Қалжың сөздің Қаллекеңі
Қарағандыдағы қарашаңырақтың бірі саналатын облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде небір майталман қаламгерлер еңбек еткені белгілі. Солардың ішінде әзілімен көздеген нысанасын «қағып түсіретін» Қали САДЫҚОВ деген ағамыз еңбек етті.
Мен Қалекеңді көрдім. Ол кезде облыстық теле-радиокомитетінің «Жаңалықтар» редакциясында редактор болып қызмет атқаратынмын. Бір күні машбюроға келсем – жасы үлкен бір мұртты кісі машинка басатын Ләззат Жұмашева апайға қағазға қарап айтып отыр, апай оны жедел басып отыр. Мен жаққа бір қарады да, жұмысын жалғастыра берді. Менің машинкаға берген ақпаратым дайын екен, соны алдым да, «бөгет болмайын» деп, үнсіз кетіп қалдым. Дегенмен де, кейбір сөздерді құлағым шалып қалды. Бірінші мамыр мерекесінің қарсаңы еді. Сондықтан, мерекелік шеруде дикторлардың оқитын мәтіні екенін бірден түсіне қойдым.
Біраздан соң қайтадан келсем – ол кісі шығып кетіпті. Ләззат апайдан сұрағанымда бұрын «Орталықта» қызмет атқарған, қазір зейнеткер Қали Садықов деген ақсақал екенін айтты. Сол кезде ағамыздың жетпістен асқан шағы болса керек. Қимылы ширақ, сөз мәнері орнықты, жымиып сөйлейтін адам екен. Журналистік машығының шеберлігіне сол кезде таң қалғаным бар. Өйткені, машинканың жанына айтып отырған қағазын тастап кетіпті. Көз салып, мәтіннің орыс тілінде екенін байқадым. Мерекелік шеруде кімнің қалай, қай мекеме мен кәсіпорынның жетістіктерімен қоса жүріп өту кезегін ғана көрсетіп, қаланың аудандық партия комитеттері дайындап берген тізбені бірден қазақшаға аударып, оны мәтінге айналдырып, әрбір кәсіпорынның игі істерін қосып, оны дикторлардың оқуына лайықтап, бірден айтып отыр. Сол уақытта қалам ұстауды жаңа үйрене бастаған біздер үшін тізбені орысшадан тікелей аударып, оны мәтінге айналдыру нағыз шеберлік болып көрінген еді.
Ол кезде «Орталықта» редактордың орынбасары болған Ораз Сағынаев ағамыз біздің комитетке төрағаның орынбасары болып келген еді. Сол кісі шерулердің мәтінін дайындауды өзі бірге қызмет атқарған, өзі жақсы білетін Қали Садықовтың дайындауына тапсырып жүрген екен.
Қалекең мен Қағазекеңнің (ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қағазбек Сәденов) «айтысын» жақсы білетін едім. (Кейін Қағазекеңмен «Орталықта» бірге қызмет атқардық. Ол кісі де нағыз ақмылтық қаламгер еді. Қағазекең де бір жапырақ қағазға бірнеше цифр мен деректерді түртіп алып, соны машинкаға ауызша айтып, содан кемінде үш машинкалық бет материал шығарғанын сан рет көрдік). Сондай айтыстың бірін келтіре кетейін. Ол кезде редакция Ленин көшесінің бойындағы 5-ші үйде екен. Қалекеңнен жасы кіші болса да Қағазекең қалжыңдасып, ойнай беретін, әзілі жарасқан адамдар болыпты. Бірде таңертең Қалекең Қағазекенің бөлмесіне келсе – өзі жоқ, үстелінің үстінде «Бокс» темекісі (алпысыншы жылдардың басында шабадан сияқты ашылатын сондай папирос болған) жатыр екен. Қалекең оның сыртына:
«Ұқсатып сауысқанның сақ-сағына,
«Бокстың» өлең жаздым қақпағына.
Егер де Қағазбекке ұнай қалса,
Бір талын бере ме деп тақпағыма», – деп жазыпты да, шығып кетіпті. Кабинетіне келген Қағазекең жазуды оқып, оны әрі қарай:
«Бере берсем шылымым шақ келе ме,
Қалидың әрбір жазған шатпағына», – деп жалғастырған екен. Ол кісілердің осындай қалжың қайым айтыстары көп болатын. Оларды мен жинап, кезінде «Ақабайдың ала қабы» атты әзіл-сықақ жинағыма енгізген болатынмын.
Қалекең «Қарағанды пролетариаты» (кейін «Советтік Қарағанды», одан соң қазіргі «Орталық Қазақстан) газетінің негізін қаласқандардың бірі. Қарымды қаламгер, жазғанының тілі өткір, қажырлы адам еді. Белгілі жазушы Қарағанды туралы ең алғаш роман жазған Саттар Ерубаевпен бірге қызмет атқарған, жақсы сыйлас және сырлас дос болыпты. Газетте көп жыл өнеркәсіп бөлімін басқарған Қалекең өндіріс саласының терминдеріне өте жетік еді. Тіпті, кейбір терминдерді өзі ойлап тауып, қазақшалаған сол сөздер кейін өнеркәсіп термині болып қалыптасып кетті. Қазір біз қолданып жүрген «смена» дегенді «ауысым», «проходка» дегенді «үңгіме» деп аударған, тағы басқа сөздер сол Қалекеңнен қалған. Өнеркәсіп бөлімі болған соң облыстың темірі мен мыс, қорғасыны мен қалайы рудасын жер астынан өндіріп, көмір өнеркәсібі саласы үшін машиналардың талай түрін шығарып жатқан өндірісті өлкенің барлық жерінде болып, тамаша-тамаша очерктер мен сүбелі-сүбелі материалдар жазады, проблемалық мәселелер көтереді. Сонымен қоса көзге түскен кемшіліктерді де сын садағына іліп, уытты тілімен «қағып тастап» отырады. Ол кісінің ақ өлеңмен жазған көсемсөздерінің төгіліп тұратынын айтатын үлкен ағаларымыз. Қалекең тәрбиелеген журналистер облысымызда көптеп саналады. Ол кісі бөлім меңгерушісі болып тұрғанда қарамағында Қойшы Шаяхметов пен Ораз Сағынаев еңбек етіпті. Қойшекең «Орталықта» көп жыл өнеркәсіп бөлімін басқарып, сексенінші жылдың басында қатерлі ісіктен көз жұмды. Ал, Орекең тарих ғылымдарының кандидаты болды. «Орталықта» редактордың орынбасары болып істеп жүрген кезінде Қарағанды теле-радиокомитетіне 1975 жылы төрағаның орынбасары болып келді де, зейнеткерлікке шыққан соң өмірден өтті. Сол сияқты «Орталықтың» ардагері, кезінде ауыр индустрия және құрылыс бөлімін басқарған Аман Жанғожин де өзін Қалекеңнің шәкіртімін деп есептейді.
Қалекең айтқан, қазір ұмытылап бара жатқан:
«Жігіттер арақ ішсең өзімдей іш,
Көзіне бастықтардың көрінбей іш.
Осы жұрт бұл Қалиды «кедей» дейді,
Ішімде екі «Волга», төрт «Москвич»,– деген сөзі де қаламгерлер арасында кезінде жиі айтылатын.
Қазір Қалекеңнің немерелері мен жиен-жұрағаттары осы Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Ең үлкен ұлы Мәдениет ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген, мектептерде директор болды. Кейінде облыстық мұғалімдер мен ғылыми қызметкерлер кәсіподағының төрағасы болып қызмет атқарып жүргенінде жүрек талмасынан қайтыс болды. Ол кісінің зайыбы Майра апай бүкіл балаларын өсіріп-жеткізді. Қазір аузында Алласы, қолында тәспиғы бар, мұсылмандық жолда, қажылыққа барып келген. Жуырда Майра апаймен сөйлескенімде өзінің Серігінен туған қызы Салтанатпен және күйеу баласы Әділбекпен бірге тұрып жатқанын, одан Қалекеңнің екі шөпшегі бар екенін айтып берді. Екінші ұлы Берікбай кенші болған екен, шахтада еңбек етіп жүргенде апаттың салдарынан көз жұмыпты. Оның ұлы Жеңіс пен қызы Зәурештен немере сүйіп, қара шаңыраққа ие болып отырған зайыбы Гүлзайраш та кейін дүние салыпты. Сол сияқты атасының жиендерін тәрбиелеп, олардан немере көрген Зәйда, Ипатия, Жібек, Шолпан атты қыздары да болған. Атырауда тұрған Зәйданың, Қарағандыда тұрған Ипатияның о дүниелік болғанын Майра апайдан естідім. Жібектің Нұр-Сұлтанда, Шолпанның қазір осы Қарағандыда өмір сүріп жатқанын айтты. Берік деген кенже ұлы мен оның зайыбы Қаршығаның да өмірден өткеніне біраз жыл болыпты. Өлгендерге Алла иман байлығын, тірілеріне ұзақ ғұмыр берсін деп тіледім мен.
Сөйтіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғына дейін еңбек еткен, журналистік мамандықты күн көрістің көзі емес, нағыз өнер деп танып, сол жолда адал еңбегімен көрінген, кейінгілерге сонысымен үлгі болған, бірақ күн өткен сайын есімі көлеңкеде қалып бара жатқан Қалекең ағамыз туралы білетінімді қағаз бетіне түсірдім.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері.