Тарих

Ғалымның ғибратты дәрісі

Осакаров ауданынан Баянауылға таман тартқанда, Молодежный деген кент бар. Байырғы аты – Әулиетөбе. Соның маңындағы Шүршітқырғанда туған әйгілі тарихшы Жамбыл Артықбаевты биыл 60 жасқа толуына орай Қарағанды шақырып, «Bolashaq» академиясында оқыған дәрісін тілмен айтып жеткізу қиын. Екі сағатқа созылған дәрісті заң ғылымдарының кандидаты, академияның профессоры Болат Сыздық жүргізіп отырды. Сонымен, Жәкең бүй дейді:

– ХVIII ғасыр соңында Жоңғария дағдарысқа ұшырады да, қалмақтарға әр жақтан Қытай шапқыншылық жасағанда, шүршіттерге (қытай) «жеріміз кетіп қалмасын» деп, бері жақтан қазақтар басып кірді. Қазақтар екі бағыттан – Тарбағатайдан әрі Балқаштың Оңтүстігінен шабуылға шықты. Содан оларды тықсырып, Қытаймен қай жерде кездестік, біз сол жерді шекара қылдық. Бүгінгі Қазақстанның шекарасы – сол кезде жасалған шекара. Егер сонда біздің ата-бабаларымыз батылы барып сол жорыққа шықпағанда, біз Жетісудан да, Тарбағатайдан, Алтайдан да айрылар едік. Сондағы шешімді басшылар мен батырлардың арқасында осындай ұлан-ғайыр жерді алып қалды. Қазір қытайлар картасында Қазақстанның Балқашқа дейінгі өңірін өздеріне қосып алыпты деп жүрген жер – сол жер. Кезінде ата-бабаларымыз Жоңғар мемлекетінен тартып алып, Қытайдан қорғап қалған аймақ. Қазақтар жоңғарлардың соңғы қонтайшысы Әмірсанаға көмектесіп келгені – Қытай мен ортада «буфер» ретінде бір елдің тұрғанын қалады.

1930 жылдары аштық кезінде аталарымыз шекара асып кетіп, кейін 1934 жылға қарай Нұр-Сұлтан мен Көкшетау арасында алтын өндіретін кеніштерге (Бестөбе, Данилов, Степняк) келіп, жұмысқа тұрған. Орысша сауатты әкей сол кеніштің бірінде алтын іздеуші артельді басқарған. Астана мен Көкшетау арасында Жолымбет кенішін қола дәуірінің мық тастары арқылы тауып алғанын айтатын. Мықтың үйі дейді. Яғни, қола дәуірінде сол жерде алтын өндіретін кеніш болған. Қазір мыс, алтын игеріліп жатқан кеніштің барлығы қола дәуірінде өндіріс қайнап тұрған аумақтар. Қаныш Сәтбаев «көне индустриялды дәуір» деп жазады, қола дәуірін. Осыдан 6 мың жыл бұрын Қазақстан даласында өндіріс қайнап жатты. Шағын-шағын шахталар арқылы. Мәселен, әлгі Көкшетаудың жанындағы Степняктың қазақша атауы – Мыңшұңқыр. Әдейі барып көрдім. Сөйтсем, қаптаған шағын-шағын шахталар. Бір әулет шағын жерден кен қазып, алтын өндіріп отыра берген. Қазір көне сақ қорымдарын түртіп қалсаң, алтын шығады ғой. Соның бәрі осы шағын кеніштерде өндірілген. Мысалы, Жаңаарқада Атасу кешені бар. Қола дәуірінде мыс өндірген қала болған. Қола дәуіріне жататын 19 пеш шықты сол жерден. Кәдуілгі шағын домна пештері сияқты. Арқада осындай қорғандардың классикалық түрлері сақталған. Жезқазған, Қарсақбай өңірінде қола дәуірінде 1 млн. тонна кен қорытылған. Қарқаралыдағы Кент қалашығында да керемет өндіріс ошағы қалыптасты. Қазіргі Қазақстанның индустриялды картасы – сол замандағы карта. Олардан қорытылған алтын, мыс, қалайылар Оңтүстіктегі сауда керуендері арқылы әлемге – Грек, Мысыр, Қытай, Үнді мәдениеттеріне тарап жатты. Негізгі сатып алушылар солар еді. Сол байлықтың негізінде Сақ дәуірінде молшылық келді – деп бір қайырды Жамбыл Омарұлы.

Л.Гумилев кітаптарына «Арслан» деп қолтаңба қоятын болған ғой. Сөйтсе, ол журналистерге «түрік тілін қазақ тілі арқылы меңгергенмін» депті. Соғыстан кейінгі жылдарда айдауда ҚарЛаг-та, Шерубай-Нұрада бірге отырған Омар атты дос болып кеткен қазақтан біздің тілді үйреніп алғанын айтыпты. Ал, ол Омарыңыз – Жамбыл Артықбаевтың әкесі екен.

Осы тектес басқа да құнды әңгімелерге қаныққан дәріс соңында «Bolashaq» академиясының ректоры Құрал Меңлібаев Жамбыл Омарұлына аталған академияның Құрметті профессоры атағы берілгенін жариялады.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button