Қамбар АХМЕТ: “Орталықты” оқып тұрыңыздар” деп еді…
«Дүниеден Мағауия Сембай өтті» деген суық сөз жүрегімізді сыздатып, қабырғамызды қайыстырып кетті. Қазақта журналистикаға, сөз өнеріне сөзсіз адал екі адам болса, соның біреуі еді Мағаш аға! Соның ішінде, өзі сонау жиырмадан жаңа асқан шағынан бастап, зейнетке шыққанша қызмет еткен, ширек ғасырға жуық басшысы болып, ыстығына күйіп, суығына тоңған «Орталық Қазақстан» газетінің шынайы жанашыры, жанкүйері болатын. «Орталық» пен Мағауия Сембай есімі біртұтас ұғымға айналып кеткелі қашан…
ҚазМУ-ды бітірген бетте Орталық комитет жолдамасымен Арқадағы қарашаңырақ басылымға жұмысқа қабылданып, қаламының қарымдылығы, ойының орамдылығымен жарқырай көрінген, қатардағы тілшіден Бас редактордың орынбасары қызметіне дейін өскен, кейінірек 1997 жылдан газет тізгінін ұстаған Мағауия Сланбекұлы осы жылдар ішінде «Орталықтың» өсіп-өркендеуіне, өңірде қазақтілді баспасөздің әлеуетін арттыруға өлшеусіз еңбек сіңірді. Қарымды публицист, жазушы ретінде де қоғамның көкейкесті мәселелерін талмай көтеріп, ұлт мүддесі үшін риясыз қызмет етті.
Мағаш аға басқарған жылдары редакция ұжымы бірнеше республикалық, облыстық байқаулардың, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Журналистер академиясы сыйлығының лауреаты атанды.
Қарымды қаламгер осынау кезеңде журналистердің бір емес, бірнеше буынын тәрбиелеуге үлес қосты. «Орталықтың» ұстаханасынан, Мағаш ағаның мектебінен шыңдалып шыққан азаматтар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр.
Ұлт руханиятының жанашыры әрі шынайы жоқтаушысы болған Мағауия Сланбекұлы сынды арда азаматтан айырылу – баршамыз үшін орны толмас ауыр қаза болды.
«Құрметті оқырманым! Мен әлі жазып тұрам, «Орталықты» оқып тұрыңыздар» – деп еді бізге батасын берген күні. Жазып тұрды да. Біз, шәкірттері Мағаш ағаның журналистикаға бергенінен берері әлі көп екеніне сенімді едік…
Жаны жайсаң тұлғаның жұртына сіңірген еңбегі мен жарқын дидары артында қалған мол шығармашылық мұрасы, қаламын суытпаған шәкірттері тұрғанда жүректерден өшпейтініне сенімдіміз.
Топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын!
Отбасының қайғысын бөлісіп, ағайын-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз.
Алды пейіш, арты кеніш болсын!
Артында қалған ұрпақтарына ұзақ өмір берсін!
Қамбар АХМЕТ