Қамбар АХМЕТ: «Демократияның басты шарты — сайлау»
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ауыл әкімдерін сайлау айтарлықтай жаңалық болды. Ауыл — алтын бесігіміз. Алтын бесігіміздің айрықша дамуына елеулі еңбек сіңіретін жаңадан сайланған әкім болмақ. Жалпы, жаңа сайлау не береді? Осы жөнінде облыстық мәслихаттың депутаты, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар АХМЕТПЕН сұхбаттасқан едік.
— Ауыл әкімдерінің сайлауы өңірімізде қалай өтуде?
— Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға облыс тұрғындары белсенді қатысып жатқанын көріп отырмыз. Жалпы, сайлауды ұйымдастыру, үміткерлерді тіркеу, үгіт-насихат кезеңі тыңғылықты атқарылды. 75 орын үшін 275 үміткер бақ сынап жатқаны – осының нақты көрсеткіші. Сайлаушылардың белсенділігі де жоғары екенін көріп отырмыз. Тұрғындар бұл сайлау үміткердің ғана мәселесі емес, ең алдымен өз мәселесі, тұтастай алғанда ауылдың тағдырына ықпал ететін мәселе екенін сезінгені деп түюге болады. Тағы бір маңызды мәселе – карантин талаптарын сақтау. Бұл тұрғыда сайлау учаскелері талапқа сай дайындалған.
— Бағы жанған әкімдер қанша уақытқа тағайындала алады?
— Ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі өзгеріссіз қалды, яғни ол 4 жылды құрайды. Сайланған әкімнің халыққа берген уәделері мен міндеттемелерін орындауына бұл уақыт молынан жетеді деп ойлаймын.
— Сайлау қорытындысы қашан шығады?
Дауыс беру аяқталған соң сайлау қорытындылары үш күн ішінде шығарылуы тиіс. Сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу іске асады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.
— Сіздің ойыңызша, ауыл әкімі сайланған соң, басты қандай жұмыстарды қолға алу керек?
— Менің ойымша, тұрғындардың қолдауына ие болған адам ең алдымен сайлаудың алдында көпшілікке ұсынған бағдарламасын саралап алуы керек. Әкім орынтағының оған қаншалықты баянды болмағы халыққа берген уәделердің қанша пайыз орындалатынына тікелей байланысты болмақ.
Ауылдағы ең басты мәселелер – мектептің жұмысын тоқыратпау, жолды жөндеу, жастар үшін жағдай жасау, медициналық қызметтің қолжетімділігін ұйымдастыру, кәсіпкерлердің мемлекет беретін игіліктерді алуына қолдау көрсету.
Әрине, ауылда бюджет шектеулі. Осы жағдай әкімдердің қолын байлайды. Сондықтан халықтың жағдайын жақсартудың түрлі жолдарын іздеуге тура келеді. Жол жөндеу, үй, мектеп салу, инфрақұрылым тарту тек қаржылық мүмкіндікке емес, мұндай ұсыныстарды ауданға, облысқа табанды түрде өткізуге тікелей байланысты. Міне осы жерде басшының қаншалықты шебер ұйымдастырушы екені анықталады.
— Бүгінгі сайлаудың қандай саяси жемісі бар деп ойлайсыз?
— Ауылдар мен кенттердің әкімдерін тікелей сайлау – тарихи оқиға, шешуші қадам деп санаймын.
Демократияның басты шарты – сайлау. Ерте ме, кеш пе барлық деңгейдегі басшылар халықтың таңдауымен сайланады. Сондықтан, бұл істі кейінге қалдырмаған жөн деп санаймын.
Бұл сайлау бізге не береді? Ең алдымен билік емес, сайлаушылар таңдаған әкімнің халық алдындағы жауапкершілігі артады. Әкімдер енді «мені билік тағайындады» деп алаңсыз жүре алмайды. «Мені таңдаған жұрттың сенімін қалай ақтаймын, берген уәделерімді қалай орындаймын» деп алаңдайды. Сондықтан, сайланған әкім әлеуметтің көңілінен шығуға барын салады. Тың бастамалар іздейді. Еңбектенеді.
Екіншіден, көпшілік таңдаған соң, биліктің алдында әкімнің саяси салмағы да арта түседі. Жұмысты дұрыс жолға қойып, тұрғындар қолдауына ие болса, «мен халық сайлаған әкіммін» деп батыл шешімдер қабылдай алады.
Бұл сайлаудағы тағы бір оң үрдіс – үміткерлер партиялық тізіммен ғана ұсынылмай, азаматтардың өзін өзі ұсынуына мүмкіндік берілуі.
Осының бәрін қарай келе, ауыл әкімдерін тікелей сайлау оң қадам болды деп санаймын.
— Сұхбатыңызға үлкен рақмет. Ауыл ажары арта берсін, үміткерлерге ақжол тілейміз!
Сұхбаттасхан Қасымхан ҒАЛЫМ.