Қант қымбаттайды ма?
2022 жылы қант бағасының күрт өсуіне байланысты мемлекет əлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуін болдырмау үшін жоба əзірлеген-ді. Осы жоба аясында 2023 жылдың басынан облыста қант бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Тараз қант зауытымен қант жеткізуге шарт жасалды. Бұл туралы «Сарыарқа» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы мəлімдеді.
Шарт бойынша, зауыт биыл облысқа қанттың бір келісін 460 теңгеден жіберуге міндеттеме алды. Əкелінетін қанттың жалпы көлемі – 3600 тонна. «Сарыарқа» ƏКК бүгінгі күні көтерме сауда орындарында қанттың бір келісі 370 теңгеден сатылатынын хабарлады.
– Үкіметтің Қаулысына сəйкес, 2022 жылғы қарашада Тараз қант зауытына Қарағанды облысының аумағына қанттың бір келісін 460 теңгеден аспайтын бағада өткізу үшін қарыз берілді. Бүгінде көтерме сауда орындарында қанттың бір келісі 370 теңгеден, ал, бөлшек сауда орындарында 387-401 теңгеден сатылуда, – деді корпорация өкілі. Бұл шара қант бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Қант бағасын ұстап тұру 2024 жылдың жаз айларының соңына дейін жүзеге асырылады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz