Басты тақырып

Ана тілің алпыс тілге татиды

     Қазақстан мен Орта Азияның жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы халықаралық олимпиада Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де өтті. Бұл – елімізде мәдени әр алуандықты сақтап, көптілділікті қолдау мақсатында ЕҚЫҰ– ның ықпалымен ұйымдастырылған алғашқы сайыс.

Сайысқа қатысушылар ана тілімен қатар мемлекеттік және бірнеше шетел тілдерін қаншалықты жетік меңгергенін сарапқа салды. Әрбір қатысушының тілдік репертуары үш және одан да көп тілді қамтыды. Қатысушылар түрлі тілді меңгеру арқылы адамның ой-өрісін дамытудың, сананы жаттықтырудың жолдарын көрсетті. Барлығы 18 тіл (қазақ, орыс, қырғыз, тәжік, түрікмен, өзбек, татар, шугнан, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, түрік, араб, ұйғыр, парсы, дари) бойынша сайысқа түскен кілең мықтылар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінен жиналды. Атап айтсақ, барлығы Орта Азия елдерінің 10 университеті және еліміздің 15 жоғары оқу орнының студенттері қатысты.

Олимпиаданың ашылу салтанатында сөз алған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Көбеев сайыскерлерге сәттілік тіледі. Орталық Азия білім беру бағдарламасы ЕҚЫҰ ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының өңірлік үйлестірушісі Гүлназ Саирова құттықтау лебіз білдірді. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының облыстық ПҚ БАИ директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәулеш Мұқанова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вилен Молотов-Лучанский олимпиаданың маңыздылығына тоқталды.

Жалпы, сайыс академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, ЕҚЫҰ ұлттық азшылық істері жөніндегі ЖКӨҮ және Қарағанды облысы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ПҚ БАИ ұйымдастыруымен өткізілді. Көптілділік бойынша іс-шараны өткізуге Қазақстан халқы Ассамблеясы да мұрындық болды.

Сайыстың алғашқы күні екі тур бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар мәлімделген тілдер бойынша стандартты тестілеуден өтіп, шет тілінде эссе жазды. Бұл бөлімде екінші тілде ұсынылған тақырып бойынша көпшілік алдында сөз сөйлеу, оны қалған мәлімделген тілдерде қазылар алқасы мүшелерімен талқылады. Ал, екінші күні олимпиада қорытындысы шығарылды.

Пленарлық отырыста ЕҚЫҰ ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғары Комиссарының сарапшысы А.Стоянова қақтығыстардың алдын алу және тұрақты дамуда көптілді және көпмәдениетті білімдегі ынтымақтастық жөнінде баяндама жасады. ҚарМУ-дің Көптілді білім беруді дамыту орталығының директоры Жанар Шайхызада Қазақстанның көптілді мектептеріне кадрларды даярлау тәжірибесімен таныстырды. ОшМУ қырғыз тілі және әдебиетін оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Асылкан Маматова Ош мемлекеттік университетінің (Қырғызстан) педагогикалық факультеттерінің көптілді білім беру бағдарламаларындағы тілдік дайындықты өзгерту туралы айтып өтті. Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Мейрамгүл Жетпісбаева орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарына тоқталды. Физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуға мұғалімдерді даярлау бойынша курстарды жүзеге асыру әдістерін атады.

Памир халқының тілдік сан алуандығын сақтау мен дамыту проблемалары М.Назаршоев атындағы Хорог мемлекеттік университетінің (Тәжікстан) тәжік тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мукбилшо Аламшоевтің баяндамасы өзектілігімен ерекшеленді. Сонымен қатар, оларға Шымкент қаласының Ю.Сареми атындағы мектеп-гимназиясының көптілді білім беру бағдарламаларын сынақтан өткізу тәжірибесін ұсынды.

Семинар барысында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының мамандары «Өзге тілді оқытуда белсенді стратегияларды қолдану», «Тіл мен пәнді кіріктіріп оқытуды қолдаудағы әдістер мен тәсілдер» жөнінде кеңінен дәріс оқыды. Оқытушылар өзара тәжірибе алмасып, өзге тілді меңгертудің тәсілдерін талқылады. Орталық мамандары шеберлік сыныпқа қатысушыларға сертификат табыстады.

Олимпиада тартысты өтті. Жалпы есепте Қырғызстан елінен келген студенттер «Ең көп тіл білетін команда» аталымына лайық деп танылды. Ош Мемлекеттік университетінің студенті Бегимай Калчороева «Ана тілдің үздік білгірі» атанды. Ал, «Мемлекеттік тілдің үздік білгірі» аталымын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Шахзода Ортикова жеңіп алды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің намысын қорғаған Нұргүл Адамжанова «Шет тілдің үздік білгірі» атанды. Сондай-ақ, С.Улугзод атындағы Тәжік мемлекеттік тілдер институтының студенті Фируз Норов «Орталық Азия тілдерінің үздік білгірі» атанса, осы елдегі С.Айни атындағы педагогикалық университеттің студенті Самандар Шералиев «Супер полиглот» атағын жеңіп алды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Гауһар Нұртаева «Ең үздік эссе» жазуымен ерекшеленді.

Марапаттау салтанатында жеңімпаздар естелік суретке түсті. Үздік командалар пікір алмасып, келесі сайыстарға жан-жақты дайындықпен қатысуға уағдаласты.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button