Шет

«Қапияда сөз тапқан…»

      Атам Құрманның Әубәкірі жөнінде айтушылардың әңгімелерін бала кезімнен естіп өстім. Әсіресе, әкем Әнуарбектің айтқандары есімде. Бірақ, Әукең жөнінде нақты деректерді газет-журналдардың бетінен немесе атақты адамдардың әңгімелерінен кездестіре алмадым.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұхамбетқали Баймұханов «Өз дәуірінің қайраткері немесе генерал Мұрат Құрманов жайлы бір үзік сыр» атты мақаласында «Қарқаралы өңіріне белгілі, дөңгелек шаруалы, дәулеті де, ақылы да өзінен артылып, басқаға пайдасын тигізе жүретін Құрманның Әубәкірі деген елге белгілі адамның отбасында дүниеге келген. Жолым түсіп, Әубәкірдің туып өскен жері – киелі Қарқаралы қаласына бардым. Әкемнің бірінші жолдасынан туған апам Шолпанның үйіне түсіп, Мадияр жиеніме қолқа салдым. «Елдің үлкені бар ма?» деген сауалыма, тоқсанды алқымдаған ел ағасы Жақия ақсақалмен жолықтырды. Бірден Жақаңмен тіл табыса кеттім.

Әубәкірді білетін болып шықты. Әукеңнің атқарған жұмыстары, елге жасаған жақсылықтары, Қарқаралыдағы сәулетті шатырлы үйін және Әукеңнің Нұркен ауылына шығар жолдағы балалар үйінің орнында арнайы атқорасы болғанын көрсетті. Жолымның болғаны сонша, Мұрат Наурызбаев ағамен таныстым. МТС-та тұрады екен. Мұрат ағаның әкесі Әубәкірдің көшірі болған екен. Аты-жөні – Наурызбай Ахметжанұлы. Белгілі себептермен Мұрат ағамен әңгімелесе алмадым. Екінші жолымның болғаны – Қарқаралы қаласының тұрғыны Ерлан Мұстафин – этнограф екен. Екеуміз танысып, жөн сұрасқан кезде Ерекең Құрманның Әубәкірін зерттеп жүргенін айтты. Әубәкір жөнінде деректердің аздығын айтты. Мен әкемнен естіген әңгімелерімді айтып отырдым. Ол диктофонға жазып алды. Жақия ақсақалдың да сөздерін жазып алды. Соңынан Нұркен ауылына барып, Құрманның зиратына келдік. Зират басында Құрманға қойылған көктасты қарап шығып, жазуларын суретке түсірдік. Ерлан компьютерге салып, арапша сөздерді оқып шықты. Онда Жаңабергенұлы Құрманның аты-жөні, өмірден озған күні жазылыпты. Құрман зиратының басында көптеген белгісіз қабірлердің орны жатыр. Барлығы да бабадан тараған ұрпақтар екеніне күмән келтіргеніміз жоқ. Сол жерде Әубәкірдің інісі Құрманұлы Омардың ұлы Алтынбек атам жатыр. Құрманның інісі Ақсақалдан тараған Ешмақай атам. Ешмақайдан Қанапия атамның баласы, сол ауылға белгілі Ермек Қанапияұлы ағам жатыр. Елге танымал, Қазақстаннан шыққан алғашқы генералдардың бірі Мұрат Құрманов ағай қызмет істеп жүрген кезінде кезекті демалысының он күнінде Қарқаралыға келіп, Құрман атамның көктасын жаңартып, құран оқытып отырған.

Құрман бабам төрт ағайынды болған. Олар – Құрман, Ақсақал, Қоныс және Ахмет. Осы бабалардан тараған үрім-бұтақтардың барлығы сол жерде жерленген. Құрманның кіндігінен бес ұл туған. Олар – Сыздық, Әубәкір, Омар, Оспан және Маусымбек. Сыздықтан екі қыз туған – Әлия және Нұрбала. Нұрбала апайдан туған Жамила атты жиеніміз, атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың жары болғандығын мақтанышпен айтамын. Генерал Мұрат аға бір демалысында Шәмшіні ертіп, Қарқаралыға – Нұркенге барып демалған. Сол кезде Шәмші «Қарқаралы вальсін» жазған дейді. Мына фотосуретті қоса жолдап отырмын. Бірінші қатарда отырғандар – Шәмші Қалдаяқов, Мұрат Құрманов, ағасы Әлихан Құрманов. Екінші қатарда тұрғандар – Әубәкірқызы Хақима апайдан туған, Алматы зоовет институтының оқытушысы Қазбек Сәрсенбин, ағасы Мұрат Сәрсенбин – Ұлы Отан соғысының ардагері, мүсінші. Мен – Құрманның Әубәкірінің немересімін. Атам Әубәкір туралы әкем Әнуарбектен естіген әңгімесіне көшейін.

Атам Әубәкір бір үйдің апалы-сіңлілі екі қызын алған. Есімдері – Бәтіш және Шәрбану. Шешелерім Қарқаралының саудагер ноғайының қыздары екен. «Шалақазақ» деп те аталатын көрінеді. Үлкен шешемнің Мұстақым атты інісі болған. Мұстақымнан ешкімді таба алмадым. Бірақ, Мұстақымның інісінің балалары бар дейді. «Батпақты» деген жерде тұрады деп естідім. Шешеміздің немере сіңлісі София Ахметқызы Ақсу-Аюлыда дүниеден өтті. Ел ағалары Марс Төлеуқұлов пен Бәкеннің анасы. Әубәкірдің бәйбішесі Бәтештен үш қыз – Зүбайда, Зүпни, Хакима, екінші әйелі Шәрбанудан – Әнуарбек, Әлихан, Кәмила тарайды. Әкей әңгіме арасында Алашқа әйгілі Жақып Ақбаев пен Әубәкірдің құда болғандығын айтып отыратын. Байлықтың иесі, елге танымал Ақайдың Қасенімен де құда болған. Ақбайдың Жақыбымен құда болғандығына дәлел бола алатын дерек Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сапарғали Ләмбекұлының «Азия» журналына жариялаған «Арыстар» атты романының үзіндісінде «Ресейдің Воронежінде жазасын өтегендер санатындағы Сейдазым Қадырбаев әйелі Жаңылды, Мұхтар Мурзин Шәріпжамалын, Жиһанша Досмұхамедов Ольга Константиновасын, Халел Досмұхамедов Сағирасын, Мұстафа Бұралқиев Ботакөзін, Әбдіхамит Ақбаев Зүпінәнін, сонымен бірге, балаларын ерте келген еді. Мұндағы салт басты тұтқын Жақып қана болатын. Әбдіхамит пен Зүпіни үнемі қасынан табылып, күтіп жүруші еді» деп жазылған. Сондағы Зүпіни – Әубәкірдің қызы.

Құрманның Әубәкірі көзі ашық, оқыған адам. Қарқаралы елінде мал дәрігері болып қызмет атқарған, орысша сөйлеп, жаза білген. Оған дәлел – Омбы қаласының тарихи архивінен менің сауалыма жауап хат келді. «Постановлением» педагогического совета Войсковой Ветеринарного-Фельдшерской школы Сибирьского Казаческого войска 1882 год имеется сведении о выдачи похвального листа Аубакиру Курманову» делінген хатта.

Әубәкірдің фотосуреті болған. Белгісіз себептермен жоғалып кетті. Менің көз алдымда Әукеңнің бейнесі сақталған. Фоторобот жасауға әрекеттеніп жүрмін.

Әубәкір 1916 жылы 54 жасында Семей қаласында Ертіс өзенінен жалдамалы қайықшы әр қабаққа өткіземін деп судың ағынының иірімінде қайық ауып кетіп, қаза болған. Әубәкір Нарманбет ақынмен өте жақын дос болған. Сол достықтың белгісі ретінде Нарманбет ақын қатты қайғырып, Қарқаралы тауынан биіктігі екі метр, ені бір жарым метр тасты қашатып: «Топтың гүліндей, Жорғада кеткен сүрінбей. Қараңғыда жол тапқан, Қапияда сөз тапқан, Құрған торға ілінбей. Өмір өтті жалғанда, Артында қалдық арманда. Алладан бар тілегім, Өмір берсін Әнуарбек пен Әлиханға» деген өлең жолдарын жаздырған екен.

Шалқарбек ӘУБӘКІРОВ,

зейнеткер.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button