Ана мен бала саулығы – назарда
Бұл – кез келген қоғамның болмысын безбендейтін көрнекті көрсеткіш. Әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің өлшемі. Демографиялық дүмпу діңгегі! Былтыр ана өліміне жойдасыз жол беріп алған Астана қаласы мен үш облыстың бірі – Қарағанды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында вице-министр Л.Ақтаева мәлімдеді. Оның себебіне де тоқталды: «Қиын жағдайға душар болған әйелді бақылау (мониторинг – авт.) ойдағыдай емес». Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ресми дерегіне сүйенсек, облыс аумағында 2018 жылы ана өлімінің алты оқиғасы орын алған, үшеуінің алдын алу мүмкіндігі болғандығы айтылған.
ЖАРТЫСЫ – ЖЕЗҚАЗҒАНДА
Былтыр Жезқазған қалалық перинатальдық орталығында 3 ана қайтыс болды. Мәселе қайғылы оқиғаның санында емес, медицинаның дамыған заманында, ел аман, жұрт тынышта ана өлімінің орын алуында. Осындай оқыс жайтқа неге жол берілді? Алдын алуға болмас па еді? Әрине, сала маманы емеспін. Сондықтан, ел арасындағы әртүрлі алыпқашты әңгіменің жетегінде кетпей, денсаулық сақтау жүйесінде жүрген кәсіпқойдың пікіріне құлақ түргенді жөн көрдім.
- Өткен жылғы ана өлімінің екеуінде оқыс оқиғаның алдын алу мүмкіндігі болмады. Өйткені, кейін сараптама кезінде босанатын әйелде ми тамыр-талшығының бүлінгені (мальформация) анықталды. Оны жүктілік кезінде немесе жүктілікке дейін анықтау мүмкін емес. Статистикаға сүйенсек, сондай сырқаттың салдарынан аяғы ауыр әрбір төрт әйелдің біреуінің миына қан құйылады, әрбір он әйелдің біреуі, кейде екеуі бақилық болады екен.
Биыл тағы екі анадан айырылып қалдық, екеуінің де өлімінің алдын алу мүмкіндігі болмады. Себебі, екі жағдайда да өлім кенеттен болды. Сараптама қорытындысына сүйенсек: біріншісінде, өкпе көктамырында қан ұйып қалған (тромбоэмболия), екіншісінде, сол жақ бүйректің күретамыры кеңейіп (аневризма), жыртылған. Кейінгісі аса қауіпті, күретамыр кеңейіп, жыртылғанда әрбір он адамның жетеуі аман қалмайды. Әрі екеуі де байқатпай өтеді, кенеттен көрініс береді. Соңғысы соттық-медициналық сараптама кезінде анықталды, – дейді көпсалалы аурухана директорының босандыру және сәби күтімі жөніндегі орынбасары Ақерке Есболатова.
Былтыр – 5, биыл 4 нәресте шетінеді. Барлығы шала туғандықтан аман алып қалу мүмкін болмады. Патологиялық-анатомдық тексеріс нәтижесінде өкпе тінінің жетілмеуі салдарынан қалыпты тыныс ала алмағаны анықталып, дәлелденді.
- Ана мен бала өлімінің негізгі себебі – әйел денсаулығындағы кінәрат, жүктілік кезінде пайда болған әртүрлі ауру. Әйел бала тууға бел буған соң жүктілікті жоспарлау керек. Оған не кіреді? Алдымен, денсаулығын қолға алу, яғни, өтпелі немесе созылмалы ауруы бар болса, емделу, кешенді тексерістен өту. Денсаулығы жүктілікті көтере алатындай жағдайға жету. Тек денсаулығы жарамды ана ғана дүниеге дені сау бала әкеледі және сау бала ғана болашақта дені сау ата-ана болады. Денсаулықты күту – әркімнің жеке міндеті. Әр ана сәбиінің дүниеге сау болып келуін қаласа, ең алдымен, өз денсаулығына мұқият қарауы керек, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова.
КӨҢІЛДІ КҮПТІ ҚЫЛҒАН…
Облыс әкімі 2018 жылы 23 қазанда қалалық орталық ауруханаға перинатальдық орталықты қосып, «Жезқазған қалалық көпсалалы ауруханасы» деп атау туралы қаулы қабылдады. Соған сәйкес облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы екі медициналық мекеменің басшысына 8 қарашадан 10 желтоқсанға дейін мүлік түгендейтін бірлескен комиссия құруды, оны актімен өткізіп-қабылдауды, орталықты қосу арқылы аурухананы қайта құруды тапсырды. Бұл жаңалық әлеуметтік желіде талай әңгімеге тамызық болды. Көпшіліктің көңілін күпті қылған мәселенің мән-жәйін Ләззат Ранова былай түсіндірді:
- Бұл – уақыт талабы, тиімділігі әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Астана мен Қарағандыда қазірдің өзінде біріктірілген. Босандыратын бөлімшесі бар ауруханаға түскен әйелдің шұғыл медициналық жәрдемді белгілі бір сала маманының кеңесін жедел алуына мүмкіндік туады. Өйткені, мамандандырылған медициналық жәрдемнің барлық түрі бір жерге шоғырланған. Кадр тапшылығы айқын аңғарылып отырған қазіргі жағдайда бұл аса маңызды.
Қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасы орталықта ана мен балаға жанжақты жағдай жасалуын бақылайды. Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жіті қадағалауымен жүзеге асады. Аурухананың сырқат қабылдайтын жалпы бөлмесінен басқа, орталықтың перзентханаға және гинекологияға қызмет көрсететін жеке екі қабылдау бөлмесі болады.
Орталық ауруханаға қосылғанымен, бүгін-ертең қоныс аударғалы отырған жоқ. Алдымен ауқымды күрделі жөндеу жүргізіледі. Онда барлық санитарлық норма ескеріледі. Мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін жан-жақты қолайлы жағдай жасалады. Жаңа перзентхана еуропалық үлгідегі заманауи құрал-жабдықпен жарақтандырылады. Қысқасы, материалдық-техникалық базасы тегіс жаңартылады.
Перинатальдық орталықтың қазіргі ғимаратында ардагерлерге арналған аурухана ашылады. Сондай-ақ, науқастың демі таусылатын сәт таяу екенін біле тұра оның тән және жан қиналысын жеңілдетуге жәрдемі тиетін мамандары бар әлеуметтік қызмет (хоспис) жолға қойылады. Арнайы даярлықтан өткен медбикелер бөлімшесі болады, – деді ол.
- Перинатальдық орталық аурухананың 2-3 қабатына орналасады. Сондықтан, қазір ауыс-түйіс қамын жасап жатырмыз. Екінші қабаттың «Б» блогындағы неирохирургия бөлімшесі әкімшілік орнына көшіріліп, босаған жер тегіс перзентханаға беріледі. «В» блогындағы статистика бөлімі мен емхананың орнын перзентхананың ота жасау блогы, интенсивті палаталар, босанған аналар жататын палаталар, босандыратын зал басады.
Үшінші қабаттың «Б» блогындағы травматология бөлімшесі жетінші қабаттан тоғызыншы қабаттағы нефрология бөлімшесіне баратын көз емдеу бөлімшесінің орнын басады. Босаған орынға гинекология бөлімшесі мен сырқаттанған аяғы ауыр ананы емдейтін бөлімше орналасады. Бұрынғы акт залы, қызметкерлер асханасы, пансионат әкімшілік пен статистика бөліміне беріледі.
Бүгінде жобалау-іздестіру жұмысы жүргізіліп, жобалық-сметалық құжат дайындауға байқау жарияланды. Онда «жылы еден» төсеу, қосымша жылу радиаторын орнату қарастырылады, — дейді, көпсалалы аурухана директоры Есентай Мұсағұлов.
Медициналық мекемедегі мұндай өзгеріс сала мамандарының пайымдауынша, босанатын әйелге жедел әрі тиімді жәрдем көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ана өлімі мен нәресте шетінеуін азайтуға пәрменді ықпал етеді. Лайым, солай болсын!
Әлібек ӘБДІРАШ