Жаңалықтар

Аманжол ӘЛТАЙ: “Ақындар Сәкен образын толық ашады деп ойлаймыз”

Аманжол ӘЛТАЙ, белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

  • «Сәкен бабамыздың тойында жыр байрағының Қарағандыда көтеріліп жатқаны – үлкен қуаныш, әрине. Ал, енді ақындарымыз Сәкен бейнесін, Сәкен образын толық ашады ғой деп ойлаймыз, содан үміттеніп отырмыз. Өйткені, оған Сәкен тұлғасының жан-жақтылығының өзі жол ашып тұрғандай. Мәселен, Сәкеннің қайраткерлігі. Сәкен – ХХ ғасыр басында Қазақ мемлекетінің көш басында маңдайы жарқыраған қайраткер тұлға. Ол кісінің болмысын қазіргі атқа мінген көшбасшыларға өнеге етіп, көп дүниені айтуға болар еді. Сол тар заманның өзінде үлкен-үлкен шаруалар атқарып кеткендігі туралы. Қазір біз тәуелсіз ел болсақ та, қазақ тілі мәселесінің түбегейлі шешімін таппай отырғанын жақсы білеміз. Осы тіл мәселесін ХХ ғасыр басында нақты қолға алып, көркеюіне күш сала бастаған да Сәкен бабамыз. Ақындарға бұл да бір үлкен соқталы тақырып. Сонымен қатар, Сәкеннің азаматтық, адамгершілік қасиеттерінің биіктігі де жырланбай қалмауы тиіс деп білеміз. Сондай тар заманда басын бәйгеге тігіп, Ахмет Байтұрсынның 50 жас мерейтойын өткеріп, Мағжан қамаудан келгенде, бауырына басып, көмектескенінің өзі – азаматтық асыл қасиеттерін әйгілейді».

Басқа материалдар

Back to top button