Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Аманатқа қиянат жоқ

«Аманат» сөзі – қазақ халқына ғана тән өте мағыналы, қасиетті сөз. Басқаға ерекше тапсырылып, міндетті түрде, мүмкіндігінше жедел орындалуға тиіс тапсырыс. Әсіресе, бақилық болған адамның соңындағы ұрпағына қалдырған аманаты – ауыр жүк. Қазақ азаматы қандай ауыр болса да, «Аманатқа қиянат жоқ» деп, қайтсе де, орындайды. 2021 жылдың 9 желтоқсанындағы «Октябрь ауданы – «ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН атындағы аудан аталсын» деген Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысы мен облыстық мәслихаттың шешімі Жайық, Масғұт марқұмдар аманатының өтеуі десек болар. Менің де, жерлестердің де мойынынан бір ауыр салмақ түскендей...

1993 жыл. Кенеттен телефон шыр еткені есімде. Облыстық Қазақ тілі қоғамының төрағасы Масғұт Халиоллин. Мектеп жағдайы, тағы басқа бірер мәселе туралы сұрай келе: «Әй, жас директор, сен өткендегі Жәкең ақсақал бастаған, басқаларымыз қостаған аманатты орындау барысында не істеп жатырсың?», – деді.

Жаңа ашылған мектептің қат-қабат, қилы-қиын мойын бұрғызбас жұмыстарынан қол тимей, ағалар тапсырысын орындамақ түгілі, ойлауға мұрша болмай қалған мен: «Ой, Маха, әлі де керемет те келелі істер, әсерлі әрекеттер жасадық дей алмаймын, біраз талпыныс бар» дедім. Іштей «аманат» деген салмақты да сынақты сөзді естен шығарыңқырап алғаныма, ауыр да абыройлы істі атқару барысында қимыл жасамағаныма қысыла, жалтара жауап бердім.

1992 жылдың 17 желтоқсанында мектебіміздің қазақ тілді мектеп болуына және Әлихан Бөкейхан есімімен аталуына орай «Әлихан Бөкейхан – ұлықты да ұлы тұлға» атты облыстық семинар өткіздік. Салтанатты кешімізге 170-ке жуық ұлтжанды зиялы қауым, аудан, қала, облыс әкімшілігі мен білім саласының қызметкерлері, ата-аналар, жергілікті тұрғындар шақырылған-тын. Сол жиынға қатысқан жазушы Жайық Бектұров аға Алаштың алып тұлғасы Әлихандай дананың еліне сіңірген еңбегін жұртшылыққа тамсанта таныстырған болатын. Кеш соңында Жәкең ақсақал қаламызда тұңғыш қазақ тілді мектептің ашылғанын (Қарағандыда №2 және №7 мектеп-интернат пен 1991 жылы ашылып, 1997 жылға дейін аралас тілде оқытқан №39 қазақ мектебі ғана болатын), Әлекеңнің есімімен аталуын «Тәуелсіздік жетістігінің бастамасы, елеулі еңбек», – деді.

«Мұз жарылды, сең қозғалды, енді сендерге жол ашық. Мына Октябрь ауданының атын Әлихан Бөкейхан деп өзгертуге күш салыңдар. Бұл – осы отырғандарымыздың, біз сияқты талай ұлтжанды зиялылардың, тіпті, қазақ халқының аманаты деп ұғыңдар. Осындай ерлікке пара-пар істі, жастар, сендер орындамағанда кім іс жүзіне асырар?! Біз де мүмкіндігінше көмегімізді аямаспыз» деген сөзін тамаша бір ризашылықпен, үлкен сеніммен айтқан-тын. Дәл осы бір риялы аманатты орындауды мен сол 1993 жылдың 5 ақпанында бастадым. Жергілікті 841 тұрғынның қолы қойылған сұраныстарды (ауданның атын өзгерту, Әлекеңе ескерткіш қою, Майқұдық пен қаланы жалғайтын Магнитогорск көшесін Әлекеңнің атымен атау, тағы да 10-15 ұсынысты) қала, облыстық әкімдікке, кейін мәслихатқа жібердік. Күндер, айлар, жылдар өтті. Әлекеңнің 140 (145, 150) жылдығына арналған түрлі деңгейдегі жиындарда, баспа беттерінде, теледидарда да осы ой-пікірлер мен ұсыныстар қайталанды. Әрине, мен ғана емес, ондаған әлихантанушылар, жүздеген зиялы, журналист, қарымды қаламгер ұтымды ұсыныстарын жариялады. Әсіресе, Қарағанды қаласының аудандары қысқарып, атаулары өзгертілгенде зор күш жұмылдырылды. Онда да «Қазыбек би есімі әрең өтті, келесі сессияда Әлекеңді өткіземіз» деген. Енді бірде «Бір адамның есімін беру республикада үштен аспау керек», не «атауға мораторий жарияланды», болмаса «Әлекеңді тұрғындарға таныту үшін» конференция өткізу қажет» деген сияқты түрлі сылтаулар шыға берді. «Аманат» ұғымы қанға сіңген қазақтың бірі болған соң мектеп ұжымына, зиялы азаматтарға арқа сүйеп, өз тарапымнан алып тұлғаны танытарлық шараларды қолға алдым. 1993 жылдан бастап күні бүгінге дейін бір толас таппады. Бұған бұқара – куә! Ақтоғай ауданында Қарағанды қаласында, облыс аймағында Әлихан Бөкейхан данаға арналған шаралар аз емес, оны тізімдеуге газет беті көтермейді.

Бүгінде зиялы азаматтар басқарған білім орындары мен мекеме ұжымының қажырлы еңбектері, ұлағатты ұсыныстары ағамыздың арнайы аманатын орындауға себеп болғаны сөзсіз.

«Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» дегендей, Әлекеңдей асыл ағаның мүрдесі талай мыңдаған шақырымда жатса да, жер қойнауын жарып, бір ауданның мыңдаған халқына нұрын шашқанына куә болдық. Енді Әлекеңдей бабаның есімін ардақтау – болашақ ұрпақтарымызға АМАНАТ демекпін.

 Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ, ардагер педагог, әлихантанушы.

Басқа материалдар

Back to top button