмас ауыр қазаға душар болды. Тағы бір қасиетті қалам қаңтарылып, тағы қазына кеуде тіршілігін тоқтатты.
КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналистика ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, қарымды қаламгер Қасым Ыхметұлы Орынбетов 85 жасқа қараған шағында дүние салды.

Қасым Орынбетов 1940 жылы 10 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Калинин колхозында дүниеге келген.
Еңбек жолын Ақтоғай ауданында мектеп мұғалімі болып бастаған ол өмірінің 40 жылдан астам мерзімін ұлт баспасөзіне арнады. Алғашқы жылдары аудандық комсомол комитетінде, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімдерінде нұсқаушы қызметтерін атқарды.
1970 жылы аудандық партия комитетінің ұйғарымымен Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Осы қызметте жүрген жылдарын еске алған ақын, Қасым Ыхметұлының шәкірті, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Абзал Бөкен «..Ол кездің дәстүрі бойынша, редактор, орынбасарлар дегеніңіз бас мақаладан әріге баса қоймайтын. Қасекең – осы үрдісті «бұзып», ел тұрмысы, замана ағымы турасында толымды ойларын тобықтай түйін етіп бере білген қаламгер. Кеудесі тұнған тарих, тусыраған шежіре» деп еске алады.
1973 жылы жаңадан құрылған Жезқазған облысының «Жезқазған туы» облыстық газетіне жауапты хатшы болып тағайындалып, бұл қызметті 1975 жылға дейін абыроймен атқарды.
1975-1978 жылдары Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газеттерінің Ақтоғай, Шет аудандарындағы меншікті тілшісі болып, облыс орталығынан шалғай аудандардың экономикалық даму көрсеткіштері мен тыныс-тіршілігі туралы облыс жұртшылығын хабардар етіп, өңірдің өзекті проблемаларын өткір көтерді.
Ал, 1978-1982 жылдары Шет аудандық «Ильич туы» (қазіргі «Шет шұғыласы») газетінде бас редактор болды.
1995-1997 жылдары Ақтоғай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып, аудан тарихын қайта зерттеп-зерделеуге көп еңбек сіңірді. Қасым Орынбетов басшылық еткен жылдары Ақтоғай музейінің қоры құнды жәдігерлермен толығып, Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтың өмірлеріне қатысты тың деректер жинақталды.
Қарымды қаламгер, көсемсөз шебері Қасым Ыхметұлының өнегелі өмірі мен мінсіз қызметі – бүгінгі жастарға үлгі. Өзі де жас журналистердің ортасында жиі болып, білгенін үйретіп, көргенін әңгімелеп беруге құштар болатын. Ол – Арқа журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз.
Ардақты аға, талантты қаламдастың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасына, ағайын-туыс, жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалы және «Saryarqa аqparat» медиахолдингінің ұжымы.