Жаңалықтар

Қанағат

Іссапарымыз көп. Мамандығымыздың артықшылығы – осы. Жер көреміз, ел аралаймыз, адамдармен танысамыз. «Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деген қазақ мәтеліне дөп келеді журналистер жұмысы. Асымыз аз болғанымен, атымыз бар.

Осыдан он шақты жыл бұрын Егіндібұлақтың Қаратау ауылында Мұрат Мұздыбаев ағамызбен дидарластым. Бұрыннан білетін едім. Көп жыл шаруашылық басқарған білікті директорлардың бірі болды. Зейнет жасында екен. Асықпай отырып, бірталай әңгіменің басын қайырдық. Көп біледі. Оқыған дүниелері де мол екенін аңғардым.

– Сіздер қазақтың ескі сөздерін жақсы білесіздер ғой. Осы «құлақта қарын жоқ» деген сөздің мағынасын түсіндіріп берші,–деп бізге қулана сынай қарады.

Олай ойландым, былай ойландым. Ұшқыр ой төске де өрледі, ылдиға да түсті. Тосылдым.

– Пәлі, қарын әрі кетсе екі табақ етке тояды. Құлақ шіркін, тыңдауға, естуге тоя ма?- деп көздерін сығырайта күлгені көз алдымда.

Мағынасы жеген ет пен естіген сөзде емес екенін ұқтым.

 Тереңде екен.

Әлемнің жартысына әмірі жүр ген үш билеуші өткен өмірден. Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский), Шыңғысхан, Наполеон. Жаулап алған жерлерінің көлемі бойынша тізімдесек, Шыңғысхан алға шығады. Сайыпқыран Шыңғыс қағанымыз 7.700.000 шаршы километр жерді ат тұяғымен таптаған. Ескендір 3.480.000 шаршы километр аумақты басып алса, Бонапарт 1.150.000 шаршы километр жердегі елге әмірін жүргізіпті. Үш қолбасшы да бірі ерте, бірі кеш өмірден өткен. Соның бірі Ескендір 33 жасында ауырып, жан тәсілім берер алдында айтыпты деген аңыз бар.

– Халқымның алдынан алып өткенде қолдарымды табыттан шығарып қойыңдар,– деп ақтық әмірін беріпті-мыс.

– Әміршім, мұның қалай?– деп жік-жаппар болса керек уәзірлері.

– О дүниеге Ескендір патшаның құралақан кетіп бара жатқанын халқым білсін,– деген екен әлемді билеген әмірші.

Солай болса керек. Көне тарихтан жеткен тәлімі мол тәмсілді ежіктемесе де болады. Тағы сол Ескендір жайлы Абай атамыз жазған. Бәріміз оқығанбыз. Қу бас туралы. Қамалды қорғаушылар жіберген қу бас Ескендір патшаның бүкіл алтын-күмісін таразыға тартқанда басып кетеді. Аңтарылған әмірші Аристотельден ақыл сұрайды.

– Қу бастың көзіне топырақ шашып жібер,– деген екен Аристотельдей ұлы ұстазы.

Сүйегіне қына шыққан бас болса да, адамның көзі қу дүниеге тоймай жатыр, деген мағына ғой бұл.

«Өзі тойса да, көзі тоймайды» деп атам қазақ бекер айтпаған. Бұрын «Қанағат қарын тойдырады» дейтін қазақ едік. Қазір құлақпен қоса көздерінде қарын жоқ ұрпаққа айналып бара жатқан сияқтымыз.

Таразы басында ынсап пен ындын, қанағат пен қарынбай тұр. Қай жағы басып барады?!

Мағауия СЕМБАЙ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button