Басты тақырыпТеміртау

Қам көңілге – перзенттік пейілмен

Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті мен теміртаулық Қайрымдылық үйі арасындағы өзара ынтымақтастық осыдан 10 жыл бұрын бастау алған. Әлеуметтік сала қызметкерлері күні қарсаңында ЖОО студенттері жалғызбасты қарт жандарға концерттік бағдарлама және сыйлықтар әзірлеп, аталған үйге арнайы барды.

ҚМИУ-дың еріктілер қозғалысын басқарушы, болашақ химик, 1 курс студенті Айгерім Әбілқасымова айтқандай, университеттің оқытушылары мен студенттері жыл сайын қайырымдылық шарасын ұйымдастырады. Олар қаржылай көмекпен бірге, жылы киімдер жинайды. Шырын сусындарын, жеміс-жидек, тәттілер және диабет ауруымен аурыратын қарттарға арнайы тағамдарды сатып алады. Осылайша, қарт адамдарға шын жүректен қамқорлық жасайды. Өздерінің ән-күйлері, билерімен қарттардың көңілдерін көтереді.

Қазіргі күні бұл үйді елу үш қарт паналайды. Ең жасы жетпісті алқымдаса, алды 95 жасқа келген екен.

Концерттік бағдарлама барысында 1 курс студенті Мақсат Жұмақанмен бірге, қамкөңіл жандар өздерінің сүйікті әндері «Смуглянканы» және «Катюшаны» қосыла шырқады. Сондай-ақ, болашақ металлург, химик, құрылысшылар – Руслан Қуанышбаев, Айгерим Әбілқасымова, Аида Сапар және Римма Таңатова да өнерлерін паш етіп, қарттардың батасын алды.

Мейірбикелік күту ауруханасына келу студенттерге әрқашан ерекше әсер етеді. Кейбірінің көңілі босайды. Айналасындағы үлкендерге, өздерінің ата-әжелеріне, тіпті, бейтаныс қарттарға мейірімділікпен қарауға, қамқорлық жасауға себепші болады.

Халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтары бар. Оларға қол ұшын беру арқылы біз дамыған азаматтық қоғамды қалыптастырамыз.

Мұндай акциялар, тек, қарт адамдарға ғана емес, өсіп келе жатқан жастарға да қажет. Жастар, өздері есейген сайын, ата-аналарының алдындағы жауапкершілікті де сезінуі керек, – дейді мейірбикелік күту ауруханасының директоры Олег Куринной.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button